Сауран ауданының орталығында “Nur Otan” партиясы Сауран аудандық филиалы жанынан құрылған «Парасат» пікірталас клубының «Келешектің дархандылығын – парасаттылықтан табамыз», атты алғашқы отырысы болып өтті. Кездесуді модератор, “Nur Otan” партиясы Сауран аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сағынбек Асылбеков ашып беріп, күн тәртібінде қаралатын мәселелерге тоқталды. Жиынға Сауран ауданының әкімі Ғани Рысбеков, Сауран аудандық мәслихатының хатшысы Мейрамбек Күнпейісов, клуб мүшелері, зиялы қауым өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты.

-Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында ауданда «Парасат» пікірталас клубы, халықпен тығыз байланыста жұмыс жасап, аудан аумағындағы қаралмаған өзекті деген мәселелерді бірге талқылап, пікірталас мәдениетін дамыту мақсатында ашылып отыр. Бүгінгі жиын ауданымыздағы көкейтесті мәселелерді сөз етіп, өз шешімін табуға септігін тигізеді деп сенеміз, – деді Сағынбек Асылбеков.

Пікірталаста аудандық мәселелер арасында өзекті деп танылған, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды қолдау шаралары мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, сонымен қатар кәмелет жасқа толмағандар арасындағы суицид пен ерте жүктілік тақырыптары қозғалып, қаралды. Осы ретте ауданның бөлім басшылары тарапынан баяндамалар жасалды. Баяндама барысында «Парасат» пікірталас клубының мүшелері тарапынан сұрақтар қойылып, тиісті жауаптар берілді. Жаңадан ашылған пікірталас алаңына жергілікті халықтың ұсыныстары жеткізіліп, аудан басшылары мен жиынға келген аудан ардагерлері, қоғамдық ұйымдардың басшылары өзекті деген мәселелерді ортаға салып талқылап, түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Отырысты қортындылап сөз алған аудан әкімі Ғани Рысбеков «Парасат» пікірталас клубында аудан тұрғындары мен белсенділердің пікірін, ойын білу өте маңызды екендігін жеткізді. Мұнда ой еркіндігіне, сөз еркіндігіне мүмкіндік берілмек. Отырыста өзекті мәселелер қозғалғандығын айтқан аудан басшысы алдағы уақытта пікірталасты жиі ұйымдастырып тұру керектігін жеткізді.
Шапағат СЕЙІЛХАНҚЫЗЫ.