ТҮРКІСТАН: ӘЛЕУМЕТТІК ДҮКЕНДЕРДЕ АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ ТҰРАҚТАЛУДА

Бағаны тұрақтандырудың негізгі жолы әлеуметтік дүкендердің санын арттыру болып табылады. Атаулы мәселе төңірегінде  бірқатар мониторингтер жүргізілген болатын. Осы мәселеге қатысты  Түркістандағы «Қуаныш» орталық базарындағы азық-түлік бағасына мониторинг жүргізілді. Мониторинг барысында азық-түлік бағасы тексеріліп, базар басшылығы мен кәсіпкерлерге бағаны негізсіз көтермеу керектігі жайлы қатаң ескерту берілді.

Өңірде жалпы саны 13 әлеуметтік дүкен іске қосылған.  Оған қоса  заманауи үлгідегі 37 дүкен іске қосылмақ. Сонымен қатар, 15 пайыздық үстемақыдан асырмау жөнінде қала аумағындағы 25 ірі сауда орындарымен меморандумдар түзілген. Міндеттемелердің сақталуына әкімдік тарапынан тұрақты мониторингтік бақылаулар жүргізілуде. Нәтижесінде сауда үстемесінің шекті мөлшерін асыру, бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманың бұзылуы бойынша нарық субъектілеріне қатысты шаралар қабылданып, азық-түлік тауарларының бағалары 7-10 пайызға төмендетілген. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Онда бағаны тұрақтандырудың басым бағыттары талқыланды. Басты мақсат – нарықтағы бағаны тұрақтандыру.  Облыс әкімі азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз өсіру фактілерінің жолын кесуді тапсырды. Сатылымдағы әрбір тауар бойынша жағдайды күнделікті бақылауда ұстап отыру керек. Бағаны тұрақтандыру бағытында жүйелі жұмыстарды жалғастырып, азық-түлік қорын ұлғайтуды жүктеді.

«Өздеріңіз білетіндей, қазір әлем дүрлігіп тұр. Осы сәтте ел болып бірігіп, жұдырықтай жұмылып әрекет еткен жөн. Әр кәсіпкер, әр азамат өз саласы бойынша елге пайдалы жұмыс істеуі тиіс. Кәсіпкерлер мүмкіндігінше бағаны қолдан өсірмей, елдің жағдайымен санасқаны абзал. Бүгін мониторнг барысында ет, нан, күріштің бағасы қымбаттамағанын байқалды. Керісінше картоп, шекер және тауық еті сынды бірнеше тауар түрі сәл қымбаттаған. Жуырда министрлік тарапынан халық жиі тұтынатын азық-түлік өнімдеріне шектік баға қойылады. Бағаны өсірмеу үшін тұрақтандыру қорындағы өнімнің де маңызы зор. Біз мониторинг қорытындысы бойынша әкімдік пен тиісті басқармаға ұсыныстар береміз. Тексеру барысында кәсіпкерлер бағаны өтірік төмендетіп қоймауы үшін мұндай тексеру жұмыстары ескертусіз әрі тұрақты жүретін болады. Партияның аудандық және қалалық филиалдары да сауда орындарында мониторинг жүргізіп жатыр», – дейді ол.

Ал «Қуаныш» базарының басшысы Инара Әбдіғаппарова бағаны өсірмеу бағытында жұмыс жүріп жатқанын, тауарға 10-15 пайыздан артық үстемақы қоймау жағы қатаң бақылауда екенін мәлімдеді. Бүгінде «Қуаныш» базарында жылқы еті 1900 теңге болса, сиыр мен қой еті де 1800-1900 теңге аралығында саудануда. Нан 60-70 теңге аралығында.  Яғни, баға өспеген. Ал картоп бағасы 140-150 теңгеге жеткен. Көкөніс пен тауық еті аздап қымбаттаған. Облыс орталығындағы «Əзиз», «Қуаныш» базарлары мен əлеуметтiк дүкендер қалыпты режимде жұмыс істеуде. Сатып алушылардың саны қалыпты, азық-түлiк тапшылығы жоқ. Бүгінгі күнге облыс аумағындағы қоймалар мен ірі сауда нысандарында 19 атаулы тауардан 30 878 тонна өнім сақтаулы тұр. Бұл көрсеткіш күнделікті өзгеріп тұратыны белгілі. Жалпы азық-түлік қоры жеткілікті. Азық-түлік бағасының өспеуі облыс әкімдігінің тікелей бақылауында болады. Түркістан облысында бас аяғы 72 базар бар. Оның ішінде 14-і мал базары, болса,   4 автокөлік және 54 әмбебап базар халыққа қызмет етеді. Ал Түркістан қаласында 8 базар бар. Оның үшеуі – әмбебап базарлар.

Облыс әкімінің төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында жауапты басқарма басшылары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағаларының өсуін болдырмауда қолданылып жатқан шаралар туралы кеңінен тоқталды.

— Баға тұрақтандыру ахуалын байыпты түрде бақылауда ұстау, оның негізсіз көтеріліп, бейберекет кетуіне тосқауыл қою аса маңызды. Бұл жұмыстарды ұдайы назарда ұстап, туындаған жағдайларға қатысты жедел шаралар көрілу керек. Оны қайталап айта берудің өзі артық. Мониторинг жүргізумен шектелмей, нақты нәтиже көрсетіңіздер,-деді облыс әкімі.

Аталған әлеуметтік дүкендердегі азық-түлік бағасы қарапайым халыққа қаншалықты тиімді. Мәселен Түркістан қаласындағы  әлеуметтік дүкендерде қант бағасы, тауық еті, қырыққабат, сәбіз  бағасының өсуі байқалған. Ал қалған 13 тауар (нан, жарма өнімдері, қарақұмық, қартоп, құнбағыс майы, сары май, пияз, күріш, жұмыртқа, айран, сүзбе, сиыр еті, тұз) бойынша жағдай тұрақты.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшылығы жұмыртқа өндіруші кәсіпорынның бірі – Кентау қаласына қарасты «Яссы құс» ЖШС-і жыл басында С1 санатты тауық жұмыртқасын 1 данасын 44 теңгеден босатса, бүгінгі таңда бағасы 38 теңгеге төмендегенін мәлімдеді. Бұдан бөлек, жуық арада қажетті 350 тоннадан астам күнбағыс майы тұрақтандыру қорына сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылды. Сонымен қатар, аудан, қала әкімдіктері мен «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамының ұйымдастырумен мереке және демалыс күндері халыққа тиімді бағада жәрмеңке өткізілуде. Бұдан бөлек, Түркістан қаласының аумағында орналасқан 13 әлеуметтік дүкен мен 5 ірі супермаркетте ұн, қант, картоп, сәбіз, пияз, күріш, макарон, тұз арзандатылған бағамен сатылуда. 2021 жылға егілетін ауыл шаруашылығы дақылдарының болжамдық егіс құрылымына сәйкес, кеш пісетін картоп – 7,1 мың га, қырыққабат – 2,9 мың га, пияз – 2,0 мың га және сәбіз – 1,5 мың га егу жоспарланып отыр. Өндірілген өнім көлемі өңірлік тұрақтандыру қорын толықтыру үшін сатып алынады. Облыс әкімінің орынбасары бағаны тұрақтандыру мақсатында «Айналмалы схема» аясында несиелендіру жұмыстарының тым баяу жүргізіліп жатқанын айтты. Сонымен қатар, тауарлық интервенция жүргізу, Тұрақтандыру қорында азық- түлік тауарларының қорын қалыптастыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жеткіліксіз екенін ескертті. Осыған орай, «Айналмалы схема» аясында сауда үйлері мен тауар өндірушілерге несие беру мәселесін одан әрі пысықтауды, апта сайын тұрақты түрде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін ұйымдастыруды, азық түлік тауарларының бағасын негізсіз көтерген өндіруші кәсіпорындар мен жеткізіп беруші кәсіпкерлер бойынша нақты жұмыстар атқару туралы тиісті тапсырмалар берді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.