Түркістан облысында қауіпті індет жұқтырған науқастар саны күрт азайып кетті. Халқы тығыз орналасқан өңірде соңғы тәулікте ковидке шалдыққан 2-ақ адам тіркелген, деп хабарлайды Аймақ ақпарат тілшісі.
Облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметінше, бүгінде коронавирустың тәуліктік өсімі небәрі 0,01 пайызды құрайды. Ал, инфекциялық стационарларда 71 науқас ем қабылдауда. Айта кетейік, пандемия басталғалы аймақта індетті жұқтырудың 18 437 жағдайы тіркелді. Оның 13953-де симптом байқалмаған. Облыс аумағында 150 екпе қабылдау бекеті қызмет көрсетіп, бірінші компонентпен 1 046 174 адам вакцина салдырған. Екінші құрамды 1 045 940 адам қабылдаған. Ревакцинацияны 331 198 адам алған. Жалпы, Түркістан облысында «Pfizer» вакцинасының І компонентін – 180541 адам, II компонентін – 122714 адам қабылдаған. Облыстағы инфекциялық стационарларда 809 төсек орын жасақталып тұр.