Түркістан қалалық әкімдігінде жуырда өткен Республикалық «Қайырымдылық керуені V» байқауының үміткерлерін марапаттау рәсімі болып өтті. Шараға Түркістан қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Букебаев арнайы қатысып, жүргізіп отырды. Сондай-ақ Түркістан облысы іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Инара Намазбаева сөз сөйлеп, байқаудың құндылығы жайында айтты.
«Бұл байқау қарапайым жандарды қайырымдылыққа баулып, оларды игі іс жасауға үндейді. Біздің елімізде, өңірімізде тіпті қаламызда қайырымдылықпен айналысатын жандар өте көп. Оны осы байқау алғаш басталғаннан-ақ байқап жүрміз. Алғаш рет ұйымдастырылғанда түрлі номинациялар бойынша біздің қаламыздан үміткерлер қатысып, өтінімдерін жіберді. Осы байқаудың үшінші жылында Еркінбай Шалтан әріптесіміз де қатысып, жүлделі ІІ орынды алған болатын. Алдағы уақытта жалғасын табатын осы байқауға барлықтарыңызды қатысуға шақырамын»,- деді.
Жалпы, байқауға Түркістан облысынан 23 үміткер өтінім білдіріп, 7 номинация бойынша бақтарын сынады. Соның ішінде «Мейірім жолында» номинациясы бойынша Әсел Бимурзаева арнайы Құрмет грамотасына ие болды. Ол Астана қаласында 1 наурыз — Алғыс айту мерекесіне орай өткен салтанатты шарада марапатталған болатын.
Түркістан қаласынан қатысқан 13 үміткерге арнайы Алғыс хаттар мен гүл дестелері табысталды. Салтанатты шарада олардың әрқайсысы сөз алып, байқаудың мәніне жете тоқталды.
Жиын соңында Бақытжан Кеңесбекұлы байқаудың қайырымдылыққа үндеп, жақсы бастамалар мен игілікті іс жасауға бағыттайтындығын алға тартып, әр жыл сайын ұйымдастырылатын байқауға үміткерлерді белсенді түрде қатысуға шақырды.
«Түркістан ақпарат»