Әлемдік сарапшылар 5G технологиясы өмірге енгеннен бастап керемет мүмкіндіктер мен жаңалықтар алып келгендігін айтады. Тіпті ірі телефон компаниялары 5G интернетін бірден қолданысқа енгізіп үлгерді. Бұл жүйенің артықшылығы – 4G-ден мың есеге дейін жылдамырақ. Мәселен, қолданушы толық метражды фильмді ап-анық күйінде бірнеше секундта-ақ жүктей алады. Сондай-ақ, цифрланған заманауи бизнеске жаңа айналым алып келе алатынымен ерекшеленеді. Тізбектей берсек, жаңа мобильді жүйе барлық салаға оң ықпал ете алатын болып тұр. Осы мүмкіндікті ескерді ме, 2021 жылы Түркістан еліміздегі 5G желісіне қосылған санаулы қалалардың біріне айналды. Алайда, іске қосылғанына екі жыл асса да жоғарыда аталған «керемет өзгерістер» рухани шаһардың интернет қолданысына анау айтқандай өзгеріс әкелмеді. Себебі қаланың өзінде байланыс желісі нашар аймақтар бар. Жуықта Түркістан облысында 5G желісіне қосылу аймақтары ашылған болатын. Елдегі ірі байланыс операторы «Қазақтелеком» Түркістанда 5G базалық станциясын іске қосты. Нәтижесінде қаланың Бекзат Саттарханов даңғылында бесінші буын ұялы байланыс желісінің 5G-хот спот-аймағын құруға мүмкіндік берді. Түркістан – Қазақстанның ежелгі қалаларының бірі, ол уақыт өте келе ішкі және сыртқы туризм орталықтарының біріне айналуы тиіс. Бірақ көптеген ғасырлар бұрын Самарқанд, Бұхара, Хиуадан өткен керуен жолдарының қиылысында пайда болған елді мекеннің туристік тартымдылығын арттыру үшін телекоммуникация саласында да ауқымды инфрақұрылымдық жұмыстар қажет. Осы бағытта биыл облыс бесінші буын ұялы байланыс орнатуға алғашқы қадам жасады. Қаланың әкімшілік орталығын облыс орталығының кіреберіс қақпаларымен байланыстыратын Бекзат Саттарханов даңғылында «Қазақтелеком» АҚ 5G базалық станциясын орналастырды.

«5G саласындағы көптеген сынақтар мен пилоттық жобалардан кейін, компания өзінің инфрақұрылымына негізделген тұрақты түрде бесінші буын желісін іске қосып, осы саладағы технологиялық көшбасшы мәртебесін тағы бір растады»,- дейді «Қазақтелеком» АҚ басқармасының төрағасы Қуанышбек Есекеев — Бұл желі барлық қала тұрғындары мен қонақтарына қол жетімді болады, 5G-ге лайықталған смартфондарды қолданушылар «ауыр» мазмұнды жүктеу кезінде, UHD сапасымен бейне контент тамашалау кезінде, жаңа стандарттың барлық артықшылықтарын бағалайтын болады. Осы арқылы 3G / 4G желілерімен салыстырғанда, 5G желілеріндегі жылдамдық пен кідірістің айырмашылығын сезініп көреді. Естеріңізге сала кетейін, 5G технологиялары 4G технологиясына қарағанда жоғары өткізу қабілеттілігін қамтамасыз етеді, құрылғылар арасында өте сенімді кең ауқымды байланыс жүйесін құрады, сонымен қатар 4G жабдығына қарағанда сигналдың кешігуіне жол бермейді және батарея қуаттылығын сақтайды.
Компанияның бірінші басшысының айтуынша, 5G технологиясы мобильді интернет үшін де, тұрғындарға сымсыз Интернетке қосылуды қамтамасыз ету. Сонымен қатар Big дата негізінде қызметі толықтай автоматтандырылған, басқарушылық шешімдер қабылдауға, талдауға және «ақылды қала» элементтерін енгізуге жағдай жасайды. 5G желісі C-band диапазонында, яғни жер үсті және спутниктік радиобайланыс үшін пайдаланылатын Non-Standalone режимінде (NSA, автономды емес стандарт) толқын ұзындығы диапазонында іске қосылды. NSA қолдану 5G базалық станциясын қолданыстағы LTE желісіне қосу мүмкіндігін және Қазақстанда жұмыс істейтін ұялы байланыс операторларының 4G пакеттерімен біріктіруді білдіреді. Енді қазірдің өзінде Түркістанда 5G технологиясына лайықталған құрылғылары бар, Altel мен Tele2 абоненттері жаңа жүйрік желіні қолдана алады. Осы ретте атап айтары маңызды мәселе бүгінгі таңда Қазақстанда 5G желісінде тек Xiaomi мен Huawei компаниясының құрылғылары лайықталған. Дегенмен «Қазақтелеком» Apple, Samsung және Vivo компанияларымен Қазақстанда 5G технологиясын қолдау үшін осы өндірушілердің құрылғыларын қайта жабдықтау туралы белсенді келіссөздер жүргізуде.
5G технологиясының іске қосылуы мобильді интернеттің жылдамдығы мен сапасы тұрғысынан пайдаланушыларға көптеген артықшылықтарға жол ашады: Түркістанның алғашқы хот спотын іске қосу үшін «Қазақтелеком» АҚ 5G базалық станциясына 10GE жеке оптикалық желілік арнасын ұйымдастырды, бұл деректерді беру жылдамдығын 1,2 Гбит/с дейін арттырады. Ежелгі қаланың орталық артерияларының бірінде 5G базалық станциясының іске қосылуы Түркістанда бесінші буын желісін құруға және оның аясын кеңейтуге алғашқы қадам болып табылады.
Өткен жылдың басында Б.Саттарханов даңғылының әр бөлігінде орналасқан әуежай, әкімшілік-іскерлік орталығы мен мәдени-рухани орталықтың байланыс аймағын құру үшін 5G базалық станцияларын қосымша орнату жоспарлануда. «Қазақтелеком» АҚ Инновациялар жөніндегі бас директоры Нұрлан Мейірманов өз кезегінде 5G желілерінің құрылысы компания дамуындағы стратегиялық басымдық болып табылатынын атап өтті. Бұл технология мобильді желілерде деректерді беру жылдамдығының айқын бәсекелестік артықшылықтарынан бөлек, «Қазақтелекомның» бизнестің принципті жаңа мәселелерін шешудегі мүмкіндіктерін кеңейтеді, олар: корпоративтік клиенттердің жекелеген элементтерін цифрландырудан бастап, Қазақстанда «ақылды қалалар» мен цифрлық өнеркәсіптің архитектурасын құруға дейінгі процестер.

«Біз Түркістан қаласындағы пилоттық желімізді әлемдегі ең кең таралған және кеңінен ұсынылатын радиожиілік диапазонында орналастырдық», — дейді Нұрлан Мейірманов. — Біз жаңа желінің сапасын 5G құрылғыларының бірнеше түрлерінде, оның ішінде 5G смартфоны мен 5G модемінде тексеріп көрдік. Бұл құрылғыларды тестілеу кезінде біз тұрақты түрде 1-1,2 Гбит/с жылдамдыққа қол жеткіздік, ал желінің орташа кідірісі 7-8 мс болды, бұл біз күткен нәтижелерге және кеңейтілген мобильді кең жолақты стандарттарға сәйкес келеді, сонымен қатар URLLC яғни кідірісі төмен өте сенімді байланыс стандартына сай. Басқаша айтқанда, біз ең қарапайым гаджеттері бар қарапайым қолданушы үшін осы желімен жұмыс істеу мүмкіндігін тексердік және жаңа желі біз орнатқан параметрлерге толық сәйкес келетініне көз жеткіздік», — дейді компанияның Инновациялар жөніндегі бас директоры Нұрлан Мейірманов.
Әлемдік ғалымдар енді адамзаттың барлық салада жұмысы жеңілдейтінін айтып, мобильді қызметтің жаңа инновациялық әлемге қадам басқанын хабарлады. Жаңа мүмкіндікті әлем елдері ішінен ойланбастан бірінші болып іске қосқан АҚШ пен Оңтүстік Корея болатын. Ал 2019 жылы Қазақстан АҚШ, Оңтүстік Корея, Швейцария және Эстониямен бірге жаңа желіні енгізуді пилоттауға көшкен әлем елдерінің ондығына кіреді. Араға екі жыл салып, дәл осы жоба түркі әлемінің рухани астанасы атанып кеткен – Түркістанға да жетті. Интернет 5G технологиялары 4G технологиясымен салыстырғанда жоғары өткізу қабілетімен ерекшеленеді. 4G желісіндегі ең жоғары жылдамдық секундына бір гигабит болса, 5G үшін 20 гигабитқа дейін жетеді. Жалпақ тілмен түсіндірер болсақ, бұл – жоғары сапалы фильмді жиырма есе жылдам жүктеуге болады деген сөз.
Алайда бұл тұжырымды Сұлтан Еділ есімді қала тұрғыны бос сандыраққа балайды. Себебі ол өзі тұратын аймақта 10 жылдан бері интернет жүйесінде ешқандай өзгерістің болмағанын айтады.
– Интернет жылдамдығы төмендеп кетті деген болмайды. 5G-дің өзі бөлек жүйе. Ол басқа желілердің жылдамдығына әсер ете алмайды. Ал неге 4G төмендеп кетті деген сұраққа келер болсақ, күннен күнге желілерге деген сұраныстың жоғарылағанымен түсіндіруге болады. Мысалы бұрын ұялы байланысты қолданушылар саны салыстырмалы түрде аз болған. Ал қазір күннен- күнге қолданушылар саны артуда. Ал қолданушылардың көптігі интернет желісінің жылдамдығын азайтады. Дәл осы мәселе бізде қазір қаралуда. Керекті жерлерге арнайы станциялар орнаттық. Ал 5G-ге келер болсақ, смартфон сатып алардан бұрын, кез келген компания өздері ұсынады. Мысалы Samsung компаниясынан смартфон алдыңыз делік. Оларға 5G ұстауы қажет десеңіз, компания сол желілік жүйені орнатып беруге тырысады немесе 5G қосыла алатын смартфонды ұсынады – дейді, Мағжан Мырзасеитов.
Әрине бұл тек бір жақты саралау. Себебі жаңа технологияның пайдасымен қатар зияны да ілесе жүрмек. Мәселен жоғарыда сала басшысы атап өткендей стансалар орнатылуда. Ал қала ішінде онсызда 5G-ге көшу үшін стансалар жиі орнатылған.
Ал, дәрігерлер антенна санының артуы адам ағзасына зиян тигізетінін айтуда. Жылдам жұмыс істейтін электромагниттік желінің толқындары адам денсаулығына кері әсерін тигізбей қоймайды. Дәрігерлердің сөзінше, дене аталған толқындарға бейімделгенімен, бас ауруы, қан қысымы мен жүрек соғысы жиілейді екен. Тіпті шетелдік ғалымдар 5G базалық стансасының әсері қатерлі ісік ауруларына алып келетінін дәлелдеген. Бүгінде бұл шулы тақырыпқа байланысты көзқарас екіге бөлінді. Ғалымдар технологияның ең озық түрін белсенді қолдануды насихаттаса, енді бірі адам денсаулығына қауіпті екенін ескертіп әлек. Алайда IT мамандары бұл мобильді жүйе жаңалығын жақсы қабылдады. Себебі, олар технологияның ілгерілеуіне едәуір септігін тигізеді деген ойда. Мысалы IT маманы Ғасыр Құралбай жаңа мүмкіндікті барынша пайдалану керектігін айтады.
«5G (generation) дегеніміз, аты айтып тұрғандай жаңа технология. Адамдардың барлығы жаңа технологияның сигналды толқындарынан қорқуда. Мұны ғылыми тілде «радиофобия» деп атайды. Яғни толқындар адамның денесіне өтеді, зиян келтіреді деген сияқты түсінікте. Бұл мәселе кезінде, дамыған елдердің барлығында басты тақырыпқа айналған. Тіпті, халық наразылық танытып, шерулерге де шықты. Ал шын мәнінде, біз қолданатын тұрмыстық технологиялардың барлығы сигналды толқын тарқатады. Кез келген технологиялық жүйе қолданысқа енбестен бұрын денсаулық сақтау ұйымының алдынан өтетіні белгілі. Дамыған елдердің барлығы қазір 5G стансаларын орнатып қойған. Қателеспесем, Қытайдың өзінде 2 млн базалық точкасы бар. Енді әрі қарай өзіңіз пайымдай беріңіз. Ал Қытай бұл қозғалысты «ғылым саласындағы жаңашыл нәтиже» деп насихаттайды. Технологияға деген идеология дұрыс болғандықтан, халық та түсінеді. Кез келген жаңа жүйенің тарихын алып қарасақ, қарсы шығатын белгілі тарап болатыны анық. Біз ол көзқарасқа құлақ асып, нәтиже көре алмайтынымыз анық. Себебі ертең 5G іске қосу керек пе деп ойланып жүргенде 6G шығады. Сондықтан көштен қалмай, заман талабына ілесу маңызды. Сосын халық арасында «ауылдық жерлерде 3G-дің өзі ұстамайды, неменеге 5G-ге бас ауыртасыңдар?» деген пікір бар. Алайда 3G-дің антенасын орнатқанша бірден 5G стансаларын іске қосқан дұрыс. Сосын технологияға деген насихатты күшейту керек. Себебі, халық кез келген жаңа жүйенің тиімді тұсын мүмкіндігінше пайдаланып қалуы шарт. Ал ол үшін дұрыс месседж қалыптасуы, жүйелі идеология қажет. Бұл салада әлі көп зерттеулер болатыны анық», – дейді, Ғасыр Құралбай.

Бүгінде, Түркістан қаласында 9 локация бойынша 5G мобильді интернеті іске қосылған. Олар: Әуежай, Экобазар, «Түркістан-арена» алаңы, Конгресс холл, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, гүлдер паркі, «RIXOS» қонақ үйі, «Керуен сарай» кешені және Халықаралық туризм және меймандостық университеті. Ал Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқарма деректеріне сүйенсек, алдағы уақытта Кентау, Арыс қалаларымен аудан орталықтарын бесінші буынды 5G мобильді интернетін қосу жоспарланған.
2024 жылы әлемде 5G-ге қосылған гаджеттер саны 2 миллиардқа жетеді деген болжам бар. Демек, біз қаласақ та, қаламасақ та базалық стансалар құрылып, технология ілгерілей беретіні анық. Сондай-ақ, «Қазақтелеком» Түркістанда тұсауы кесілген алғашқы жоба — Қазақстанның цифрлық экономикасының дамуына және компаниялардың цифрлық трансформациясына негіз болатын бүкіл ел бойынша құрылатын келешек хот спот нүктелерінің прототипі екеніне сенім білдірді. Өткен жылы Beeline компаниясы елдің барлық өңірлерін 4G байланысымен қамтамасыз етуге үлкен бағыт алған болатын.
Жыл басынан бері сапалы мобильді байланыс облыстың бірқатар маңызды объектілері мен аудандарында пайда болды. Жаңа базалық станциялар орнатылғанның арқасында желінің өткізу мүмкіндігі кеңейіп, енді байланыс А2 (бұрынғы Алматы тас жолы) мен Р32 (жаңа Алматы тас жолы) — республикалық маңызы бар жолдарда пайда болды. Бұдан басқа, жоғары жылдамдықты мобильді интернет Түркістан қаласында, “Керуен сарай”, Қайнарбұлақ т/а ауданы мен Ынтымақ-2 шағын ауданында да қолжетімді болды. Түркістан облысының 12 ауыл тұрғындары енді жұмыс жасау, білім алу және демалу үшін үздіксіз 4G желісін пайдалана алады. LTE желісіне мына елді мекендер қосылған: Жаңадала, Әлкен Оспанов, Қарақай, Қараой, Бәйтерек, Жамбыл (Жетісай ауданы); Рыскүл, Мақталы, Көксағыз (Түлкібас ауданы); Көлтоған (Ордабасы ауданы); Таскескен (Тегісшіл а/о) мен Кентау қаласы, Жібек жолы а/о, 30 разъезд, Жүсіпов к., 3А үй.
Beeline компаниясы өзі бастаған “LTE everywhere” бағдарламасынан бөлек мемлекеттік маңызы бар “250+” жобасына да қатысуда. Оның аясында Қазақстанның шалғай жерлерінде тұрақтаған 1500-ден астам елді мекен оператордың байланысына қосылған. «Біз елдегі желіні үнемі дамытып, байланыс сапасы мен инфрақұрылымның сенімділігін арттырудамыз. 2021 жылмен салыстырғанда Түркістан облысындағы абоненттеріміздің мобильді интернетті тұтынуы 14 пайызға өскен. Ендігі жоспарымыз 4G желіні кеңейтіп, бұл жұмысты келесі жылы да жалғастыру», — дейді Beeline-ның Шымкент қаласындағы техникалық бөлімінің бастығы Нұркен Өмірзахов.
Сондай-ақ, компания өкілдері 5G-ге қосылуды қашан күтуге болатыны жайлы түсініктеме берді. Техникалық бөлім басшысының айтуынша, бұл ұялы байланыс стандарты корпоративтік бизнеске қолайлырақ. Ал жеке адамдар үшін бұл көрінгендей тиімді емес — мұндай жылдамдықта трафик пен теңгерім тез жұмсалады, нәтижесінде, теңгерімді айына бірнеше рет толтыруға тура келеді. Сондықтан компания санаулы адамдар үшін қолжетімді 5G қарағанда барлығына қолжетімді 4G жақсы деген ұстанымға келді. Бүгінде Шымкенттік тұрғындардың 80 пайызы, ал Түркістан облысы бойынша 77 пайыз қолданады екен. Сондай-ақ, Beeline ақпаратына сәйкес, соңғы жылдары абоненттер трафикті көбірек пайдалана бастаған. Бұл дегеніміз, желідегі жүктеме де айтарлықтай артқан. Ал желі жүктемесіне сай сапалы байланыспен қамтамасыз ету үшін, компания өз желісін дамытуға ұдайы инвестиция құйып тұрады. Тек 2021 жылдың өзінде Beeline Қазақстан өзінің 10 миллион абоненті сапалы және қолжетімді байланыс пен интернетті пайдалана алуы үшін 58 миллиард теңге мөлшерінде инвестиция құйған.
Сонымен қатар биыл Түркістан облысында интернет арқылы 56 қылмыс жасаған 31 адам ұсталды. Оларды «Кибер қылмысқа қарсы күрес» тұрақты тобы анықтады. Сезіктілер тұрғындарды алдап, атынан онлайн несие алып келген. Жергілікті тұрғын белгісіз біреу көлігіне мініп, өзінің атынан банктен 1 млн 600 мың теңге несие алғанын айтып арызданған. Жедел іздестіру барысында күдікті Сарыағаш ауданының жұмыссыз тұрғыны екенін белгілі болды. Ол көлік жүргізушілеріне барып, өзінің туысы ақша жіберетінін, ал оны банкоматтан шығарып беруін сұраған. Осылайша өз айласын асырып, 6 тұрғынды 6 млн теңге шығынға батырған.
«Департамент бастығының тапсырмасымен құрылған топ интернет-алаяқтық қылмысымен айналысқан жалпы 31 тұрғынды ұстап, олардың 56 интернет-алаяқтық қылмысына қатысы бары дәлелдеген. Мәселен, бұл топтың жедел уәкілдері облыстың бірнеше тұрғынын алдап, олардың атынан онлайн несие алған жас жігітті ұстады. Нақтырақ айтсақ, Түркістан қалалық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданды. Ол көлігіне жолаушы болып отырған жас жігіт әңгімеге тартып, сеніміне кіріп, телефонын сұрап алып, ондағы банк қосымшасын пайдаланып, несие рәсімдеп жіберген. Қазіргі таңда күдіктінің ісі айыптау актісімен сотқа жолданды», — дейді Түркістан облысы ПД-нің аға жедел уәкілі Ермек Шәкім.
Айта кетсек 2023 жылы облыста Қазақтелеком және Транстелеком тарапынан мемлекеттік жекешелік әріптестік жобасы бойынша талшықты-оптикалық интернетті пайдалану жобасы тіпті елімізде алғаш рет қолға алынған еді. Сонымен қатар биыл Түркістан облысында «Кселл» акционерлік қоғамы тарапынан 58 елді мекен мобильді кең жолақты ғаламтормен қамтылған. Сонымен қатар, қолданыстағы 2G және 3G станцияларын 4G-ге ауыстыру жұмыстары жүргізілуде.
Атап айтар болсақ, «Кселл» байланыс операторы облыс бойынша қолданыстағы 22 базалық станциясын 4G-ге ауыстырса, Түркістан қаласында қосымша 3 жаңа станция орнатқан. Ал, 6 станцияны 4G-ге ауыстырды. «Билайн» байланыс операторы 30 станциясын 4G-ге ауыстырса, «Tele2» байланыс операторы облыс бойынша қолданыстағы 214 станциясын 4G-ге көшірген.
