АУЫЛ ЖАСТАРЫ ЖАЛҒЫЗБАСТЫ АНАҒА ҮЙ СЫЙЛАДЫ

Жетісай ауданы, Атамекен ауылдық округінде орналасқан Қоғалы елді мекенінің жастары мен ауыл жұртшылығы бірігіп, жалғызбасты анаға баспана сыйлады.
Көңіл қуантарлық іс-шараға Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Серік Прімбеков пен «Amanat» партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Әділхан Асауов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев пен ауылдық округтің әкімі Шынболат Қындыбайұлы қатысып, үйлі болған ауыл тұрғыны Қойсынай Төлебаеваны құттықтады.
«Қазақ халқы қашан да ынтымақ, бірлік мәселесіне ерекше мән беріп, оны тірліктің тұтқасы, өмірдің өзегі ретінде бағзы заманнан бағалап келген. Ауыл жастары қария,ақсақалдарымыздың тәлім тәрбиесін көріп, бірлігі мен ынтымағының мықтылығының арқасында Қойсынай анамыз бүгінде баспаналы болды. Ауылдың ауызбіршілігі бір отбасыға үлкен қуаныш сыйлап отыр. Игі бастаманың бастаушысы болған жастарға, жүзеге асуына атсалысқан азаматтарға үлкен алғысымды білдерімін. Мұндай игілікті шараның алдағы уақытта да жалғасын табатындығына сенімдімін» деді аудан әкімінің орынбасары Серік Қонысбекұлы.
Ауыл биінің айтуы бойынша ауыл жастары жалғызбасты Қойсынай анаға қасиетті Рамазан айында үй алып беру үшін қаржы жинай бастаған. Керекті көлемдегі қаржыға ауыл аймағындағы қолданыстағы үй сатып алынған. Баспананың есік, терезесін, шатырын ауыстыруға және үйді кеңейту мақсатында алдына тағы бір бөлме қосу үшін тиісті жұмыстар жүргізуге қосымша қаржыны да қарастырып қойған.
Сондай-ақ, «Елге көмек» қайырымдылық қоры Қойсынай анамызға баспанаға қажетті жиһаздар алу үшін 300 мың теңгенің сертификатын табыстаса, ағайын-туыстары мен ауыл жұртшылығының атынан да қаржылай көмек берілді. Ауыл ақсақалдары құтты баспана болсын деген тілеулестікпен ақ батасын берді.
Айта кетейік, жалғызбасты ана 10 жылдан астам уақыттан бері үй жалдап тұрып келген. Екі перзентінің бірі тұрмыста. Ауыл тұрғындары мен ағайын-туыстары отбасыға қажетті азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін қол ұшын созып келген. Дегенмен, жеке баспана алып берудің реті келмеген.
Шара соңында ізгілік істің шапағатын көріп, 4 бөлмелі өз баспанасының табалдырығын аттаған Қойсынай Көпжасарқызы қуаныштан көзіне жас алып, көмек қолын созған барша азаматтарға өз алғысын білдірді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *