Биыл Түркістан мен Самарқанд қалалары арасындағы ынтымақтастық байланыс артады. Түркістан қаласынан арнайы аттанған делегация Самарқанд қаласының әкімі Фазлиддин Умаровпен, сондай-ақ, жергілікті туризм, кәсіпкерлік және экономика салаларының басшыларымен кездесті. Басқосуда келісім мен ынтымақтастық шарттарын жүзеге асыру үшін атқарылатын жұмыстар талқыланды. Сонымен қатар, келісім негізінде түркістандық қолөнершілер Самарқандқа барып, сан ғасырлық тарихы бар қолөнердің жауһарларын зерттеу жұмыстарына қатысады. Айта кетейік, өткен жылы Ташкентте өткен Қазақстан мен Өзбекстан бизнес-форумы аясында Самарқанд қаласы мен Түркістан қаласы арасында өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылған болатын.

Өзбекстанның сыртқы көші-қон агенттігінің хабарлауынша, «Азаматтардың өзара сапарларының шарттары туралы» үкіметаралық келісімге екі ел азаматтарының келу, болу және кету тәртібіне қатысты түзетулер енгізілген. Қазақстан мен Өзбекстан өз азаматтарының көрші ел аумағында тіркеусіз өзара болу мерзімін 5 күннен 30 күнге дейін ұзартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бір тарап мемлекетінің азаматтары, егер олардың болу мерзімі күнтізбелік 30 күннен, ал жалпы алғанда – 180 тәуліктің әрбір кезеңінде барлығы 90 күннен аспаса, екінші тарап мемлекетінің аумағына уақытша тұруға ықтиярхат (уақытша тіркеуге ықтияр хат) бермей-ақ кіреді, шығады, транзитпен жүреді. Мемлекеттік шекараны кесіп өткен сәттен бастап күні есептеледі», – делінген ведомство хабарламасында. Өткен жылғы қараша айында хабарлағандай Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы Ішкі істер министрліктері екі ел үкіметтері арасындағы азаматтардың өзара сапарлары шарттары туралы өзгерістер енгізді. Олар ішкі рәсімдер аяқталған соң күшіне енуі тиіс.
Айта өтейік Қазақстан мен көршілес мемлекет Өзбекстанның арасында тауар айналым 5 млрд долларды құрап отыр.
Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайылов Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Ариповпен Ташкентте өтіп жатқан екіжақты ынтымақтастық жөніндегі Үкіметаралық комиссияның 20-шы отырысы қарсаңында келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Тараптар қазақ-өзбек өзара іс-қимылының бірқатар өзекті мәселесін, оның ішінде сауда, өнеркәсіп кооперациясы, инвестициялық қызмет, энергетика, логистика, трансшекаралық су нысандарын пайдалану, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту және т.б. салалардағы бірлескен қадамдарды талқылады.
Әлихан Смайылов Өзбекстан еліміздің сауда саласындағы ірі серіктестерінің бірі екенін айтып өтті. Атап айтқанда, 2022 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы жоспарланған $5 млрд-қа жетті.
«Бұл ортақ күш-жігердің арқасында мүмкін болып отыр. Енді алға қойылған жоғары деңгейдегі міндеттерге сәйкес орта мерзімді перспективада өзара тауар айналымының көлемін $10 млрд-қа дейін ұлғайту керек», деді Қазақстанның Үкімет басшысы. Сонымен қатар Ә. Смайылов қазақ-өзбек Үкіметаралық комиссиясының екіжақты өзара іс-қимылдың кең ауқымды мәселелерін шешудегі ерекше рөлін атап өтті. Өз тарапынан Абдулла Арипов екі ел арасындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайту үшін әлеуеттің зор екенін айтты. «Өзара саудада оң динамика байқалады. Экономиканың көптеген саласында өнеркәсіп кооперациясының маңызды жобалары іске асып жатыр. Өзбекстан сауда, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы мен су шаруашылығы және басқа да салалардағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті. Жалпы біз бауырлас Қазақстанмен арадағы қарым-қатынасты одан әрі тереңдетуге мүдделіміз», деді Абдулла Арипов.
Сонымен қатар Түркістан облысы мен Қырғызстан қолөнершілері арасында екі жақты меморандумға қол қойылды. «Turkistan Qol Oner Одағы» қоғамдық бірлестігінен құрылған делегация Қырғыз Республикасына арнайы іссапармен барып, «ART GROUP ZHARASHAT» ЖШС төрайымымен кездесті. Енді түркістандық бірлестік жас буынды қолөнерге баулып, оларға қолдау көрсету арқылы қазақ халқының мәдениетін әлемге танытуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, меморандум аясында тәжірибе алмасып, тың әдіс-тәсілдерді меңгеру де көзделген. Айта кетсек, «Turkistan Qol Oner Одағы» қоғамдық бірлестігі бір ай бұрын облыс орталығында құрылған еді. Негізгі мақсаты – жас шеберлерге қолдау көрсетіп, ұлттық қолөнерді дамыту.

Жаңадан Түркістан облысы құрылып, талай тарихи кезеңнің куәсі, аты әлемге танылған Түркістан шаһары оның орталығына айналды. Түркістан қаласын дамытудың бірінші кезеңі аяқталып, негізгі әлеуметтік инфрақұрылымы қаланды. Өткен жылы облыс экономикасы 41 пайызға өскен еді. Арнайы кешенді жоспар бекітіліп, бүгінгі күнге жоспарланған іс-шаралардың 40 пайызы іске асырылды. Жалпы 445,3 млрд. теңгеге жаңа 257 нысан бой көтерді. Оның ішінде 230 млрд. теңгесі жеке инвестициялар есебінен. Осы уақыт ішінде 123 нысанның құрылысы аяқталды. Жаңадан Халықаралық әуежай, Әкімшілік-іскерлік және Мәдени-рухани орталықтар салынып, шаһардың орталығы Б.Саттарханов даңғылы қайта жаңартылды, арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар құрылды. Түркістан қаласы толық газдандырылып, 13 мың гектарға жасыл белдеу құрылды, 3,8 млн ағаш отырғызылды.
Кешенді жоспардың 40 пайызы орындалуын ескере отырып, Түркістан қаласын дамытудың ІІ кезеңін іске асыру ұсынылып, қолдау тапты. Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру облыстың дамуына жаңа серпін беріп, халықтың тұрмыс сапасы мен әл-ауқатын арттырады. Кешенді жоспар – бүкіл ел тұрғындарының әл-ауқатын арттырудағы нақты қадамдар белгіленген елдік жоба. Ұлттық экономика министрлігімен бірлесе 2021-2025 жылдарға жаңа кешенді жоспар жобасы әзірленіп, тиісті министрліктермен келісілді. Республикалық бюджеттік комиссия қарауына енгізіліп, мақұлданды. Жаңа кешенді жоспарға 142 іс-шара енгізіліп, қажетті қаржы 3,6 трлн теңге, оның ішінде 2,7 трлн теңге жеке инвестициядан төленіп отыр. Жоба аясында 5 жылда облыс экономикасы 1,5 есе өседі. Аталған шаралар жалпы өңірде өнеркәсіп көлемін 35 пайызға, еңбек өнімділігін 52 пайызға арттыруға жол ашып, халықтың нақты табысының 54,8 пайызға өсуін қамтамасыз етеді. Кемінде 40 мың жаңа жұмыс орны ашылады.

Түркістан қаласын дамытудың ІІ кезеңі аясында 109 жоба іске асырылмақ. Бұл мақсатқа 1,3 трлн теңге инвестиция қоры көзделіп отыр. Оның ішінде, 1 трлн теңге жеке инвестиция есебінен (мемлекеттік инвестиция – 303,4 млрд теңге). Халық сумен жабдықтау қызметтерімен 100 пайыз, газбен жабдықтау қызметтерімен 85,4 пайыз қамтамасыз етілетін болады. 5 жыл ішінде АӨК саласында 100-ге жуық жобаны іске асыру жоспарланып отыр, бұл жалпы өнім көлемін 729 млрд-тан 1,3 трлн теңгеге дейін арттыруға және еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыруға мүмкіндік береді.
Түркістан қаласының айналасында 11 мың гектар азық-түлік белдеуін құру, оның шеңберінде жалпы сомасы 15 млрд теңгенің 7 инвестициялық жобасын іске асыру көзделген. Сонымен қатар, ол кешенді жоспар шеңберінде сүт өндірісін 880 мың тоннаға дейін, ет өндірісін 283 мың тоннаға дейін, көкөніс пен жеміс өндіруді 1 млн 530,9 мың тоннаға дейін жеткізуге болатынын атады. Бұл сәйкесінше сүт өңдеу кәсіпорындарын жүктеуді 60 пайыздан 80 пайызға дейін, ал ет өңдеу зауыттарын жүктеуді 55 пайыздан 70 пайызға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. «Нәтижесінде Түркістан облысының ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 1,3 трлн теңгеге дейін жеткізіліп, еңбек өнімділігі 2,5 есе артады.
Бес жыл ішінде 5 млн шаршы метрге жуық тұрғын үй, 130 жаңа мектеп, 10 денсаулық сақтау нысанын, рухани-мәдени орталық және басқа да әлеуметтік сала нысандарын салу жоспарланған. Кешенді жоспарды іске асыру нәтижесінде 2025 жылы облыстың жалпы өңірлік өнім көлемі 3,6 трлн. тенгеге жетіп, 40 мың жаңа жұмыс орны ашылады, халықтың әл-ауқаты жақсарып, облыс экономикасына мультипликативтік әсерін тигізеді. Түркістан, Шымкент және Ташкент қалаларын байланыстыратын жүрдек теміржол магистралін тарту, Түркістан қаласында жаңа теміржол мен автобекеттер салу жоспарының келешегі мықты.
