ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖОЛ ЖӨНДЕУГЕ БЮДЖЕТТЕН 28,4 МЛРД.ТЕҢГЕ ҚАРЖЫ БӨЛІНДІ

Биыл Жетісай ауданында жалпы саны 104 көше сапалы жөндеуден өтпек. Аудан тұрғындары мен қонақтардың жүріп-тұруына қолайлы орта қалыптастыра отырып жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласын дамытуға қаралған қаржылар көлемі жылдан-жылға артып, атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы да ұлғайып келеді.
Жалпы ұзындығы 918 шақырымды құрайтын Жетісай ауданындағы 1200 ішкі көшенің жақсы және қанағаттанарлық жағдайын 60 пайыздан 100 пайызға жеткізу бойынша арнайы жобалар жүзеге асырылып жатыр. Өткен жылы 1 млрд 418 млн теңгеге жалпы ұзындығы 65,7 шақырымды құрайтын 77 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, биыл 1 млрд 735 млн теңгеге жалпы ұзындығы 70,5 шақырымды құрайтын 104 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Оның ішінде «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 1 млрд 111 млн теңгеге Атамекен, Қызылқұм, Арай, Сұлу бұлақ, Жылы су ауылдық округінің Сейфуллин елді мекендерінде жалпы ұзындығы 44 шақырымды құрайтын 61 көшеге, жергілікті бюджет пен субвенция есебінен 624 млн теңгеге жалпы ұзындығы 26,5 шақырымды құрайтын 43 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Сонымен қатар, 55,1 млн теңгеге жалпы ұзындығы 4,85 шақырымды құрайтын 10 көшеге ағымдағы жөндеу (тас төсеу), аудандық маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерін күтіп-ұстауға бөлінген 30 млн теңгеге ішкі көшелерге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 17 мекен-жайға стандартқа сай 150 метр жасанды жол кедергілері мен 80 жол белгілері орнатылатын болады. Оған қоса, 23 мекен-жайға жаяу жүргінші өткелдері мен 18,1 шақырым қарама-қарсы бағытты айқындайтын жол сызбаларын таңбалау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жергілікті бюджет есебінен 10,9 млн. теңгеге Қызылқұм ауылдық округі Түркебай  елдімекеніндегі облыстық маңызы бар КХ-75 және КХ-27 автомобиль жолдарының қиылысына бағдаршамдар орнатылып, жол сызбалары таңбаланып, аудандағы бағдаршамдар мен бейнебақылау камераларын күтіп-ұстау жұмыстарына 6 млн теңге бөлініп, қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды  Шәуілдір ауылындағы «Отырар аудандық орталық ауруханасы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу керек. Денсаулық сақтау нысанының жай-күйі облыс әкімі Дархан Сатыбалдыға баяндалды. Отырар ауданындағы жұмыс сапарында аталған нысанға арнайы барған өңір басшысы жауаптыларға бұл мәселені зерделеуді тапсырды.
Ғимарат 2016 жылы мамыр айында пайдалануға берілген. Сыртқы қабырғалары жарылған, ішкі едендері мен кафелдері жарамсызданған. Күрделі жөндеуді қажет етеді. Техникалық сараптама жасалған, сметалық құжаттар әзірленуде.
– Тұрғындардың денсаулығын жақсарту өте маңызды. Сондықтан бұл нысанның мәселесі қадағалауға алынады. Заң шеңберінде тиісті жұмыстар жүргізілуі тиіс, – деді Д.Сатыбалды.
Одан кейін өңір басшысы Қоғам ауыл округіндегі «Қызылту» сорғы станциясына барды. Арыс өзенінен ағын су көтеруге арналған сорғы станциясының мәселесімен танысты. ҚР Экология геология және табиғи ресурстар министрлігі, Су ресурстары комитетінің «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы РМК 1972 жылы құрылған. Қоғам, Қарғалы, Талапты ауыл округіндегі 5 мың гектар ауыл шаруашылығы алқаптарын суландырады.
Бұл станцияға да жөндеу жұмыстарын жұмыстарын жүргізу қажет. Аудандағы суармалы егістіктің су тапшылығын шешу мақсатында су тарту станциясын күрделі жөндеуден өткізуге ЖСҚ дайындалды. 2018 жылы мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, «Қазсушарға» өткізілген. Бүгінгі таңда мемлекеттік сараптама қорытындысының мерзімі өткен. Сондықтан жобаға қайта түзету енгізу талап етілуде.
Өңір басшысы осы уақытқа дейін осы нысанның құжатын, құрылысын созбалаңға салған жауаптыларға сын-ескертпе айтып, мәселені мұқият қарастыруды тапсырды.

Осы орайда Түркістан қаласына қарасты шағын елді мекендердегі жалпы саны 50-тарта көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Түркістан қаласында былтыр 22 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал биыл орташа жөндеу жұмыстары 65,7 шақырымды құрайтын 48 көшеде атқарылады. Қала басшысы Нұрбол Тұрашбековтың айтуынша, өткен  жылы Түркістан қаласында жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 39,5%-ды (333,6 шқ.) құраса, биыл жыл қорытындысымен 47,2%-ға (399,34 шқ) жетпек.
«Өткен жылы 4 нысанның құрылысы бастау алған. Олар: Ә.Жангелдин, І.Қожабаев, Қазыбек би — О.Жарылқапов көшелерінің аралығы және Қалаби көшесі. Құрылыс жұмыстары барысында жүріс бөлігі 4 жолақты жолға кеңейтіліп, жарықтандыру жүйесі, аяқжол, веложол, суағар науа, көпір құрылысын салу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қала аумағындағы топырақ жолдардың санын азайта отырып, тас төселген көшелердің саны мен сапасын арттыру мақсатында қала аумағындағы 6 секторда ақпан айынан бастап тас төсеу жұмыстары басталған болатын. Қазіргі таңда 56 шақырымды құрайтын 65 көшеде тас төсеу жұмыстары жүргізілді», — деді Нұрбол Әбдісаттарұлы.
Сонымен қатар, 2023 жылы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік нысандарға (мектеп, балабақша және т.б.) баратын және соларға қосалқы жатқан 43 көшеге аяқжол құрылысын жүргізу жоспарланған болатын. Қазіргі таңда оның 22 көшесінде құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Қалған жұмыстар толығымен ІІ тоқсанда аяқталмақ.
Соңғы жылдары Түркістан облысында елдімекендер мен ауданаралық жолдарды қалпына келтіру, тас төсеп, асфальттау, тозығы жеткен немесе жаңадан салынған көшелерде тұрғындарға ыңғайлы жағдай жасау мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Мұндай игілікті істерден Жетісай ауданы да қалыс қалмаған.
Аудан әкімі Серік Мамытовтың әлеуметтік желілерде тұрғындар тарапынан айтылған сын-ескертпелерге сәйкес берген тапсырмасына сәйкес жол жөндеу жұмыстарына бақылау жүргізу ісі қолға алынды.
Бірінші кезекте Қазақстан Республикасының «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК Түркістан облыстық филиалы мен Жетісай аудандық тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі мамандарының, жергілікті тұрғындардың қатысуымен жасақталған бақылаушылар тобы ішкі жолдарға төселіп жатқан асфальттардың сапасын, төселген тастар мен асфальттардың құрамын, қалыңдығы мен енінің ұзындығын, нығыздалу коэфициентін назарға алды.
«Жолдың сапасын назарға алып, тексеру жұмыстарын жүргізу – ең бірінші кезекте тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Ішкі жолдарда жол көлік апаттарының алдын алады. Бұл жұмыстар тек бүгінмен тоқтап қалмайды, алдағы уақыттарда да жалғасын табатын болады», — деді аудандық тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Берік Мамбетов.
2023 жылдың 22 сәуірінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің Аппараты, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы және жобалаушы мекеменің өкілдері «Дарбаза-Мақтаарал» теміржол желісін салу жобасына қатысты Сарыағаш, Келес, Жетісай, Мақтаарал аудандарында жобаланып отырған трассаны аралап, жергілікті тұрғындардың ұсыныстарын қарастырып, оларға жобаның стратегиялық маңыздылығын және тиімділігін түсіндірді.
Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы Р.Ибрагимовтың төрағалығымен басқарма тапсырысшы болып табылатын нысандар бойынша ағымдағы жылдың 15 сәуір күні Мердігер, жобалаушы, техникалық қадағалаушы және «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК мекемелерінің қатысуымен мәжіліс өткізілді.
Мәжіліс барысында жол жөндеу кезінде орын алған кемшіліктер, оның себептері, жол сапасын арттыру және 2023 жылға жоспарланған жұмыстарды мерзімінде жүргізуге қатысты бірқатар мәселелер қаралды. Атап айтар болсақ:
Қолданылатын құрылыс материалдарына кіріс бақылауын күшейту, жөндеудің әр сатысында зертханалық сынамалар жүргізу, мамандардың біліктілігін арттыру, мүмкіндігіне қарай құрылыс техникаларын жаңарту.
Техникалық қадағалаушы сарапшы-инженерлер нысан басында тұрақты болып, жөндеудің әр сатысында бақылау жұмыстарын (өлшеу құралдары, зертханалық жұмыстар) күшейту, атқару құжаттарын сапалы жүргізу.
Жобалаушы мекемелер тарапынан жобалау-сметалық, сметалық құжаттамаларды сапалы әзірлеу, жергілікті тұрғындардың ұсыныстарын ескеру.
Алдағы уақытта мердігер мекемелерге «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мекемесімен құрылыс барысында пайдаланылатын материалдарға сынамалар алу үшін келісім-шартқа тұру қажеттігі түсіндірілді.
Жол жөндеу жұмыстарына жаңа технологияларды енгізу бойынша мердігер мекемелердің ұсыныс-пікірлері тыңдалып, мәжіліс қорытындысымен тиісті мекемелерге бірқатар тапсырмалар берілді.

Айта кетсек Түркістан облысында жол жөндеу жұмыстары қарқын алды. Құрылыс барысын бақылау үшін облыс әкімі Дархан Сатыбалды облыстық маңызы бар жолдарды аралап, мердігер мекемелердің басшыларымен кездесіп, нақты тапсырмалар жүктеді. Құрылыс сапалы жүргізіліп, белгіленген мерзімінде тапсырылуы тиіс.
Кентау қаласы мен Түркістан қаласындағы халықаралық әуежайдың аралығында салынып жатқан жол аяқталуға жақын. Кенді шаһардан облыс орталығына барар жол 26 шақырымды құрайды. Жоба құны – 8 млрд.теңге. Айналма жол биыл пайдалануға берілмек. Айта кетейік, Кентау қаласында бәсекеге қабілетті көлік инфрақұрылымын құру үшін қызмет сапасы мен транзит жылдамдығын аттыратын жаңа инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. Облыс басшысы маңызды жолдың жан — жағына көшеттер отырғызып, абаттандыруды міндеттеді.
Облыс әкімі Сауран ауданындағы Түркістан және Жамбыл облыстарының шекарасындағы «Құмкент-Шолаққорған-Ащысай-Р-31» автомобиль жолының құрылыс алаңында да болды. Орташа жөндеу жұмыстары былтыр басталған. Нысанды биылғы жылдың қазан айында тапсыру жоспарлануда. Жоба құны – 1,9 млрд. теңге. Автомобиль жолының ұзындығы 31,3 шақырымды құрайды.
Сауран ауданына қарасты «Кентау қаласы Құсшы ата елді мекеніне кіре беріс автомобиль жолын» күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Былтыр басталған құрылысты 2023 жылдың маусым айында аяқтап, жолды пайдалануға беру жоспарлануда. Автомобиль жолының ұзындығы – 7,5 шақырым. Облыс әкімі жауапты басшыларға жол құрылысын сапалы әрі уақытылы орындап, ел игілігіне пайдалануға беруді тапсырды. Талапты орындамаған мердігер мекемелерге шара көрілетінін ескертті. Түркістан облысында автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің ұзындығы 17 500 шақырымнан асады. Республикалық маңызы бар жолдың үлесі – 723 шақырым, жергілікті маңызы бар жол 5 755 шақырым және елді мекен көшелері 11 мың шақырымнан асады. 2023 жылы автомобиль жолдары саласын дамытуға республикалық және облыстық бюджеттен «Ауыл – Ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында 41,1 млрд. теңге бөлінген. Құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 587 нысан немесе 1521,1 шақырым жолдар мен көшелерді қамту жоспарлануда. Жыл қорытындысымен 534 нысан, яғни 1237,2 шақырым жол пайдалануға беру көзделген.
Сонымен қатар Түркістан-Шәуілдір бағытындағы жол 2024 жылы пайдалануға толық берілмек. Түркістан қаласы облыс орталығы болғалы бері облысқа келетін күре жолдардың барлығы жөндеуден өткізіліп жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тұрғындармен кездесулеріндегі ел өтінішіне сәйкес, инфрақұрылым мәселесі қатаң бақылауға алынды. Өңір басшысының тапсырмасымен жол салу жұмыстары да қарқын ала түсті. Соның ішінде маңызды жобалардың бірі – Түркістан-Шәуілдір бағытындағы жалпы ұзындығы 64 шақырымды құрайтын облыстық маңызы бар автомобиль жолын қайта құрудан өткізу қолға алынды.
Нысанның құрылыс-жөндеу жұмыстары 4 учаскіге бөлініп, кезең-кезеңмен іске асырылып келеді. Атап айтсақ, Түркістан-Шәуілдір I учаскі (11,4 шқ), Түркістан-Шәуілдір II учаскі ( 17,7 шқ), Түркістан-Шәуілдір III учаскі (17,6 шқ), Түркістан-Шәуілдір IV учаскі (17,4 шқ).
Бүгінгі таңда, Шәуілдір елдімекенінен Түркістан қаласы бағытына қарай 35 шақырым (III-IV учаскі) аралықта жолды кеңейту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес, жөндеу барысында жол бойындағы су өткізгіш құбырлар және көпірлер қайта құрудан өтіп, жолдың ені 2 жолақтыдан 4 жолақтыға дейін кеңейтілуде. Яғни, жолдың ені 8 метрден 15 метрге дейін ұлғайтылған.
Қайта құру жұмыстарын III учаскіде мердігер мекеме «АлемТрансЖол» ЖШС-і және IV учаскіде «Отау-Строй» ЖШС-і тарапынан іске асырылуда. Нысанды 2024 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Таяуда Түркістан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Р.Ибрагимов аталған нысандардың құрылыс-жөндеу жұмыстарының барысын, сапасын қадағалау мақсатында мердігер, авторлық және техникалық қадағалаушы мекемелердің басшылары мен жауапты мамандардың қатысуымен жұмыстарға аралау жүргізді. Бұл жұмыс облыс басшылығының назарында тұрғанын атап өтті. Аралау қорытындысымен жөндеу жұмыстарын жолдың құрылыс нормаларына, бекітілген жобаға сәйкес жүргізілуін, сондай-ақ, техникалық қадағалаушы мекеме өкілдеріне өз міндеттерін толыққанды орындауды және жолдың сапасына басты көңіл бөлу керектігін ескертіп, тапсырмалар берді.
Көктемгі жол жөндеу жұмыстары Түркістан облысының дерлік барлық аудандарында қолға алынып отыр. Солардың бірі Кентау-Ащысай бағытындағы жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп келеді.
Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен мердігер мекеме «Югдорстрой» ЖШС-гі тарапынан Сауран ауданындағы облыстық маңызы бар КХ-56 «Жамбыл облысы шекарасы-Құмкент-Шолаққорған-Ащысай-Р-31» автомобиль жолының 92,8-124,1 шақырым аралықтарына (Ойық елді мекенімен Құсшы ата елді мекені аралығы) орташа жөндеуден өткізілуде. Нысанның жөндеу жұмыстары өткен жылы басталған.
Былтырғы жылы жолдың 22,5 шақырым жол негізін ресайклерлеу , 21,9 шақырымына бірінші қабат асфальт (ірі түйіршікті) жабындысы төселіп, 4 дана су өткізгіш құбырлары ауыстырылды.
Бүгінгі таңда, ауа-райының қолайлы болуына орай жобада қаралған 31 су өткізгіш құбырларының 6 данасы ауыстырылып, жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Нысанның жөндеу жұмыстарын жыл қорытындысымен толық аяқтап, пайдалануға беру жоспарлануда.
Айта кетсек биыл Түркістан облысында 750 шақырымға тарта жол жөндеуден өтеді. Жалпы  2023 жылы 743,6 шақырымдық жол мен көшеге, сондай-ақ 6 көпірге құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оған бюджеттен 28,4 млрд.теңге бөлініп отыр. Яғни биыл облыстық маңызы бар 424,6 шақырым жол мен 2 көпір, аудандық маңызы бар 94,4 шақырым жол мен 3 көпір, сондай-ақ елдімекендердегі 220 көше мен 1 көпір жөндеуден өтеді. Жалпы Түркістан облысында автомобиль жолдары мен елдімекен көшелерінің ұзындығы — 17 487,8 шақырым. Оның ішінде республикалық маңызы бар 723,1 шақырым жолдың 94,8% — жақсы және қанағатты жағдайда, жергілікті маңызы бар 5 755,1 шақырым жолдың 89% — жақсы және қанағатты жағдайда, елдімекендердегі 11 009,6 шақырым жолдың 62% — жақсы және қанағатты жағдайда.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *