Баспана құрылысын дамыту үшін мемлекет жыл сайын инженерлік коммуникациялардың жаңа желілерін салуға басымдық беріп келе жатқаны мәлім. Мәселен, былтыр 116,4 млрд теңге бөлініп, 3,8 мың шақырымнан астам инженерлік желі тартылды. 2023 жылы жалпы ұзындығы 3,3 мың шақырым инженерлік инфрақұрылымды салуға 80,5 млрд теңге қарастырылған. Сондай-ақ жекеменшік құрылыс секторын дамыту мақсатында жеке тұрғын-үй құрылысына жер учаскелерін инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жөніндегі жобаларды іске асыру өз жалғасын тауып жатыр.
«Биыл 34,3 млрд теңгеге 96 жобаны жүзеге асыру басты міндет. Жылдың соңына дейін 33,6 мың жер учаскесі қажетті инфрақұрылыммен қамтылады. Оның ішінде 20 мыңы ауылды жерлерде және 13,6 мыңы қалалық елді мекендерде орналасқан», – деді Марат Қарабаев. ИИДМ басшысы ескірген тұрғын үйдің мәселесін де атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстандағы 54 мың көппәтерлі тұрғын үйдің 17 мыңы күрделі жөндеуді қажет етеді. 2022 жылы еліміздің 11 өңірінде 215 көппәтерлі баспанаға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Шығынның жалпы көлемі – 11 млрд теңге. Осы арқылы күрделі жөндеуді қажет ететін кондоминиум нысандарының үлесі 32%-дан 31,1%-ға дейін төмендеді.
Түркістан облысына қарасты, Сарыағаш ауданында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі жанындағы тұрғын үй комиссиясының кезекті отырысы өтті. Кезекті отырыс аудан әкімінің орынбасары Бахытжан Полатовтың төрағалығымен өтті.Сондай-ақ, ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы, комиссия мүшелері және күн тәртібіндегі мәселелер бойынша тұрғындар қатысты. Басқосуда қозғалған басты мәселелер коммуналдық үйді жекешелендіру, ай сайынғы жалдау шартын азайтып беру, коммуналдық үйден бос тұрған пәтерге көшіру коммуналдық арендалық жатақханадан пәтер беру сынды тұрғындар талабы талқыланды. Талаптардың қаралуы барысында коммуналдық үйді жекешелендіруге және коммуналдық үйден бос тұрған пәтерге көшіруге келісім берілді.
Алайда Түркістанда тұрғын үй саласына инвестиция көзі күшейді. Себебі өңірде тұрғын үй саласына инвестиция салуға қызығушылық білдіргендер саны артып отыр. Жақын уақытта заманауи кешендер көбеймек. Түркістанның тұрғын үй нарығына кіруді жоспарлаған «BI Group» холдингі облыс орталығында заманауи тұрғын үй кешендерін салуды көздеп отыр. Сонымен қатар, дайын баспаналардың несиелік және мемлекеттік бағдарламалармен берілуі қарастылады. Инвестиция аясында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «BI Group» холдингінің өкілдерімен кездесіп, бірқатар жобалармен танысты. Қажетті өзгертулер енгізіп, салынған үйлердің сапасына мән беруді басты назарда ұстауды міндеттеді.
Еуропалық брендтермен тығыз жұмыс істейтінін айтқан компания өкілдері инфрақұрылымға басты аса мән беріп, құрылыста ең сапалы құрылыс материалдары пайдаланатынын айта кетті. Сондай-ақ, «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының қолдауымен бірлесіп жобаны іске асыру мәселесі қарастырылуда. Сонымен қатар жаңа баспаналар қаладағы әкімшілік-іскерлік орталықта бой көтеретін болады. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды инфрақұрылымға баса мән беру керек екендігін айтып, басты талап сапаға мән беру маңыздылығын алға тартты.
— Абаттандыру да назардан тыс қалмайды. Балаларға арналған алаңшалардың қауіпсіздігіне үлкен көңіл бөлу керек. Сапалы, қолжетімді, халыққа жайлы баспана салу бағытында Түркістанда түрлі жоба-жоспарлар жүзеге асады. Оның барысы қатаң бақылауда болады, – деді облыс әкімі.
Инфрақұрылымды дамыту бағытында облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өңірде жүзеге асатын жаңа жобалармен танысу бойынша апта сайын басқосулар өтіп жатыр. Сондай-ақ, Түркістанның кешенді дамуына бағытталған жаңа жобалар талқылануда.
Сонымен қатар, өңірде тұрғын үйге өтінім беру бойынша конкурс басталды. Түркістан қаласындағы Әкімшілік іскерлік орталығында орналасқан «Тұран» тұрғын үй кешені бойынша 17-блок, 18-блок, 19-блок, 20-блоктарға «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында конкурс басталады. Аталған тұрғын үйге өтініштер 24 сәуір мен 24 мамыр аралығында ЖАО-да үй кезекте Түркістан облысы бойынша тұрған Банк салымшыларынан қабылданады.
Қазір республиканың тұрғын үй қорында ескі және апатты деп танылған 3,7 мың үй бар. Бұл меншік иелерінің мәселелерін шешіп, елді мекендердің сәулеттік келбетін жақсарту үшін жаңғырту бағдарламалары өзектендірілетіні белгілі болды.«2029 жылға қарай апатты және тозығы жеткен 1,5 мың үйді бұзып, 40 мың шақты меншік иесінің тұрғын үй мәселесін шешу жоспарланып отыр. Биыл 3 мыңнан астам азамат тұратын жоғарыда айтылған үлгідегі 120 құрылыс нысанын бұзу қарастырылған», – деді М.Қарабаев.