Кентау қаласындағы аппараттық жиналыста сала басшылары мен ауыл әкімдеріне шаһар әкімі Рашид Аюпов бірқатар тапсырмалар берді. Әлеуметтік желіде белсенді болуға, тұрғындармен ашық жұмыс жасау қажет екенін атап өтті.
«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауына арқау болған бағыттардың бірі. Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, ел тарапынан қолдау тапқаны баршаға аян. Мәселен, әкімдік пен халық арасындағы ашықтық орнады. Осының аясында қала әкімдігі барлық атқарған жұмыстарын тікелей әлеуметтік желі арқылы тұрғындарды ақпараттандырса, екінші жағынан халықтың арыз — шағымына кері байланыс орнатып әрі жылдам жауап беруді жүзеге асыруда» деген қала әкімінің баспасөз хатшысы Ж. Алимбаева дербес бөлім басшылары мен ауыл әкімдерінің әлеуметтік желіде атқарған жұмыстары бойынша баяндады.
Кентау қаласы әкімдігіне қарасты бөлім, мекеме, ауыл әкімдіктері өз парақшаларын ашып, байланыс орнатқан. Алайда оның ішінде жұмыс жасайтыны да, мүлдем кері байланысқа шықпайтыны да, ақпарат бермейтін парақшаларда бары анықталды.

Қала басшысы әлі де желі арқылы жұмыс жасауға немқұрайлы қарайтын сала басшыларына жұмысты жүйелендіруді тапсырды. Әр айда халықпен ашық, тікелей жұмыс жасау жағы бақылауда болатынын ескертті.
«Еліміздің Президенті Қ. Тоқаевтың тапсырмасы баршаңызға қатысты. Тұрғындармен тығыз байланыста болыңыздар. Халықпен тікелей жұмыс жасау арқылы кез келген мәселенің алдын аласыздар»- деді.
Әлеуметтік желі арқылы әр сала басшыларының жұмыс жүргізуі, саласына қатысты келіп түскен арыз-шағымдарға уақытылы кері байланыс орнату бойынша айына бір реттен рейтингісін шығару ұсынысы айтылды.
Айта кетейік, Кентау қаласының тұрғындары әлеуметтік желіде өте белсенді. Бір айда әлеуметтік желі арқылы қала әкімдігі тарапынан тұрғындарға 68 ақпарат, 35 әңгімелер, 16 тікелей эфир шыққан. Тұрғындар түскен арыз-шағымдар бойынша 109 байланыс орталығы бақылауда алып жауап беруде.