ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖОЛДА ҚАЛҒАН 130 ЖОЛАУШЫ ҚОНАҚ ҮЙЛЕР МЕН МЕШІТТЕРГЕ ОРНАЛАСТЫРЫЛДЫ

Түркістан облысында қар құрсауында қалған 130 жолаушы қонақ үйлер мен мешіттерге орналастырылды, деп хабарлайды Аймақ ақпарат тілшісі.

Күн райының күрт нашарлауына байланысты Түлкібас ауданының тәртіп сақшылары күшейтілген режимде қызмет атқаруда. Бір түн ішінде полиция қызметкерлері қар құрсауында қалған 130 автокөлік жүргізушісі мен жолаушыларына көмектесіп, жақын маңдағы қонақ үйлер мен мешіттерге орналастырған. Олардың ішінде шетелдіктер де бар. «Мен Өзбекстан Республикасының азаматымын. Түлкібас ауданындамыз, жолдар тайғақ болуына сәйкес полицейлер тоқтатып, қауіпсіздігімізді қамтамасыз етіп, қонақ үйлерге орналастырып жатыр. Көлікпен қозғалу мүмкін емес. Полиция қызметкерлеріне рақмет айтамын!», — дейді ол.

Тәулік бойы кезекшілікте тұрғын тәртіп сақшылары тайғақтың кесірінен жол жиегіне шығып кеткен көліктердің доңғалағына құм сеуіп, қардан тазалап, қауіпсіз аймаққа өтулеріне жәрдем беріп жатыр. «Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Аса қажеттілік болмаса ауа райы құбылған сәтте ұзақ жолға шықпау керек. Ал жол жүруге мәжбүр болған жағдайда міндетті түрде көліктің маусымға сай жабдықталып, қажеттіліктермен қамтамасыз етілгені жөн!», — дейді тәртіп сақшылары.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *