Түркістан облысына қарасты климаты егіншілікке бейім Шардара ауданында биыл ауылшаруашылық дақылдарын егу бойынша жұмыстар қарқын алды. Биыл аудан аумағындағы 60 мың гектар жер егіншілікке берілді. Нақтырақ айтар болсақ,
Шардара ауданында биыл 57 800 га жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарлануда. Атап айтқанда, күздік бидай – 1100 га, жаздық арпа – 1500 га, күріш – 1200 га, дәндік жүгері – 3560 га, маш – 670 га, мақта – 11200 га, ескі жоңышқа – 20010 га, жаңа жоңышқа – 4100 га, сүрлемдік жүгері – 4250 га, картоп – 250 га, көкөніс – 600 га, бақша – 9360 га. Бүгінге дейін күздік бидай, жаздық арпа, жаңа жоңышқа мен картоп 100%-ға егілді. Көктемгі егіс жұмыстары жалғасуда.
2023 жылы мақтаның егіс көлемі өткен жылмен салыстырғанда 4443 гектарға азайтылды. Оның орнына мал азығы және бақша дақылдарын егу көлемі артады.
Ауыл округтері бойынша осы жылғы көктемгі егіске байланысты сор шаю мен ылғалдандыру (сор шаю – 15643 га, ылғалдандыру – 20974 га) бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда Қызылқұм магистралды каналы арқылы (КМК) 20 м3/сек ағын су босатылуда. Сор шаю жұмыстары 100% орындалған. Қалған 20974 га егістік алқапқа ылғалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Ағын су жеткізіп беруде мәселелер жоқ.
Ауданда аса қауіпті зиянкестермен күресу үшін ұйымдастыру және үйлестіру жұмыстарын жүргізу мақсатында аудандық штаб құрылды. Аса қауіпті марокко шегірткесі мен басқа зиянкестерге қарсы 2480 га өңдеу жұмыстары жоспарлануда.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау мақсатында көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге биыл ауданға жалпы көлемі 2860,0 тонна жанар-жағармай бөлінді.
Жуықта ғана ауыл шаруашылығы саласын қолдау мақсатында аудан прокурорының ұйымдастыруымен мәжіліс өткен болатын. Аудан прокурорының бастамасымен «Ауыл ел аманаты» бағдарламасы аясында кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан бөлініп жатқан несиелік бағдарламалар мен субсидиялық жеңілдіктер жайлы, кәсіпкерлердің өзекті мәселелерін талқылау туралы ауыл тұрғындарымен шаруалар және АӨК төрағаларымен дөңгелек үстел өткізілді.
Жинға аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Шардара аудандық филиалының директоры Ж.Қамбаров, аудандағы құзырлы мекемелер өкілдері, кәсіпкерлік, ауылшаруашылығы, жер қатынастары бөлімдерінің қызметкерлері, жұмыспен қамту орталығының мамандары, «Ырыс» МҚҰ аудандағы өкілі және кәсіпкерлер қатысып отырды. Жиынды Шардара ауданының прокуроры Р.Абдраймов ашып жүргізіп отырды. Ауылшаруашылық саласының өзекті мәселелерін түсіндіріп, тараптардан туындаған сұрақтарға жауап берілді. Жиында ауылшаруашылық мәселелері: минералды тыңайтқыштарды субсидялау мен жеңілдетілген дизель отыны жөнінде, қыс және жаз мезгілінде бөлінетін ағынсуды оңтайлы мерзімде босату, ауыл шаруашылығына бөлініп жатқан жеңілдетілген несиелер бойынша тоқталып өтті.
Аудан прокуроры кәсіпкерлерге «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасымен ашықтық қағидаларына сәйкес, кәсіпкерлерге ойларын еркін жеткізе отырып және ұсыныстар мен өтініштер бақылаусыз қалмайтынын, тиісті жұмыстар жүргізілуін өз бақылауында екендігін мәлімдеді. Сонымен қатар әр айдың 19 жұлдызында дөнгелек үстел өткізуді ұсынды.
Сондай-ақ кәсіпкерлер мен тұрғындар тарапынан рұқсатнама құжаттарын алу кезінде, қаржы даму мекемелеріне құжаттарды дайындау барысында сыбайлас жемқорлықты болдырмау, құқық бұзушылықтың алдын-алу шаралары және жол бермеу маңыздылығын ескертті.
Егіншілікке байланысты Биыл Жетісай ауданында 79,2 мың гектар жерге егін егілді.
Аграрлық саланы негізгі табыстың кілті мен сарқылмас көзіне айналдырған Жетісай ауданында саланың дамуына мемлекеттік деңгейде екпін салынған. Кешенді жоспарлар мен жүйелі жұмыстардың нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласында ілгерілеу бар. Биыл ауданда 79,2 мың гектар алқапқа түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған. Атап айтқанда, 44 мың гектар жерге мақта, 19 мың гектардан астам жерге бақша, 3,5 мың гектар алқапқа көкөніс және 11 мың гектардан астам жерге мал азықтық дақылдары егу шаралары қызу жүргізілуде.
Диқаншылығын ақпан айынан бастайтың шаруалар бүгінде 1700 гектардан астам жерге көкөніс, 15,9 мың гектар жерге бақша, 16 мың гектардан астам алқапқа мақта және 4 мың гектардан астам алқапқа мал азықтық дақылдарын егіп үлгерген. Науқан әлі де жалғасуда. Ал ерте егілген қырыққабаттан 1170 тонна өнім алынып, Алматы, Астана, Шымкент қалаларымен қатар басқа да облыстарға, сондай-ақ, Рессей мен Беларусия елдеріне экспортталуда.
Айта кетейік, аудан дихандарының көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге бөлінген 7020 тонна жеңілдетілген жанар-жағармайдың 4226 тоннасы талон жүйесі арқылы таратылған. Бөлінген жанар-жағар май ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің егістік алқаптарына сәйкес бекітіліп, «JOL YRYSY» ЖШС, ЖК «Әуезов», «РосАзияНефть» ЖШС, «TS Нефтьпродукт» ЖШС арқылы 1 литрі 206 теңгеден босатылуда.
Төлеби ауданында егіс алқаптарында шаруалардың жұмысы қыза түсті. Ауыл шаруашылығы саласының мамандары көктемгі дала жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ауданда 2023 жылдың өніміне үй іргелік жерлермен қоса 65636 га жерді игеру жоспарлануда. Атап айтсақ, күздік бидай – 9690 га, жаздық бидай – 4977 га, ноқат – 100 га, арпа – 7305 га, дәндік жүгері – 5 га, майлы дақылдар – 10841 га (оның ішінде: мақсары – 10796 га, күнбағыс – 45 га), ескі жоңышқа – 24569 га, жаңа жоңышқа – 4770 га, картоп – 1296 га (егілгені 15,3 га), көкөніс өнімдері – 1858,3 га болса, егілгені 87 га. Оның ішінде, қазірдің өзінде күздік және жаздық бидай, арпа, дәндік жүгері, майлы дақылдар мен жаңа жоңышқа 100% егілді.
Аудан көлемінде 31152 га жер жыртылып, жоспар бойынша жұмыстар толық атқарылған. Егіс алқабына қажетті тұқым дер кезінде жеткізілген. Алқаптарды минералды тыңайтқышпен (аммиак селитрасы, карбамид) тыңайту жұмыстарын жүргізу мақсатында облыс әкімдігінің қаулысы бекітілді. Қаулыға сәйкес, қазіргі таңда шаруалар тікелей «Каз Азот» ЖШС-не өтінім тастап, құжаттарын рәсімдеуде. Көктемгі дала жұмыстарына 2535 тонна жанармай бөлініп, оны босату бағасы литрына 203 теңгені құрады. Көктемгі дала жұмыстары «Кең дала» бағдарламасы бойынша «Ырыс МҚҰ» ЖШС арқылы 6 агроқұрылым, 44,3 млн. теңге несие (5 пайызбен) алып, кәсіптерін жандандырып отыр.
Аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, 2023 жылдың 3 айында ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 8 млрд. 534 млн теңгеге жеткен.
Сонымен қатар Түркістан облысына қарасты бірқатар аудандар көктемгі зиянкестермен қарсы күрес шараларын жүргізді.
Көктем, жаз айларында егіншілікпен айналысатын аумақтардың басты мәселесі дәнді-дақылдарға кері әсерін беретін зиянды жәндіктермен күресу екені анық. Осы мәселеге байланысты Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірде көктемгі дала жұмыстары, диқандарға қолдау көрсету шаралары, Марокко шегірткесіне қарсы күрес күшейтілді. Облыс басшысы зиянкес жәндікке қарсы күреске қаржыны уақтылы бөлуге ықпал етіп, жұмыстар басталып кетті. Жалпы, Түркістан облысы бойынша 2023 жылға аса қауіпті Марокко шегірткесіне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары жер үсті желдеткіш бүріккіштерімен 59050 гектарға және әуемен 8240 гектарға жоспарланған.
Бүгінгі күнге Марокко шегірткесінің таралу аумағын зерттеуге жоспарланған 705 мың гектар алқаптың 392 мың гектар алқабы зерттелді. Экономикалық зиянды шегінен асқан алқап облыс бойынша 16800 гектарды құрайды.
• Химиялық өңдеу жұмыстары 2023 жылдың 8 сәуір күні Сарыағаш ауданының Дарбаза ауыл округінде басталды. Сарыағаш ауданы бойынша экономикалық зиянды шегінен асқан 10280 гектар алқаптың 9240 гектарында химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді.
• Арыс қаласында экономикалық зиянды шегінен асқан 3890 гектар алқаптың 3645 гектары өңделіп, 5 жер үсті желдеткіш бүріккіштері жұмыс істеуде.
• Келес ауданы бойынша 1770 гектар алқаптың 1575 гектары 2 жер үсті желдеткіш бүріккіштерімен өңделуде.
• Сауран ауданы бойынша 610 гектардың 260 гектарында химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді.
Облыс бойынша бұл жұмыстар «Авиа компания Дельта-Юг» ЖШС-не қарасты 20 дана жер үсті желдеткіш бүріккіш техникаларымен жүргізілуде. Сонымен қатар 1 АН-2 ұшағы қолданылып жатыр.
Айта кетсек, Сарыағаш ауданы бойынша биыл аса қауіпті Марокко шегірткесіне қарсы қарсы 23 мың 620 га жерді химиялық өңдеу жоспарланған. Аталған фитосанитариялық іс-шаралардың тиімді жүргізілуін бақылау және үйлестіру мақсатында инспекция тарапынан ауданға 11 техника, 1 АН-2 ұшағы және 22 адам жұмылдырылған.
Осы орайда Келестік диқандар да егіншіліктен алдыңғы қатарда екені анық. Өздеріңізге мәлім Келес ауданы — ауыл шаруашылық өнімдерінің экспорттық әлеуеті жоғары шекаралық аумақ болып саналады. Аудан тұрғындарының басты тіршілік көзі – ауыл шаруашылығы саласы. Өткен жылы ауданда алдыңғы қатарлы озық технологияны қолдана отырып, жылына 2-3 рет өнім алу бойынша 325 жоба немесе 1 502 гектарды құрайтын егістік алқаптарға егін егіліп, 89,3 мың тонна бақша және көкөніс өнімдері өндірілген. Сонымен қатар бүгінгі таңда ауданға қарасты Жүзімдік ауылдық округіндегі «Серік» шаруа қожалығы бір жерден үш өнім алып отыр. Атап айтқанда, қожалық биыл картоп, шалғам, қызылша ексе, үшінші өнім ретінде күздік қырыққабат отырғызады. Қожалық бүгін алғашқы өнім ретінде 25 соттық жерге орналасқан шалғам көкөнісін жұлып бастады. Шалғам өткен жылы желтоқсан айында отырғызылған. Қожалық екінші өнімге картоп пен қызылша аламыз деп отыр. Ал үшінші өнімге күздік қырыққабат егуді жоспарлауда. Аудан тұрғындарының басты тіршілік көзі – ауыл шаруашылығы саласы. Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласындағы өндірілген өнім көлемі — 70,4 млрд.тг құраған. Егін шаруашылығы бойынша егіс көлемі 26,3 мың гектарды құрап, тиісті кезеңмен салыстырғанда 1,8 мың гектарға артқан болса, көкөніс, картоп және бақша дақылдарынан жалпы 535,6 мың тоннаға өсіп, шаруалар мол өнім алуға қол жеткізген. Ауданда алдыңғы қатарлы озық технологияны қолдана отырып, жылына 2-3 рет өнім алу бойынша 325 жоба немесе 1 502 гектарды құрайтын егістік алқаптарға егін егіліп, 89,3 мың тонна бақша және көкөніс өнімдері өндірілген.
Осы орайда Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев шалғай ауылдарға барып, ондағы жұмыстармен танысты. Аудан орталығынан 90 шақырым қашықтықта орналасқан Жамбыл ауылдық округіне қарасты Байғабыл елді мекенінде болып, жайылым жер мәселесі бойынша жергілікті тұрғындардың мәселесін тыңдады.
Сонымен қатар, аудан басшысы Жәнібек Есенұлы шегірткеге қарсы жүргізіліп жатқан залалсыздандыру жұмыстарымен танысып, жұмысты ширатуға тапсырма жүктеді.
— Шегірткелердің таралу ошағын толық анықтап, жерді химиялық өңдеу жұмыстарын тездетіп аяқтау қажет. Марокко шегірткесіне қарсы күресте бір сәт босаңсуға болмайды. Бұл зиянкестің зардабын жергілікті шаруалар тартпауы қажет, — деді Жәнібек Ағыбаев.
Жоғарыда айтып өткеніміздей Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірде көктемгі дала жұмыстары, диқандарға қолдау көрсету шаралары, Марокко шегірткесіне қарсы күрес күшейтілді.Келес ауданында шегіртке зиянкестерінің ошақтарын анықтау және оларды жоюға тиісті іс-шараларды ұйымдастыру жөніндегі штаб құрылған. Келес ауданы бойынша 1 770 гектар алқаптың 1 575 гектары 2 жер үсті желдеткіш бүріккіштерімен өңделуде.
