АҚПАНДА ТУҒАН АҚИЫҚ АҚЫН МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВТЫҢ ТУҒАН КҮНІ

Ақын 1931 жылы ақпанның тоғызы күні Нарынқол өңірінің Қарасаз ауылында дүние есігін ашқан. Мұқағалидің бала кезі сұм соғыстың қасіретті жылдарына тұспа-тұс келеді. «Неңді сенің аңсаймын бала шағым, бұлдыраған айналаң ала сағым» деген ақынның анасы Нағиман Мұқағалидың өкшесін баса туған үш ұлды асырап жеткізеді. Әкесі соғыстан оралмаған.

Орта мектепті интернатта жатып бітірген жігерлі жас еңбекке ерте араласып, ауылдық кеңестің хатшысы, қызыл отаудың меңгерушісі, комсомол қызметкері, жетіжылдық мектептің мұғалімі болады. Содан Нарынқол аудандық «Советтік шекара» газетіне орналасып, қаламгерлікке бет бұрады.

Мұқағали Мақатаев алпысыншы жылдардың басында «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде, 1963-1965 жылдары «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат»), 1965-1972 жылдары «Жұлдыз» журналдарында, 1972-1973 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында қызмет атқарған. Ол — қазақ поэзиясына қайталанбас туындыларымен, отты жырларымен келген ақын. Өз шығармалары арқылы қазақ поэзиясын жаңа биіктерге көтерді.

Мұқағали поэзияда туған өнер деңгейіндегі ғана құбылыс емес. Оның өлмес өнері, қанатты поэзиясы қазақ халқының парасатын кемелдендіре түсті. Мұқағали Алматыда өмір сүрген жылдар ішінде өзіндік дара үнін, суреткерлік қайталанбас дарынын таныта білді. «Ильич» (1964), «Армысыңдар достар» (1966), «Қарлығашым келдің бе?», «Мавр» (1970), «Аққулар ұйықтағанда» (1973), «Шуағым менің» (1975) атты жыр жинақтарын көзінің тірісінде жариялап үлгерді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *