ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ ТҰРАҚСЫЗ

111 просмотров

Таяуда облыс әкімі Дархан Сатыбалды қолданыстағы тәсілдерді күшейтіп, бағаны тұрақтандыру бойынша нақты нәтиже беретін тетіктер табуды тапсырған болатын. Сондай-ақ алыпсатарларға бақылауды күшейтіп, азық-түлік пен тауар құнын негізсіз өсіруге жол бермеуді айтты. Бағаларды тұрақтандыру бойынша қазіргі таңда бірқатар шаралар қабылданып жатыр.

Соңғы аптадағы мәлімет бойынша, өңірдегі әлеуметтік дүкендерде 1 келі ұнның бағасы 200 тг, қант 480 тг, күріш — 380 тг болған.

Түркістан облысында азық-түлік тауарларының бағасына тұрақты мониторинг жүргізіліп жатыр. Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте «Түркістан» ӘКК» АҚ Тұрақтандыру қоры департаментінің директоры Лаура Жанасбаева айтты.

Лаура Сақтағанқызының сөзінше, облыс халқының 3 айлық қажеттілігінің 30 пайызын қамтамасыз ету мақсатында сәуір, мамыр, маусым айларына картоп, көкөніс өнімдеріне жергілікті тауарөндірушілермен форвардтық келісім-шарт жасалған. Жалпы көлемі 6099 тонна картоп, 2224 тонна сәбіз, 1850 тонна пияз және 2103,5 тонна қырыққабат өнімдері сатып алынды. Болжам бойынша биыл 20 мың га жерге ерте пісетін дақылдар егіліп, сәуір-шілде айлары аралығында 460 мың тоннаға жуық өнім жинау (200 мың тонна қырыққабат, 30 мың тоннадан астам сәбіз, 55,5 мың тонна пияз, 186,3 мың тонна картоп) жоспарлануда.

Сонымен қатар, биыл ғана өңірде әлеуметтік дүкендердің қатары артқалы жатыр. Түркістанда әлеуметтік дүкендер санын 50-ге жеткізу бойынша 10 жер теліміне конкурс ұйымдастырылып, дүкен салу бойынша келісімшарт жасалды. Жақын арада олардың бірқатары іске қосылмақ.

Брифинг барысында Түркістан облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасы Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына мониторинг жүргізу бөлімінің басшысы Абай Шенгелбаев бағаны тұрақтандыру мақсатында атқарылып жатқан шараларға тоқталды.

– Бағаны тұрақтандыру үшін облыс орталығында және аудандарда азық-түлік тауарлары бойынша мониторингтік топтар жұмыс атқаруда. Бағаның негізсіз өсу фактілерінің жолын кесу және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін 15%-ға арттыруға жол бермеу үшін сауда желілерімен, өндірушілермен, үй жанындағы дүкендермен түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша Түркістанда 25 әмбебап дүкен иесімен меморандум түзілді, — деді Абай Бауыржанұлы.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының Агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін несиелендіруді ұйымдастыру бөлімінің басшысы Бауыржан Қалданов облыс тұрғындары өңірде өндірілетін құс етімен – 11,7%, жұмыртқамен 45% қамтамасыз етілетінін айтты. Осыған орай, құс шаруашылығын дамыту бағытында биылдан бастап 6 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олар Ордабасы, Сайрам, Мақтаарал, Сарыағаш, Төлеби аудандарында орналасады.

Сондай-ақ, Түркістанда 2 өңдеу кәсіпорнына 100 тонна ұн және «Айналым схемасы» шеңберінде 1 кәсіпорынға 207 млн теңге несие берілген. Нәтижесінде, аталған кәсіпорындар нан бағасын 85 теңгеден сауда орындарына жеткізіп, тұтынушыға 90 теңгеден ұсынылады.

Айта кетейік, өңірде 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауары бойынша жалпы 99,3 мың тонна қоры бар. Бұл орайда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 15 түрі облыста өндіріледі. Қант, рожки, қарақұм жармасы мен күнбағыс майы көрші өңірлерден тасымалданады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.