
Түркістан қаласында белгілі блогер Рысбала Икрамбайдың жеке оқырмандарының яғни халықтың қолдауымен жиналған қаржының көмегімен Бабайқорған ауылының 36 жастағы тұрғыны, жалғыз басты әке Қайрат Ертаевқа Түркістан қаласындағы Сауран мөлтек ауданындағы Е.Айнабеков көшесінен 6 бөлмелі баспана мен қоса темір тұлпардың кілті табысталды.
7 баланың әкесі Қайрат Ертаев жұбайы Гүлнара Сабыржанқызымен 12 жыл отандасып, екеуі 4 қыз, 3 ұлды өмірге әкеліп, тәрбиелеп жатқан кезінде Гүлнара Сабыржанқызы ауыр қазаға ұшырайды. Әйелі көз жұмғансоң балаларының тәрбиесі мен тағдырына өзі жауапты болып қалады. Жалғыз басты әке Түркістан қаласындағы «Түркістан жарық -тазалық» ЖШС – да жұмыс жасайды.
«Ауылмен екі орта да қатынап жүремін, балаларыма алаңдаймын, екі кенже ұлдарымның туа біткен аяқтарында ақауы бар, қисық біткен, кішкентайым жақында ғана ота жасатып шықты. 116 мың айлық жалақым тамағымызға да жетпей қалады. Алланың қалауымен, халықтың қолдаумен табысталып жатқан осы баспана мен темір тұлпардың кілті бүгін қолыма тиіп отыр. Балаларымның несібесіне бұйырған жақсылық іс болар, ризамын»- деп көзіне жас алған Қайрат Ертаев өз алғысын білдірді.
Осы баспананы арайы табыстауға келген блогер Рысбала Мейрамханқызымен тілдесіп, өз пікірін білген едік.
«2021 жылдың ораза айында мұқтаж отбасыларға халық пен бірге жинаған қаражатымызға азық-түлік апарып беріп жүрдік. Сол отбасылардың ішінде жағдайы өте төмен 4 балалы ана болды, халықтың ұсынысымен сбор ашылып сол көп балалы анаға үй алып берген болатынбыз. Мұндай жоспар бізде болмаған, арнайы қор да құрылмаған. Мұның барлығы жанашыр оқырмандарым мен қайрымдылық жасауға жаны құмар қазағымның арқасында табысталып жатқан 27 баспананың кілті»- дейді блогер.
Жиын соңында көпшлілік жалғыз басты әкеге тілектерін білдіріп, жергілікті жеке кәсіпкерлер екі баланың денсаулығына деп жинаған 1млн теңге мен сый- сияпаттарын табыстады.
Арайлым МЕЙРАМХАНҚЫЗЫ.