Жалпы, кәсіп бастаймын деушілерге мемлекет қашанда қолдау көрсететіні анық. Сондай-ақ, Түркістан облысында Бизнеске жол жобасы аясында 1060 кәсіпкердің құқығы қорғалады. Бүгінде халық мемлекеттік грант арқылы кәсіп ашуға болатынын жіті түсінді. Бұрындары қаражаты болмай, қабілетін кәсіпке айналдыра алмай жүргендердің қатары қалың болатын. Бүгінде бұл мәселе шешімін тауып келеді. Бизнес саласына қадам басып, өзін де өзгені де жұмыспен қамтып жатқандарды жиі көретін болдық. Нәтижесінде аталған мемлекеттік грантқа өтінім беруге ниеттілер саны да уақыт өткен сайын көбейіп келе жатыр. Бүгінгі материалымызда Кентау қаласында жүзеге асқан жұмыстар жайын тарқата жазуды жөн санап отырмыз.
Солардың бірі Кентау қаласында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін өткен жылға 173 адамға мемлекеттік грант беру жоспарланған болатын. Осыған байланысты, өткен жылы сәуір, тамыз, қыркүйек, қазан айларында мемлекеттік грантқа Business.enbek.kz порталы арқылы жалпы 4 лек бойынша 616 үміткердің өтініші қабылданған. Тұрғындардың жобалары комиссия отырысында қаралып, бірқатар санаттар бойынша қабылданды. Атап айтсақ, жастар санатынан 102, атаулы әлеуметтік көмек алушылар бойынша 4, мүгедектігі бар азаматтардан 20, көпбалалы 43, мүгедек балаға қараушы 11, асыраушысынан айырылғандар қатарынан 2 адам қатысты.
Нәтижесінде жалпы 182 адамның жобалары мақұлданып қаржыландырылды. Ұсынылған қызмет түрлері бойынша кондитерлік өнім – 16 жоба, мал шаруашылығы – 31 жоба, сұлулық салоны – 18 жоба, тігін шеберханасы – 25 жоба, жартылай дайын тағамдар – 6 жоба, жиһаз жасау – 4 жоба, құс және балық шаруашылығы – 7 жоба, көшет-бұталар – 2 жоба, автокөлікке қызмет – 14 жоба, оқу орталығы және компьютерлік қызмет – 16 жоба, басқа қызмет түрлері – 43 жоба. Бұл жобаның басты мақсаты – кәсібін жаңадан бастағалы отырған немесе кәсіп ашқысы келетін жандарға мемлекет тарапынан көмек беру, тұрғынды қиын жағдайдан шығару, еңбекке баулу. Айта кетейік, 2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылы кәсібін дамыту үшін мемлекеттен қайтарымсыз қаражат алуға өтініш білдіргендер саны артқан. Бұл тек Кентау қаласында ғана емес жалпы Түркістан облысында байқалып отырған тенденция. Жыл сайын мемлекеттік грант арқылы кәсіп ашып, бизнесін дөңгелеткісі келетіндердің қатары қалыңдап келе жатқаны белгілі. Мұның өзі салада атқарылып жатқан жемісті жұмыстардың нәтижесін аңғартса керек…
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өз Жолдауында ең алдымен елдің экономикалық жағдайын жақсартып, халықтың әл-ауқатын көтеру керектігін атап өткен болатын. Бұған ерекше назар аударған ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі тұрғындардың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін талаптарды күшейтті. Осы ретте әр аймақтың ерекшелігі ескеріліп, «Сыбайлас жемқорлық тәуекелдер» Картасы әзірленді.
Осы орайда, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Дәулет Нарымбетов Президент реформасының өз нәтижесін беріп отырғанын атап өтті.
Оның мәлімдеуінше, Тәуекелдер картасында процестердің ашық болмауына, әкімшілік кедергілердің болуына, заңнаманың жетілмегендігіне байланысты шешімін таппай жүрген көкейкесті мәселелердің тізбесі айқындалды. Дәл қазіргі сәтте біздің жұмыстың негізгі бағыты да — осы тәуекелдер картасы. Біздің аймақ бойынша Картаға енгізілген салалар мен тәуекелдер қатарында білім беру, медицина, ауыл шаруашылығы және жер қатынастары, әлеуметтік қолдау, құрылыс және инфрақұрылым, сондай-ақ, тұрғын үй салалары бар. Білім беру саласында жүргізілген сыртқы талдау нәтижесімен жалған дипломдарды пайдалану, сотталған педагогтарды жұмысқа орналастыру, сапасыз оқулықтарды сатып алу, жұмысқа негізсіз қабылдау, бақылаушы органдарды біржақты тексеру, біліктілік санаттарын заңсыз беру сияқты фактілер анықталды.
Сонымен қатар, кезекте тұрған азаматтарға кезектен тыс тұрғын үй беру фактілері, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көпбалалы отбасыларды тұрғын үй кезегінен себепсіз шығару деректері анықталды. Осы салада сыртқы талдау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Одан бөлек, ауыл шаруашылығы саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ауқымды талдау жұмыстары жүргізілген. Осы ретте субсидиялау саласына қатысты бірқатар заңбұзушылықтар әшкереленді. Талдау көрсеткендей, субсидияны жымқыру үшін жылдан-жылға бірдей схемалар қолданылып келген. Өңірде ауыл шаруашылығына қатысы жоқ тұлғаларға субсидия бөлу, шығынды кәсіпорындарды инвестициялау және тағы басқа кемшіліктер анықталған. Ал жер қатынастары саласында мемлекеттік мұқтаж үшін жерлерді негізсіз сатып алу, бағасын қолдан көтеру, жерлерді негізсіз беру бойынша талдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, сумен жабдықтау жүйелерін қайта құру жобасына бөлінген қаржыны жымқыру және сапасыз жұмыс атқару тәуекелінің алдын алу шарасы жүргізілді.
Департаменттің превенция басқармасының басшысы Ержан Жүнісов кәсіпкерлерді қорғау бойынша іске қосылған «Бизнеске жол» жобасының тиімді тұстарын тарқата айтты.
– «Бизнеске жол» жобасы аясында енді кәсіпкерлер түрлі әкімшілік кедергілерге ұшырамайды және құжат рәсімдеу кезінде әуре-сарсаңға түспейді. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілер қабылдайтын шешімдердің мерзімдері мен ашықтығы сақталады. Аталған жобаны Түркістан облысында жүзеге асыру барысында түрлі әкімшілік кедергілер мен құжаттарды ресімдеу кезінде әуре-сарсаңға түскен 1060 кәсіпкердің құқығы қорғалды. Жұмыс күндері әрбір кәсіпкердің мәселелері жеке тыңдалып, шешу жолдары қарастырылады. Әр дүйсенбі күні Түркістан облыстық кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлер үшін жеке қабылдау өткізіледі, — деді Ержан Әліұлы.
Бизнес өкілдеріне, кәсіпкерлерге жерді ресімдеу, сәулет және басқа да бақылаушы органдардан рұқсат алу, коммуникацияларды қосу, сондай-ақ мемлекеттік қолдауды, яғни несиелер, гранттар мен субсидиялар алу кезінде кедергілер кездесіп жатса, 1424 ???? орталығына хабарласуларына болады.
Жалпы, Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде биыл елімізде халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырыла бастады. Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл шаруашылығы саласына арналған 2,5 пайыздық несие беру басталып кетті. Бағдарламаны жүзеге асыруға биыл облыс шаруалары үшін бюджеттен 20 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінді.
Жоғарыда айтып өткеніміздей мемлекет барынша қолдауға дайын. Осы мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсібінің нәсібін көріп отырған отбасылар легі жетерлік. Мәселен Сарыағаш қаласында «Табысты отбасы» жобасы арқылы кәсібін жаңадан бастаған түлектердің жұмысы таныстырылды. Шараға Сарыағаш ауданы әкімнің орынбасары Алдияр Қозыбаев, «Табысты отбасы» жобасының авторы Айжани Нұрланова және жоба тәлімгері Ұланбек Нұрманов қатысты.
«Сұлулық кабинеттерінің, шағын тігін және кондитерлік цехтардың ашылуы, жоба іске қосылған барлық бес облыста үйде жұмыс істейтін қатысушылардан келген тамаша чектер – «Табысты отбасы» жобасының жемісі. Бұл қатысушылардың оқуы да, сүйемелдеуі де дұрыс құрылғанының дәлелі. Түлектерімізді сұлулық кабинетінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын», — деді Айжани Нұрланова.
Сапардың келесі нысаны — «Әдемі» ательесі болды. Мұнда «Табысты отбасы» жобасының бірнеше түлегі жұмыс істейді. Қатысушыларды «Тігін ісі» бейіндік бағытына үйреткен шебер тігінші жоба соңында төрт түлекті өз ательесіне шақырған. Әйелдер «Тұсау кесуге» арналған ұлттық киімдерден бастап автобус орындықтарына қажетті қаптарына дейін тігу үшін кез келген тапсырыстарды алады. «Бүгін мен бақытты адаммын деп сенімді түрде айта аламын. Өйткені менің отбасым, балаларым және сүйікті ісім бар, ол маған өз ісіммен айналысу ғана емес, сонымен қатар, табыс көзі. Мұның бәрі «Табысты отбасы» жобасының және «Samruk-Kazyna Trust» қорынан алған гранттың арқасы. Мұнда тігін машиналарын көріп отырсыз, соларды пайдаланып біз жұмыс істейміз және клиенттеріміздің тапсырыстарын орындаймыз», — деді жас кәсіпкер Айсұлу Бегниязова.
Естеріңізге сала кетейік, «Табысты отбасы» әлеуметтік жобасы өткен жылдың 1-ші желтоқсанында республиканың бес пилоттық өңірінде Абай, Жетісу, Ұлытау, сондай-ақ Түркістан және Ақтөбе облыстарында іске қосылды. «Табысты Отбасы» жобасының оқыту бағдарламасы халықтың неғұрлым осал топтарының өкілдерін, оның ішінде көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың мүшелерін, сондай-ақ балаларды жалғыз және ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды, табысы төмен отбасылардан шыққан жастарды кешенді оқытуға бағытталған.
Елімізде қайтарымсыз грант алып өздерін басқаша қырынан дамытып жатқан жандар қатары күн санап көбеюде. Солардың бірі қайтарымсыз несие алып, өз кәсібін ашқан Арыстық тұрғын Азамат Әбіл өткен жылы «Бизнес-бастау» курсынан өтіп, сертификат иесі ретінде өзі ұсынған бизнес-жоспарын ойдағыдай қорғап шыққан. Тиянақты жасалған бизнес жобасына жас кәсіпкер 583400 теңге қайтарымсыз грант алып, жұмсақ жиһаздар мен кілемдерді тазалауға арналған роторлы машина, арнайы шаңсорғыш сияқты құрал-жабдықтар сатып алған. Ұқыптылық пен асқан төзімділік, сыр алдырмас сабырды қажет ететін көлік және үй жиһаздарын тазалау ісіне бүгінде сұраныс көп. Кәсіпкердің жұмыс барысы мынандай яғни ол тапсырыс берушілердің үйіне барып, жиһаз, кілемдерін химиялық тазалаумен айналысады. Жас кәсіпкердің айтуынша, тапсырыс берушілердің дені – қала тұрғындары мен мейрамхана, дәмхана иелері.– Мемлекет тарапынан қолдау тауып, жаңаша кәсіп бастадым. Біз ұсынатын қызмет өте қолайлы. Себебі үй жиһаздарын тұрған жерінде химиялық тазалықтан өткізіп, арнайы аппаратпен кептіріп береміз. Бүгінгі таңда тапсырыстар күн сайын артып келеді. Осының барлығы адал еңбек пен үздіксіз ізденістің нәтижесіндегі жетістіктер. Сондықтан өзім секілді жастарға қай істе болсын табандылық таныту қажет дер едім,– дейді жас кәсіпкер Азамат Рақымжанұлы. Жас кәсіпкердің алға қойған жоспарлары көп. Алдағы уақытта ол өз кәсібін кеңейтіп, осы бағыттағы жұмыстарын әлі де дамытқысы келетін айтады.
Қайтарымсыз грант аясында кәсіпкерлікке бет бұрғандар қатарында 21 жасар Арыстық тұрғын Алексейде бар. Арыстықтар мемлекет тарапынан берілген көмекті тиімді пайдалануда, яғни басқа аудандар арасында алдыңғы қатарда деуге де болады.
Жас кәсіпкер Алексей Радивил. Ол өткен жылы Арыс қаласы әкімдігі «Халықты жұмыспен қамту» орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, «Бизнес бастау» оқуын оқып, мемлекеттік грантқа қатысу үшін «Ет бағытында бордақылау кәсібі» ісі бойынша бизнес жоспарын ұсынып, жобаны комиссия мүшелерінің алдында сәтті қорғап шыққан. Нәтижесінде 400 АЕК (1 225 200) көлемінде грантқа қол жеткізіп, қаражатқа төрт бас бұқа сатып алған. Оның үшеуі қазақтың етті ақбас сиыры. Оның айтуынша,
«Әкем бала кезімде мал бордақылаумен айналысты. Ғаламторды ақтарып, мүйізді ірі қараның толайым табысқа жетелейтініне көзім жетті. Қалалық Жұмыспен қамту бөліміне құжат өткізіп, грант жеңіп алдым. Алдағы уақытта ірі кәсіпкерлердің тыныс-тіршілігінен көріп-білгенімді өз кәсібімде қайталап көрмек ойым бар,» – дейді 21 жасар Алексей Радивил. Жас фермердің айтуынша қара малдың ішінде оңдысы да, қоңдысы да қазақтың төл малы – ақбас сиыр. Айтуынша бір жастан асқан бұқашығы 200-215 кг ет береді екен. Алексей анасы мен інісі үшеуі отбасылық кәсіпті жандандырып, алдағы уақытта сүтті бағытта да шаруашылықты дамытуды жоспарлап отыр.
Сонымен қатар Түркістан облысына қарасты Созақ ауданының тұрғындары арасында кәсіпке бет бұрғандар қатары көбеюде.
Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбековтың айтуынша:
– Биыл ауданда 445 млрд 26 млн теңгенің жалпы өңірлік өнімі өндірілді. Сондай-ақ, 10 айда 40 млрд 762 млн теңге инвестиция тартылды. Одан бөлек, 25 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу межесі белгіленіп, тапсырма толық орындалды. Айта кетейік, 24 адам қысқа мерзімді оқуға, 253 азамат жастар практикасына, 83 адам әлеуметтік, 1269 адам қоғамдық жұмысқа, 23 азамат алғашқы және 1158 адам тұрақты жұмыс орындарына жолданды. Ал 80 азамат мемлекеттік гранпен қамтылса, 511 адам «Бизнес бастау» бойынша оқуға жіберілді, — дейді аудан басшысы.
«Бастау Бизнес» жобасы бойынша Ордабасы ауданында биыл 173 азаматқа жаңа бизнес идеялары үшін грант беру жоспарланып отырған көрінеді. Ордабасы ауданының орталығы – Темірланда «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы 3 айлық қысқа мерзімді оқу курсынан өтіп, грант алған Ләйлә Әбдімәжитқызы өз кәсібін бастап кетті. Темірлан ауылындағы Қазыбек би көшесінің бойынан тігін шеберханасын ашқан іскер әйел жаңа бизнес идеяларға арналған жобадан 200 АЕК көлемінде грант иеленген. «Aisha» тігін шеберханасының ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Қыдырбай Сейітқұл қатысып, кәсіп иесінің игілікті ісіне сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, кәсіп иесі бүгінде күрке тауығын өсіруді де қолға алған. Кәсібін бастамас бұрын нарықты зерттеген ол қазіргі таңда құс етіне сұраныс жоғары болып тұрғанын байқаған. Алдағы уақытта инкубациялау бағытын қолға алып, қолындағы күркелер санын 500-ге жеткізуді жоспарлап отыр. Кәсіптің көзін тапқан жас кәсіп иесі бүгінде күрке өсіруді жетік меңгеріп алған. Жас кәсіп иесі алдағы уақытта мемлекеттен 2,5 пайыздық несие алып, кәсібін кеңейтуді жоспарлауда.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында берілген қаражаттың мақсатты жұмсалып, кәсіпкерлер қатарының артуы-бірінші кезекте елдегі жұмыссыздық деңгейі төмендеп, әлеуметтің әлеуетін арттыруда тиімді тәсіл болмақ.
Айта берсек кәсібінің нәсібін көріп отырған жандар жетерлік. Солардың бірі Сарыағаштық Бақдәулет Нұрғалиұлының ағаш өңдеу шеберханасын айта аламыз. Ал аудан басшысы жас кәсіркерлердің жұмыс барысымен танысып қайтты.
— Ауданда жек кәсіпкерлер санының артуы бұл саланың қарқынды дамып келе жатқандығының айғағы. Дана халқымыз «Еңбек – ырыстың қадірі» дегендей бастаған ісіңізге сәттілік тілеймін, атқарып жатқан еңбегіңіздің берекесін берсін!, — деді аудан басшысы.
Иә мемлекеттің мұндай қолдауының арқасында қаншама тұрғын өзінің ашылмаған қырлары мен сырларын игі жағына пайдалануда әрі жұмыссыз жастарды еңбекке баулуда. Осы секілді жүйелердің арқасында елімізде neet санаттағы адамдардың қатары азаятыны сөзсіз.