
Сауран ауданы бойынша жергілікті басқару органдарының әдеп жөніндегі уәкілі Д. Құдияров ауылдық округ әкімдерімен және дербес бөлім басшыларымен кездесу өткізіп, әдеп кодексі бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
«Әдеп кодексі қарапайым тілмен айтқанда, ұлттық құндылықтарға, сыпайылық пен адамгершілікке, адалдыққа негізделген. Әдеп кодексінде көрсетілген нормаларды сақтау арқылы мемлекеттік қызметке және өзіңіз жұмыс жасайтын мемлекеттік мекеменің атына дақ түсірмей, үлгілі қызметші бола аласыздар», — деді Д. Құдияров.
Ауылдық округ әкімдеріне және дербес бөлім басшыларына ұялы телефонда сөйлесу, халық пен және қызметшілермен қарым-қатынас мәдениеті, қызметтік автокөлікті пайдалану нормалары, мінез-құлық стандарттары түсіндірілді. Жұмыс уақытында және жұмыстан тыс уақытта да әдеп кодексінде көрсетілген нормаларды сақтау керектігі айтылды.
«Халықпен жұмыс істегендіктен мемлекеттік қызметші ең бірінші кезекте қарапайым да сыпайы, әрі кішіпейіл болу керек. Халықпен қарым-қатынас орнатуда мәдениет сақтай отырып, олардың өтінішін заң аясында жедел шешуге тырысуы қажет. Қазіргі таңда елімізде оң өзгерістер орын алуда. Мемлекетіміздің дамуына әрқайсыларыңыздың қосар үлестеріңіз бар. Сондықтан да мемлекеттік қызметтің атына кір келтірмей, абыроймен жұмыс атқаруларыңыз керек», деді әдеп уәкілі.