ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА САУДА ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ БОЙЫНША ЖҰМЫСТАР ҚАРҚЫН АЛДЫ

Биыл Түркістан облысында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар тұрақты бақылауда. Ал азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін биыл ерте пісетін көкөністер 20 мың гектарға жуық алқапқа егілді.  Нақтырақ айтсақ, 9 мың гектар жерге ерте пісетін картоп, 7,5 мың гектарға қырыққабат, пияз 2 мың гектарға, сәбіз 1,3 мың гектарға орналастырылды. Егіс алқаптарынан 460 мың тоннаға жуық көктемгі өнім жинау жоспарлануда. Сонымен қатар биыл  8 мың тонна қырыққабат жиналды. Яғни жоспар 40 пайызға артық орындалды. Алдағы үш айда 450 мың тоннадан астам өнім жинау жоспарланған. Нәтижесінде маусым аралық кезеңде республикалық қажеттілік қырыққабат бойынша 95 пайызға қамтамасыз етіледі. Егілген сәбіз, пияз және картоп көлемі де артты. Түркістан облысында өзге облыстармен ерте пісетін өнімдерге форвардтық келісімшарттар жасалып, 6,5 мың тонна өнімдерді тауар өндірушілерден тікелей сатып алу жөнінде келісімшарттарға қол қойылды. Маңызды мәселелер Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының жіті бақылауында. Сонымен қатар азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жоспарына сәйкес, ағымдағы жылы 860 мың гектар жерге дақылдар егіледі. Түркістан облысында әртараптандыру арқылы жоғары рентабельді дақылдардың алқаптарын ұлғайту бойынша жұмыстар жалғасын тапты. Атап айтқанда, көкөніс 2,3 мың гектарға артып 45 мың гектарға егілді, бақша
8,7 мың гектарға артып, 69 мың гектарға егілді. Мал азықтық дақылдардың көлемі 6,7 мың гектарға артып, 228 мың гектарға орналастырылды. Сәйкесінше, мақта дақылы 14,4 мың гектарға қысқартылып, 111 мың гектарға егілді. Тұзданған және сорланған алқаптарда тұзға тұрақты жүгері, бұршақты дақылды егу қолға алынды. Сонымен бірге биыл облыстың оңтүстік аймақтарында қосымша 2 мың гектарға дәнді жүгері, 500 гектарға бұршақты дақыл егілді. Өнімдерді сақтау қоймаларын арттыру бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда облыста жалпы сыйымдылығы 38 мың тоннаны құрайтын 20 бірлік жеміс-көкөніс сақтау қоймасы бар. 2023-2025 жылдарға жалпы құны 21 млрд теңгеге сыйымдылығы 86 мың тонна арналған 15 бірлік заманауи үлгідегі жеміс-көкөніс сақтау қоймасын салу жоспарланып отыр. Оның ішінде 22 мың тоннаға арналған 8 қойма бойынша жобалар биыл жүзеге асырылады. Инвестициялық субсидиялау бағдарламасы арқылы «1 мың тоннадан басталатын картоп-көкөніс сақтау орындарын салу, кеңейту» жобалары шығынын 25 пайызын өтеуге бюджеттен тиісті қолдаулар көрсетіледі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Бұл орайда, биыл елімізде халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырыла бастады. Осы ретте, Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл шаруашылығы саласына арналған 2,5 пайыздық несие беру басталды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұрбол Бекмұратов мәлім етті. Оның айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасына облыстың 16 ауданынан 32 ауылдық округінің тұрғындары қатыса алады. Бағдарламаны жүзеге асыруға биыл облыс шаруалары үшін бюджеттен 20 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. Жалпы өңірімізден орташа есеппен алғанда 2500-ден аса азамат бағдарламаға қатыса алады деп жоспарланып отыр. Жиын барысында «Аталған жоба ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылады. Олар — өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары мен ауыл шаруашылығы кооперативтерді жабдықтау. Бастама арқылы тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндігі бар» деді Нұрбол Бекмұратов.
Сондай-ақ брифингте сөз алған «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Нұрлыбек Исаев несие шарттарымен таныстырды. Нақтырағы «Бұл бағдарлама негізінен ауыл шарушылығын өркендетуге басымдық береді. Несие алу үшін ауыл тұрғындары ауыл әкімдіктеріне өтінім білдіру қажет. Ауыл әкімдіктері тұрғындар несие алғанша толық сүйемелдеу жүргізеді. Несие алушылар – ауылдық елді мекен тұрғындары және зейнет жасынан аспауы тиіс. Кәсіпті ашуға оқыту жұмыстары тегін жүргізіледі. Әрі несиесін толық жауып, кәсібін дамытатын болса, жеңілдетілген несиеге қайта қол жеткізуге болады» деді ол.
Жоба шеңберінде жеке қосалқы шаруашылық пен жеке кәсіпкерлер үшін 8 625 000 теңгеге дейін, ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері үшін 27 600 000 теңгеге дейін несие беріледі. Микрокредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Жылжымайтын кез келген мүліктің 70 пайызы бағаланады. Несиені өтеуге берілетін жеңілдік кезеңі – 12 айға дейін. Брифинг барысында жауапты сала өкілдері несие алушы ауыл тұрғындарының ауыл шаруашылығы кооперативіне бірігудің пайдасы көп екенін атап өтті. Себебі бұл арзан бағамен жем сатып алуға, жер жыртуға, қоқыс шығаруға, арнайы техникаларды пайдалануға мүмкіндік береді. Бастама 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады.


Бүгінде аталған бастама арқылы кәсіп ашып, онысын дамытқысы келетіндердің қатары қалың. Қалың оқырманның есінде болса, аталған жоба аясында Ордабасы ауданы бойынша Шұбар және Бадам ауылдық округтері пилоттық үлгіде таңдалған болатын. Басты себептердің бірі — Шұбар ауылдық округінде мал бордақылау бағытына басымдық беріледі. Қазірдің өзінде 70-тен астам шұбарлық азамат тиісті қаржы ұйымына несие рәсімдеу үшін құжаттарын өткізіп үлгерген. «Ауыл аманатының» артықшылығы — берілетін несие пайызының аздығы, әрі ауылдық жердегі үйді кепілдікке қоюға болатындығы, кез-келген жұмыссыз ауыл тұрғынының қатыса алатындығында.
Ал Бадам ауылдық округінің тұрғындарына 2,5 пайызбен сүтті бағыттағы ірі қара алуды несиелеу жүзеге асырылмақ. Себебі онда «Бөрте милка» сүт фермасы орналасқан. Қазіргі таңда ферма 30% ғана көлемде өнім шығаруда. Толық қуатқа өту үшін қосымша шикізат, яғни сүт қажет. Оның бір ғана жолы -тұрғындардан белгіленген бағада сүт жинау. Бұл жоспарға жоба аясында қол жеткізуге болады.

Түркістан облысы, Жетісай ауданының тұрғыны Қуанышбек Каюпов ауласында шылаушын асырап, ауыл шаруашылығына таптырмас биогумус табиғи тыңайтқышын өндіріп келеді. Бастапқыда 15 шаршы метр жерді пайдаланған. Қазіргі таңда 240 шаршы метрге ұлғайтып, табыс тауып жатыр.

Жетісай және Шардара аудандарындағы диқандар бүгінде Қуанышбектің өніміне тапсырысты алдын-ала беріп, кезекте тұрады. Кәсіпкер агроөнеркəсіпке ден қойғанына бірнеше жыл болған. Алайда еккен егіні өнім бермей шығынға батқан. Себебі жер сорланып, жарамсыз күйге түскен. Осының зардабын тартқан шаруа қолдан табиғи биогумус əзірлеуді қолға алыпты. Биогумус – шылаушынның асқазанынан қорытылып шыққан қалдық. «Бұл — топыраққа кез-келген өсімдік өседі және химиялық қоспасыз өнім алудың ең тиімді жолы. Алдағы уақытта биогумус өндіру алқабын 2 мың шаршы метрге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Осылайша ауыл-аймақтағы малдың қиын қажетімізге жаратып, диқаншылыққа пайдалы өнім шығарамыз. Қазірдің өзінде биогумус өнімінің сұйық және қою түрлерін шығарып отырмыз. Биогумусты пайдалана отырып, өнім сапасын 4 жылда 100 пайыз арттыруға болады» дейді Қуанышбек Сыдықұлы.
Ол алғашында Калифорниядан 150 мың қызыл құрт сатып алып, басын көбейткен. Қазіргі кезде оның шағын жер телімінде жиырма бес миллионнан астам шылаушын өсіп-жетілуде. Бір литрінің бағасы – 70 теңге. Жәндікті асырау үшін кез-келген жануар мен құстың нәжісі жарамды екен. Кәсіпкердің айтуынша, республикадағы 6 мыңға жуық шылаушын өсірушінің 3 мыңнан астамы Түркістан облысының тұрғындары болса, оның
150-і Жетісай ауданында тұрады.

Түркістан облысында биыл 860 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіледі деп жоспарланған. Оның ішінде суармалы жер көлемі – 552 мың га. Өңірдегі жалпы суармалы жердің 30%-ы облыстың оңтүстік бөлігі Жетісай, Мақтаарал аудандарына тиесілі. Облыстағы егіс алқаптарын ағын сумен қамту мәселесіне қатысты кезекті рет жауапты басшылардың басын қосқан Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды шаруаларды ағын сумен қамтуды жүйелеп, тұрақты бақылауда ұстауды қатаң тапсырды.

Осы аумақтағы суармалы жерлердің барлығы Өзбекстан Республикасынан келетін трансшекаралық «Достық» магистралды каналы арқылы сумен қамтамасыз етіледі. Бүгінгі күні сұранысқа сай шаруаларға қажетті суды жеткізу үшін машиналық канал іске қосылып, қосымша қажетті су жеткізілуде. Сонымен қатар облыстың Шардара, Отырар аудандары мен Арыс қаласындағы 75 мың гектар суармалы жерлерге шаруалардың сұранысына сәйкес «Қызылқұм» магистралды каналы арқылы 50 м³/сек ағын су босатылуда. Қажеттілік толықтай қамтамасыз етілген. Жалпы облыста жоспарланған 488,6 мың гектар жер жырту және 115 мың гектар сор шаю жұмыстары толығымен аяқталды.
Аталған бағыттағы жұмыстардың есебін тыңдаған облыс басшысы «Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында су нысандарының экожүйесін сақтап, оны үнемді пайдалану үшін аса маңызды каналдар қайта жаңғыртылатыны туралы айтқан болатын. Мемлекет басшысы сонымен бірге жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшіруді тапсырды. Бұл ретте осы су нысандарын жергілікті деңгейде тиімді пайдалану арқылы Ордабасы, Отырар, Бәйдібек, Сауран аудандары мен Арыс, Кентау қалаларының 80 мың гектарға жуық суармалы жерін және Түркістан қаласын көгалдандыру жұмыстарын ағын сумен уақтылы қамтамасыз етуге мүмкіндік беріліп отыр. Еліміздегі суармалы алқаптардың 4/1 бөлігі Түркістан облысына тиесілі. Сондықтан ағын су мәселесі өте өзекті және тұрақты назарда» деп атап өтті.
Бүгінде өңірде шаруалардың суды қажеттіліктен артық пайдалануына, ағын су ысырабына жол бермеу және су беру тәртібін реттеу үшін облыста нақты тариф бекітілген. Нәтижесінде шаруаларға ағын суды тек қажеттіліктеріне сәйкес бөлу тәртібі енгізілген. Сонымен қатар су шығынын үнемдеу мақсатында «Түркістан» магистралды каналының бір бөлігін темір бетонмен қаптау жұмыстары аяқталып, барлық шлюздардағы су өлшегіштер есепке алынып, су балансын сақтау жұмыстары бір жүйеге келтірілген.
Бүгінгі күні «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегішінде, «Қосқарған» және «Кеңсай-Қосқарған-2» су қоймаларында су жеткілікті. Өңірдегі су тапшылығы мәселесін шешу үшін бірқатар су нысандарының жобалары әзірленуде. «Бәйдібек ата» су қоймасы салынғанда суару маусымында «Бөген» су қоймасына 68 млн м³ ағын су қосымша жеткізіледі. «Боралдай» су қоймасы жобасы нәтижесінде суару маусымында «Бөген» су қоймасына 65 млн м³ ағын су қосымша жеткізіледі. Екі қойманы салу есебінен алдағы жылдары Түркістан өңірі кепілді ағын сумен қамтамасыз етіледі. Бұдан бөлек, су нысандарын қалпына келтіру, мелиоративтік жағдайын жақсарту мақсатында облыс әкімінің тапсырмасымен 15 су нысанын күрделі жөндеу, 5 су нысанын ағымдағы жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 3,7 млрд теңге қаржы бөлінді. Нәтижесінде 63 шақырым канал күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізіліп, 11,2 мың гектар жердің сумен қамтамасыз етілуі жақсарады.
Ал «Тұран су» ШЖҚ МКК қаржысы есебінен биыл Ордабасы, Сауран аудандары мен Арыс қаласында 230 шақырым каналдарға механикалық тазалау жұмыстарын жүргізу жоспарланып, бүгінгі таңда 72 шақырымға тазалау жұмыстары жүргізілді. Тозығы жеткен су нысандарын қалпына келтіру жұмыстарын жандандыру мақсатында Сайрам ауданында төтенше жағдай қаупі бар «Ақбай қарасу» каналын күрделі жөндеу, Шардара ауданында каналдарды күрделі жөндеу, Келес ауданында жалпы 75 каналды ағымдағы жөндеу көзделіп отыр. Сондай-ақ 5 ауданда орналасқан 12 су қоймасын аудандық меншіктен облыстық коммуналдық меншікке қабылдау шаралары атқарылуда.

Өткен аптада Астана қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясы өтті. Оған Шымкент қаласынан 21 делегат қатысты. Делегация қатарында ассамблея құрамына кіретін қала басшылығы, мәслихат депутаттары, қалалық этномәдени бірлестіктердің төрағалары, ҚХА жанындағы құрылым басшылары мен «Ассамблея жастары» РҚБ Шымкент қалалық өкілдігінің басшысы бар.

Сессияның бірінші күні Шымкент қаласынан барған делегация мүшелері Назарбаев Университетінде «Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» тақырыбындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXII сессиясы тақырыбын секциялық пікірталас алаңдарында талқылады. Нақтырағы, секциялық пікірталас алаңдарында «ҚХА-ның саяси реформаларды іске асырудағы және жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы рөлі», «Ұлттық құрылыс және жалпыұлттық бірегейлік бойынша интенсив», «Этносаясаттың өңірлік аспектілері бойынша интенсив» тақырыптарында делегация құрамындағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары, қалалық мәслихат депутаттары және қалалық ҚХА жанындағы қоғамдық құрылымдардың жетекшілері сарапшылармен өзара пікір алмасып, талқылау жүргізді.
Аталған жиында Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева еліміздің өркендеуіне үлес қосқан, өңірлерден келген этномәдени бірлестік өкілдерінің ардагерлерін марапаттады. Сөзінің соңында ол Ассамблеяның ауқымды жұмысы Мемлекет басшысының бастамаларын жүзеге асыру бойынша қоғамдық бақылауды күшейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті. «Спикерлердің көтерген ең маңызды бағыттарының бірі – ұлтты тәрбиелеу. Бүгінгі ұрпақ – келешектегі қоғам. Сондықтан сол қоғамды тәрбиелеу – сіз бен біздің басты міндетіміз. Бұл өзара этносаралық қарым-қатынасты нығайту, түйткілді мәселелердің түйінін тарқату – бүкіл қоғамның міндеті. Өткен жылы үлкен саяси өзгерістер жылы болды. Оның жүйелі, тиімді жүзеге асыру бәрімізге байланысты» деді Аида Балаева өз сөзінде.
Одан әрі сессия қатысушылардың дағдылары мен құзыреттерін арттыруға бағытталған интенсив курстарға ұласты. Бірінші жиын мемлекет құру және ұлттық бірегейлік мәселелеріне арналды. Аталған іс-шара Этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиевтың модераторлығымен және спикерлер – саясаттанушы Эдуард Полетаев пен қоғам қайраткері Қанат Нұровтың қатысуымен өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі мен мақсатының өзі этномәдени бірлестіктердің рухани күш біріктіруінен, этномәдени бірлестіктердің, олардың мәдениеті, тілдері мен дәстүрлерінің өркендеуін, сақталуын және дамуын қамтамасыз етуден тұратыны белгілі. Бұл орайда, ел азаматтарын қоғамдық-саяси өмірге жұмылдыруға, мемлекеттік тіл мен оның мәртебесін ілгерілету басты ұстанымға айналуға тиіс. Сондықтан да спикерлер Ассамблеяның мемлекеттік тілді дамытуға қосқан нақты үлесі мен мемлекеттік саясатты жүргізудегі бағытына тоқталды. Бұдан бөлек, Ассамблея қоғамдағы өзекті мәселелерді барынша қозғап, оның шешімін табуға зор үлес қосып келеді. ҚХА жанында аналар, ақсақалдар кеңесі, медиацияның жұмысы соған дәлел.
«Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» тақырыбымен өткен ауқымды іс-шараның алғашқы күні сарапшылар Қазақстан халқы Ассамблеясының саяси реформаларды іске асырудағы және жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы рөлін талқылады. Қызу пікірталас жағдайында өткен секциялар жұмысында келісім, толеранттылық атмосферасын қалыптастырудағы дәстүрлердің, мәдениет пен білім саласының ықпалы, сондай-ақ ҚХА саяси реформаларды жүзеге асырудағы және қоғамдық бірлікті нығайтудағы қызметі талқыланды.

Жұмыс сапары барысында ауқымды Қытай нарығының тәжірибесін пайдалана отырып, Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібі саласында иірілген жіптер, маталар мен кілемдер өндірісі мен тоқыма кластерінің бірлескен кәсіпорындарын құру мүмкіндігі талқыланды. Сонымен қатар автомобиль жасау, электроника, цифрлық технологиялар, робототехника, пластмассадан жасалған бұйымдар пластикалық ойыншықтар, пластикалық ыдыстар және тағы басқа өндірісті дамытуға қажетті жобалар қарастырылды. Көлік-логистикалық инфрақұрылымын тиімді пайдаланып, осы бағыттағы жобаларды жүзеге асыру жөнінде ұсыныстар берілді.

Бағдарлама аясында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ірі инвестициялық компаниялардың өкілдерімен кездесіп, әріптестік жөнінде келіссөздер жүргізді. Сапар аясында аймақ басшысы Үрімші қаласындағы ең ірі зауыт-фабрикаларының өкілдерімен кездесті. Облыс делегациясы электромобильдер шығаратын 3 зауытты аралап көрді. Қорғас порты, Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Құрлық портының жұмысымен танысты.

Үрімші қаласы – Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының саяси, экономикалық және мәдени орталығы. Халық саны 4 миллионнан асады. Мұнда мұнай, тоқыма және металлургия өнеркәсіптері басым. Сондай-ақ Қытайдағы ең ірі жел энергиясы орталығы болып саналады. Үрімші – ШҰАР-ның ірі өнеркәсіп орталығы, оның жалпы аймақтық өнімінің 64,5% қамтамасыз етеді. Сонымен қатар аймақтағы негізгі тұтыну және бөлшек сауда орталығы.

Іс-сапар барысында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының Қытайдың Цзиньхуа қаласының Партия комитетінің хатшысымен кездесуі өтті. Өз кезегінде өңір басшысы Орталық Азиядағы бизнесті кеңейтудің жаңа көкжиегі – Түркістан өңірі арқылы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарыққа шығудың жаңа мүмкіндіктерін ашатынын, бұл ретте сауданы дамытудың әлеуеті зор екенін айтты.

Цзиньхуа – Қытайдың Чжэцзян провинциясындағы қала аймағы әрі шығыс Қытайдағы ірі логистикалық орталық. Сауда-саттық, ауыр және жеңіл өнеркәсіп ошағы. Халық саны 80 миллион адамнан асады. Жалпы ішкі өнім көлемі 1 трлн15 млрд АҚШ долларынан жоғары. Мұнда цифрлық экономиканы, онлайн бөлшек сауданы және трансшекаралық электрондық коммерцияны белсенді дамытуда. Қытайлық және әлемдегі халықаралық электрондық коммерция алпауыттары бұл өңірде өздерінің кеңселері мен қойма кешендерін құруда. 2017 жылдан бастап Цзиньхуаны Орталық Азиямен, Ресеймен, Польшамен, Венгриямен, Германиямен және Нидерландымен байланыстыратын Қытай-Еуропа теміржол жүк тасымалының маңызы артты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *