Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында Түркістан облысының полицейлері мен Түркістан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлері интернетте экстремистік сипаттағы тыйым салынған материалдарды орналастыру дерегін анықтаған. Әлеуметтік желі қолданушыларының бірі «Вконтакте» және Telegram парақшаларында діни алауыздық белгілері бар экстремистік бейнероликтер мен мәтіндік хабарламалар жариялаған. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 256-бабы 2-бөлігі «терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру» бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. «Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Түркістан облысы полиция департементінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы мен Түркістан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлері бірлесіп, күдіктіні тұрғылықты жері бойынша ұстады. Ол Созақ ауданының тұрғыны, деструктивті діни ағымның жақтаушысы болып шықты. Оның үйін тінту кезінде жедел уәкілдер ұялы телефондар, ноутбук және тыйым салынған діни әдебиеттерді тауып, тәркіледі» — делінген Түркістан облысы полиция департментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада. Қазіргі уақытта аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.