Түркістан қаласы аумағында орналасқан 13 әлеуметтік дүкен мен 5 сауда үйінде 18 түрлі азық-түлік тауарлары арзандатылған бағада сатылуда, деп хабарлайды Аймақ ақпарат тілшісі. Бүгінгі таңда Түркістан облысына тиесілі тұрақтандыру қорында жалпы құны 954,9 млн теңгенің 10 033,2 тонна тауары бар. Оның ішінде тұрақтандыру қорында — 3 727,9 тонна, «Айналым схемасы» шеңберінде – 6305,3 тонна тауар сақтаулы тұр. Ал, Ескі Иқан елдімекеніндегі қоймада 102 тонна өнім бар, қалғаны жеткізушілердің қоймасында.
«Түркістан қаласы аумағында 13 әлеуметтік дүкен мен 5 сауда үйінде 18 түрлі азық-түлік тауарлары сатылуда. Мәселен, картоп пен сәбіз — 100 теңге, пияз — 70 теңге, тұз — 42 теңге, күріш — 245 теңге, қант — 315 теңге, ұн — 150 теңге, күнбағыс майы — 700 теңге, қарақұмық — 450 теңгеден сатылуда. Сондай-ақ, жұмыртқа — 34 теңге, тауық еті — 870 теңге, қырыққабат — 110 теңге, сүт 2,5% — 265 теңге, айран 2,5% — 270 теңге, сары май – 2 500 теңге, ірімшік – 1 500 теңге, бөлке нан — 70 теңге көлемінде сатылымда тұр», — деді тұрақтандыру қоры департаментінің директоры Лаура Жанасбаева. Сонымен қатар, әр жұмада Түркістан қаласындағы Экобазарда ұйымдастырылатын азық-түлік тауарлары жәрмеңкесінде тауарлар нарықтық төмен бағада тұрақты сатылуда. 2022 жылдың басынан бері 10 рет азық-түлік тауарларының жәрмеңкесі өткізілді. Жәрмеңкеде 5 млн теңге сомасына 30,1 тн. тауар сатылған.