ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ҚАЙТАРЫМСЫЗ ГРАНТ АЯСЫНДА КӘСІПКЕР АТАНҒАНДАР САНЫ АРТТЫ

Биыл  2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік гранттарды алуға өтінімдер қабылдау басталған болатын. Бірінші лек аясында республика бойынша 2577 грант беру жоспарлануда. Грант сомасы – 400 АЕК, яғни 2023 жылы 1 млн 380 мың теңгеге тең. Бұл жоба жаңа бизнес идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік гранттар аясында өтеді. Осыған байланысты кәсіпкерлерді қолдау мақсатында Түркістан облысына қарасты бірқатар аудандар мен елді мекендерде кәсіп ашып, нәсібін көріп отырғандар қатары толығып келеді. Сарыағаш ауданының әкімі Арман Айдарұлы қайтарымсыз грант алып кәсібін жүргізіп жатқан Қабланбек ауылдық округінің тұрғыны Сансызбаев Дидарбек Талғатұлының наубайханасына арнайы барып, наубайхананың бүгінгі таңдағы жұмыс барысымен танысты. Кәсіп иесі өткен жылдың мамыр айында 1 225 200 теңгенің грантын ұтып алып, қаржыға арнайы қондырғылар сатып алған. Мемлекеттің қолдауымен кәсіп ашқан Дидар Сансызбаев күніне 150 нан шығарып, аудан аумағындағы сауда нүктелеріне саудалауда. Сонымен қатар, кәсіп иесі бүгінде күрке тауығын өсіруді де қолға алған. Кәсібін бастамас бұрын нарықты зерттеген ол қазіргі таңда құс етіне сұраныс жоғары болып тұрғанын байқаған. Алдағы уақытта инкубациялау бағытын қолға алып, қолындағы күркелер санын 500-ге жеткізуді жоспарлап отыр. Кәсіптің көзін тапқан жас кәсіп иесі бүгінде күрке өсіруді жетік меңгеріп алған. Жас кәсіп иесі алдағы уақытта мемлекеттен 2,5 пайыздық несие алып, кәсібін кеңейтуді жоспарлауда.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында берілген қаражаттың мақсатты жұмсалып, кәсіпкерлер қатарының артуы-бірінші кезекте елдегі жұмыссыздық деңгейі төмендеп, әлеуметтің әлеуетін арттыруда тиімді тәсіл болмақ.
Сонымен қатар елімізде тек жастар ғана емес, зейнет жасына таяған азаматтар да тұрақты жұмыспен қамтылады. 50 жастан асқан адамдар мұндай мүмкіндікке «Күміс жас» жобасы арқылы қол жеткізе алады. Аталған жоба өткен жылы зейнеткерлік жасқа дейінгі азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мақсатында іске қосылған болатын.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жоба аясында былтыр 3080 адам жұмысқа орналасқанын мәлімдеген еді. Оның 516-сы – түркістандық. Яғни, ең көп жұмыспен қамтылғандар қатарында Алматы облысынан кейін Түркістан өңірі енгізілген.
Түркістан облысында «Күміс жас» жобасына биыл 1656 адамды қамту жоспарланған. 2023 жылдың 3 айының қорытындысына сәйкес, 1248 адам мемлекеттік жобаның игілігін көріп отыр. Қатысушылардың басым бөлігі Жетісай, Мақтаарал, Сайрам, Сарыағаш, Төлеби аудандары және Түркістан қаласында тіркелген. Өзге аудан, қалаларда жергілікті аймақтың ерекшеліктері ескеріле отырып, квота бөлінген.
Бәйдібек ауданының тұрғыны Ләззат Өскенбекова мемлекеттің қолдауының аясында жекеменшік мекемеге логопед қызметіне жұмысқа орналасқан.
– Жасым 54-те. Біраз жыл бұрын Алматы қаласынан көшіп келгенбіз. Негізі 30 жылдық еңбек өтілім бар. Бірақ кей себептермен жұмыссыз қалып қойдым. Осындай бағдарлама бар екенін естіген соң қатысып көруді шештім. Мамандардың нұсқауымен ақпан айында жұмысқа қабылдандым. Жұмыс ыңғайлы, өзіме ұнайды. Еңбектенбей, өзгелерден көмек күтетін адамдарға айтарым мемлекет халық үшін бағдарламаларды шығарып жатқан кезде мүмкіндіктерді пайдалануымыз керек. «Күміс жас» жобасы атына сай атқарылып жатыр екен. Мен өз құрдастарыма қатысыңдар деп кеңес беретін болдым, – дейді «Күміс жас» жобасының қатысушысы Ләззат Айдарханқызы.
Айта кетейік, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап қағидаларға бірқатар өзгеріс енгізіліп, жобаға 50 жасқа толған азаматтар қатысуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ зейнеткерлік жасқа толмаған адам кемінде 1 жыл мерзімге жұмыспен қамтылса, 58 жастан асқандарға зейнеткерлікке шыққанға дейін тұрақты жұмыс орындары ұсынылады. Жұмыс беруші айлық мөлшерінің 30%-ын, ал қалғанын мемлекет тарапы төлейді.
Мемлекеттік бағдарлама аясында кәсіп ашқан кезекті Сарыағаштық тұрғынның жұмысымен таныссақ. Айта өту керек  Сарыағаш ауданы кәсіпкерлік саласы бойынша үздіктер қатарында. Аудандағы әрбір тұрғын қол қусырып қарап отырмай, қайтарымсыз грант алып түрлі жұмыстың көзін тауып, кәсіпке айналдырып отыр. Бүгін аудан әкімі Арман Айдарұлы солардың бірқатарын аралап, жұмыс барысымен танысты.
Аудан әкімі ең алдымен Бекеев Бауыржанның Сарыағаш қаласында орналасқан жеңіл көлік жиһаздарын химиялық тазалау орталығына ат басын бұрды. Ондағы қызу тіршілікпен танысып, қайтарымсыз грант алып кәсіп бастаған Бекеев Бауыржанның жұмысына сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, аудан әкімі 2020 жылы қайтарымсыз грант алып кәсібін бастаған Қызылжар ауылдық округінің тұрғыны Абдибекова Гүлмайданның тігін шеберханасына барып, тігін шеберханасының жұмысымен танысты. Кәсіп иесі аудан әкіміне жұмыс барысын баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Содан соң, Ақжар ауылдық округінің тұрғыны Азимбаева Нурияның ем-дом қабылдайтын орталығына арнайы барып, жұмыс барысымен танысты. Қайтарымсыз грант алып кәсіп ашқан Нурия 29 жасқа дейінгі жұмыссыз жастарға қайтарымсыз грант беріп, қолдау-көмек көрсететін мемлекеттік бағдарламаға өз ризашылығын білдірді.
— Қайтарымсыз грант – аудан тұрғындарына кәсіп бастауға үлкен көмек. Тұрғындардың әл-ауқатын көтеру арқылы біз өңірдің әлеуметтік экономикалық ахуалын жақсартпақпыз. Кәсіпкерлер – ауданның тірегі. Сіздерге жағдай жасау – біздің міндетіміз. Шағын және орта бизнес дамыса, кәсіпкерлік өркендесе, ауданда экономикалық даму да, тұрақтылық та болары сөзсіз,-деді аудан әкімі.
Кәсіп жас талғамайтыны хақ. Оған дәлел Арыстық Алексей бүгінде мал шаруашылығына әбден маманданған.
Биыл Арыс қаласында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 6135-ке жетіп отыр. Олардың ішінде мемлекет қолдауына ие болып, қайтарымсыз грант арқылы кәсібін дөңгелетіп отқандар саны жыл санап көбеюде.
Соның бірі – Арыс қаласының тұрғыны Алексей Радивил. Ол өткен жылы Арыс қаласы әкімдігі «Халықты жұмыспен қамту» орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, «Бизнес бастау» оқуын оқуып, мемлекеттік грантқа қатысу үшін «Ет бағытында бордақылау кәсібі» ісі бойынша бизнес жоспарын ұсынып, жобаны комиссия мүшелерінің алдында сәтті қорғап шыққан.
Нәтижесінде 400 АЕК (1 225 200) көлемінде грантқа қол жеткізіп, қаражатқа төрт бас бұқа сатып алған. Оның үшеуі қазақтың етті ақбас сиыры.
«Әкем бала кезімде мал бордақылаумен айналысты. Ғаламторды ақтарып, мүйізді ірі қараның толайым табысқа жетелейтініне көзім жетті. Қалалық Жұмыспен қамту бөліміне құжат өткізіп, грант жеңіп алдым. Алдағы уақытта ірі кәсіпкерлердің тыныс-тіршілігінен көріп-білгенімді өз кәсібімде қайталап көрмек ойым бар,» – дейді 21 жасар Алексей Радивил.
Жас фермердің айтуынша қара малдың ішінде оңдысы да, қоңдысы да қазақтың төл малы – ақбас сиыр. Айтуынша бір жастан асқан бұқашығы 200-215 кг ет береді екен.
Алексей анасы мен інісі үшеуі отбасылық кәсіпті жандандырып, алдағы уақытта сүтті бағытта да шаруашылықты дамытуды жоспарлап отыр.
Осыған дейін облыс көлемінде грант беру жұмыстары жүргізілген болатын.  Түркістан облысында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттар берудің бірінші легі аяқталуға жақын. 2023 жылы облыс бойынша халықтың осал тобына жататын азаматтар үшін 400 АЕК көлемінде 1688 адамға грант беру мақсатында 2329,4 млн.теңге қаржы қаралды.
2023 жылдың 20 ақпаны мен 3 наурызы аралығында үміткерлерден Business.enbek.kz кәсіпкерлік бастамаларды қолдаудың бірыңғай онлайн терезесі арқылы өтінім қабылданды. Нәтижесінде, бірінші лекте 385 адамға грант беру жоспарланып, 5199 адамнан өтінім түсті. Яғни, бір орынға үміткерлер саны 13 адамнан келді. Оның ішінде ең көп өтінім Ордабасы мен Сарыағаш аудандары, Түркістан қаласынан түскен.
Осы орайда, сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатында аудан және қалалардағы грант берудің комиссия отырыстары әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларда тікелей эфир арқылы жүргізілді.
Комиссия отырысына бүгінгі таңда бизнес-жобасын қорғауға 3 739 адам келсе, оның ішінде қолдауға ие болғандар саны — 325 адамды құрады.
Санаттар бойынша:
— 25 адам атаулы әлеуметтік көмек алушылар;
— 198 адам көп балалы отбасылар;
— 63 адам мүгедектігі бар адамдар;
— 27 адам мүгедектігі бар балаларды тәрбилеп отырғандар;
— 12 адам асырушысынан айырылу бойынша жәрдемақы алатындар қатарында.
Бүгінгі таңда жұмыстар жалғасуда. Кезекті жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған гранттар берудің екінші легін өткізу 2023 жылдың мамыр айына жоспарлануда.
Түркістан облысында «Отбасының цифрлық картасын» қалыптастыру жұмыстары туралы ақпарат
2022 жылдың қазан айынан бастап азаматтардың әлеуметтік төлемдерді мемлекеттік органдарға жүгінуінсіз, отбасының цифрлық картасы арқылы проактивті режимде қызмет алуы бойынша дайындық жүргізілген болатын. 2023 жылдан бастап халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын белсенді түрде көрсету бойынша проактивті жұмыс басталды. Арнайы ақпараттық жүйеде жұмыссыз және тиімсіз өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар бойынша деректер нақтыланып, олардың нәтижелері бойынша жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету жөнінде тиісті шаралар қабылданады.
Отбасының цифрлық картасы ақпараттық жүйесін құрудың мақсаты -отбасыларды бағалауға, өмірлік қиын жағдайда жүрген отбасыларды анықтауға, олардың проактивті форматта әлеуметтік қолдау шараларын айқындауға бағытталған әлеуметтік саясат құралдарының бірін жасау.
Онда интеграцияланған ақпараттық жүйелер арқылы отбасылардың әлеуметтік портретін (олардың өтінішінсіз) жасауға және отбасының материалдық жағдайын, оның әлеуметтік мәртебесін, табысын, өмір сүру деңгейі мен әл-ауқатын анықтауға, өңірлер мен тұтастай алғанда елдердің әлеуметтік портретін жасауға және бюджет қаражатын тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында бұл б астама мемлекеттік қолдаудың түрлі шараларын біріктіріп, қолжетімділігін арттыратынын және «Электрондық хабарламашы» қызметін атқаратынын айтты.
Былтыр 60 мыңнан астам отбасының мемлекет кепілдік берген әлеуметтік көмектерді алмау себептерін анықтау мақсатында отбасының цифрлық картасына енгізе отырып зерттеу жүргізілді. Оның ішінде көп балалы отбасылар мен бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақылар және атаулы әлеуметтік көмектерді алмау, оқушылардың мектепке келмеуі сынды мәселелер сараланды.
Отбасының цифрлық картасын 2024 жылға дейін кезең-кезеңімен енгізу жоспарлануда. Яғни барлық мемлекеттік органдарда «Отбасының цифрлық картасы» ААЖ толық көлемде енгізілмек. Осыған байланысты қазіргі уақытта білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және басқа да органдардың деректерін нақтылау бойынша дайындық жұмыстары атқарылуда. Процесс аяқталған соң олар да қызмет көрсетудің белсенді режиміне көшеді.
Қазіргі таңда қажетті мәліметтерді алу және енгізу бойынша Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграция ұйымдастырылды.
Мемлекеттік қолдау аясында кәсіпкер атанған Төлебилік тұрғын, бүгінде жеңіл аяқ киім тігудің шебері болған.
Түркістан облысында шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында бірқатар іс-шаралар қолға алынған. Кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлерге өз ісін дөңгелетуге, өндірісті жолға қоюға және дамытуға мүмкіндік беретін мемлекеттік грант бөлініп келеді.
«Халықты жұмыспен қамту орталықтарына» үміткерлердің жолдаған өтініштері комиссияда қаралып, оның шешімі негізінде грант тағайындалады. Нәтижесінде, грант иегерлері кәсібін ашып, өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік алады.
Мемлекеттік қолдауға ие болған жас кәсіпкерлердің бірі – Төлеби ауданы, Көксәйек ауылының тұрғыны Рыстай Балжан. Ол өткен жылы аудандық «Халықты жұмыспен қамту орталығына» «жұмыссыз» ретінде тіркелген. «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздері бойынша онлайн негізіндегі оқу курсын аяқтап, «Бизнес» сертификатын алды.
Рыстай Балжан «Аяқ киім тігу» бизнес жобасын дайындап, мемлекеттік грант алу комиссиясында «29 жасқа дейінгі жастар» санатымен бизнес-жобасын сәтті қорғап шыққан.
Жоба мақұлданып, жас кәсіпкер 1 225 200 теңге мөлшеріндегі мемлекеттік грантқа ие болды. Кәсіпкер жаздық жеңіл аяқ киім тігу үшін қажетті құрал-жабдықтарын сатып алып, өз жеке кәсібін бастап кетті.
Жұмыспен қамту, бизнес-бастамаларды қаржыландыру және әлеуметтік төлемдер: Қазақстанда әйелдер мемлекеттен қандай қолдау алады
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Халықаралық әйелдер күні қарсаңында гендерлік тендікті сақтау, әйелдерді жұмыспен қамту және олардың денсаулығы мәселелері талқыланды. Жиынға бейнебайланыс арқылы Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды және жауапты басшылар қатысты.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров республикада гендерлік теңдікті қамтамасыз етудің құқықтық және институционалдық негізі қалыптасқанын айтып өтті. Заңнамалық деңгейде әйелдерге қатысты кемсітуді жою және теңдікті ілгерілету жөніндегі нормалар көзделген.
2015 жылы Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының Орнықты даму саласындағы мақсаттарын іске асыру жөніндегі міндеттемелерді қабылдады. Сондағы 17 мақсаттың 12-сі – гендерлік-сезімтал. 2022 жылы «Гендерлік алшақтық индексі» рейтингі бойынша Қазақстан гендерлік даму саласындағы табысты реформалардың арқасында 15 позицияға көтеріліп, рейтингте 146 елдің ішінде 65-орынды иеленді.
Бүгінде мемлекеттік қызметте, саясатта және корпоративтік секторда әйелдердің қатысуын арттыру бойынша жұмыс жалғасуда. Статистикаға сәйкес 2022 жылы мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 55%-дан астамға (46,5 мың) жетті, олардың 39%-дан астамы (9,2 мың) басшылық лауазымдарда қызмет етеді. Саяси лауазымдарда 59 әйел жұмыс істейді, олардың арасында министрлер, Агенттік, Жоғары аудиторлық палата және Конституциялық сот төрағалары, сондай-ақ облыс пен қала әкімдерінің орынбасарлары бар.
2021 жылы шағын және орта кәсіпкерліктегі әйелдердің үлесі 44,6% болды. Кәсіпорын басшыларының 30%-дан астамы – әйелдер. Сонымен қатар Үкімет гендерлік нысаналы индикаторларды мемлекеттің қатысуы бар компаниялардың даму жоспарларына енгізу арқылы олардың басшылық органдарында әйелдердің үлесін кезең-кезеңмен арттыру жөнінде шаралар қабылдап жатыр. Жыл сайын қаржылық және қаржылық емес шаралар арқылы әйелдер кәсіпкерлігін қолдау да артып келеді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың айтуынша, республикада 4,3 млн әйел жұмыс істейді, бұл жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 48%-ы. Әйелдердің 35%-ы сауда және қызмет көрсету саласында, 32%-ы білім, денсаулық сақтау және ғылым саласында, 14%-ы өнеркәсіп, құрылыс және көлік саласында, 9%-дан астамы ауыл шаруашылығында жұмыс істейді.
Министрдің айтуынша, өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында әйелдерді нәтижелі жұмыспен қамтуға тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізілді. Мәселен, 536 мың әйел жұмысқа орналастырылды, бұл барлық жұмысқа орналастырылған азаматтардың 55%-ы. Ал осы жылдың екі айында бұл көрсеткіш 92 мыңнан асты.
Мемлекеттік қолдаудың тағы бір маңызды шарасы – кейіннен жұмысқа тұрғызу немесе өз ісін ашу мүмкіндігімен оқыту. Өткен жылы 80 мыңға жуық әйел кәсіпкерлік негіздері бойынша курстардан өтті. Оқыту қорытындысы бойынша 13 мыңға жуық әйел грант алды. Олардың 58%-ы тауарлар мен қызметтерді өндіруге қажетті технологиялық жабдықтар мен керек-жарақтарды сатып алды, ал 31%-ы мал сатып алып, мал шаруашылығымен айналысты.
Сонымен қатар министр өткен жылы зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдар үшін «Күміс жас» жобасы іске қосылғанын, оның аясында 3 мыңнан астам адам жұмысқа орналастырылғанын, оның 50%-ы әйелдер екенін атап өтті. Биыл жобаға қатысу жасы 58 жастан 50 жасқа дейін төмендетілді. Жұмыс орындарын жұмыс берушілер ұсынады, қатысушылар өз біліктіліктеріне қарай өз бетінше таңдау жасай алады.
Оның айтуынша, биыл ана мен баланы қолдау шараларымен 2,1 млн отбасы қамтылмақ, оларға мемлекеттік бюджет және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының (МӘСҚ) қаражаты есебінен 1,2 трлн теңге бағытталады. Атап айтқанда, жүктілік және босану бойынша әлеуметтік төлемдерді 258 мыңнан астам әйел алады.
Одан бөлек министр өз сөзінде бала тууға арналған біржолғы жәрдемақылардың мөлшерін ұлғайту және көп балалы аналарды қолдау шаралары туралы айтты.
Әйелдер денсаулығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, әйелдерге арналған жаңа цифрлық шешімдер туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек, әйелдер бизнесін қолдау бағдарламалары туралы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасы Гаухар Бөрібаева баяндама жасады.
Өз сөзінде Премьер-Министр көптеген елде әйелдер қауымы гендерлік кедергілерге тап болатынын айтты. Мәселен, Дүниежүзілік экономикалық форумның 2022 жылғы мәліметтері бойынша, гендерлік алшақтықты жою үшін 132 жыл қажет болады. Қазақстан, өз кезегінде, 15 тармаққа көтеріліп, Жаһандық гендерлік алшақтық индексінде өз позициясын жақсартты.
«Біздің елімізде әйелдер мемлекеттік басқару ісіне тең дәрежеде қатысады, белсенді қоғамдық қызмет жүргізіп, бизнес-жобаларды іске асыруда. Мәселен, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының деректеріне сәйкес, Қазақстанда бизнестегі әйелдердің үлесі – 45%. Бұл АҚШ пен Түркия сияқты елдерге қарағанда, жоғары көрсеткіш», — деді Әлихан Смайылов.
Осы тұста, Түркістан облысының тұрғыны, «Күміс алқа» иегері Әбдіқалықова Айбибі Мырзабайқызы сөз сөйлеп, қоғамдағы әйелдердің рөлі жөнінде ойын ортаға салды. Үкімет басшысы қазақстандық әйелдер «Даму» қоры қолдаған жобалардың жартысына жуығын жүзеге асырғанын атап өтті. Бұл ретте жобалардың үштен бірін ауылдық жерлерден келген кәсіпкер әйелдер алды. Оған қоса, Премьер-Министрдің айтуынша, ана мен баланы қорғау, кәсіпкер әйелдерді қолдау, көп балалы аналарға, бала асырап алған отбасыларға көмек көрсету, әйелдерді жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, қарияларға қамқорлық жасау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттары болып қала береді.
Жыл басынан бері бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға дейін ұзартылды. Одан бөлек Әлеуметтік кодексте «Наградталған аналар» деген жаңа ұғым енгізіледі.
«Бұл мәртебе көп балалы аналарды құрметтеп, олардың еңбегін дәріптеу мақсатында “Күміс алқамен”, “Алтын алқамен” марапатталған, бұрын “Батыр ана” атағын алған, “Ана даңқы” ордендерімен марапатталған әйелдерге берілетін болады. Марапатталған аналар үшін жәрдемақы мөлшері сараланып, ұлғайтылатын болады. Шамамен 90 мың ана осындай игілікке ие болады», — деді Премьер-Министр.
Сонымен қатар Үкімет басшысы перинаталдық ұйымдардың материалдық-техникалық жағдайына ерекше назар аудару қажеттігін айтты. Олардың көпшілігі талапқа сай емес.
«Ана мен баланы қорғау жөніндегі тұжырымдама жобасында перинаталдық орталықтардың инфрақұрылымын жаңғыртуды ескеру керек. Соның ішінде Денсаулық сақтау министрлігі Алматыдағы Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығын жөндеу және жарақтандыру мәселесін шешуді жеделдетуі қажет», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы әкімдіктер Өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында әйелдерді нәтижелі жұмыспен қамтуды кеңейту бойынша шаралар қабылдап, ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы бағыттың іске асырылуын үйлестіру мен мониторинг жүргізуді қамтамасыз етуі керектігін айтты.
«Сонымен қатар кәсіпкер әйелдердің жобаларын қаржыландыруды кеңейту, оларды капиталды көп қажет ететін жобаларға, мысалы, өңдеу өнеркәсібіне тарту жөніндегі жұмысты күшейту қажет. Осы жұмыстың жүргізілуін кеңінен түсіндіру үшін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолдау көрсетуі тиіс», — деп түйіндеді Премьер-Министр.
Төле би ауданында жұмыссыз жастар қатары азаюда. Кәсіпкерлердің бірі лазерлік станоктың көмегімен былғарыны өрнектеп, түрлі кәде-сый бұйымдарын жасайды. Енді бірі нарыққа сәнді жиһаз түрлерін ұсынады. Эльмира Кеутаеваның шағын кәсіпорнында дайындалған кәде-сыйлар ел аумағында онлайн саудаласып жатыр. Лазерлік станоктың көмегімен былғарыдан жасалған әмиянға сурет салып, белдіктерді ою-өрнекпен безендіреді. Заманауи құрылғы кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған қайтарымсыз қаражат есебінен сатып алынды. Эльмира Кеутаева, кәсіпкер: – Қолдан жасалған дүниеге көбісі қызығушылық танытады. Былғары әмияндарға тапсырыс көп болғаннан кейін мен өзім сол әмияндарға жазу жазудан бастайын дедім. Мысалы, естелік ретінде «Анашым жәннатым», «Сүйікті әпкеме» деген жазулар бастырған едім тапсырыстар одан сайын көбейді. Енді үлкен зауыттарға, компанияларға, фабрикаларға біз өзіміздің сырт қаптамаларымызды ұсынсақ, біз де одан да көп тапсырыс болатынына көзіміз жетті. Информатика пәнінің мұғалімі қазір дизайн ісін меңгеруге машықтанып жүр. Өйткені жаңа станоктың компьютерлік бағдарламасы жұқа ағаш, былғары, пластмасса материалдары мен әйнектен де түрлі өнім жасауға мүмкіндік берді. Эльмира Кеутаева, кәсіпкер: – «Ең үздік тауар» номинациясы бойынша қатысқанбыз Түркістан қаласына барып. Сол кезде осы мешіттің макетін үш күн жинағанбыз. Біз команда береміз, станок өзі кесіп береді. Біз мұның бәрін деталь бойынша жинаймыз. Ал 27 жастағы Нұрболат Әшірбай болса, ротанг материалынан жасалатын жиһаз жобасын сәтті қорғап, мемлекеттік қолдауға ие болды. Жаңа істі иіріп алып кету үшін қол еңбегі аса қажет болды. Сондықтан төрт азаматты тұрақты жұмысқа алды. Цехта әуелі жұқа темірден жиһаз қаңқасы құрастырылып, кейін жасанды ротангпен өріледі. Жеңіл әрі берік жиһаз нарықта сәнді тауарға айналды. Ал сапасына 18 айға кепілдік беріледі. Нұрболат Әшірбай, кәсіпкер: – Нарықта Төле би ауданында бізден басқа мұндай бизнес түрімен айналысып жатқан адам жоқ. Соның есебінен тапсырыстарымыз қазір жақсы. Алға қойған мақсатымыз өзіміздің жеке тұтынушыларға арналған дүкенімізді ашқымыз келеді.  Биыл Төле би ауданы бойынша 173 адамға бизнес бастауға қолдау көрсету үшін 212 миллион теңгеге жуық қаржы қаралған. 118 азамат жаңа жұмыс орнын ашып, өз кәсібін бастап үлгерді.
Мамандар қайтарымсыз қаржының мақсатты жұмсалуы мониторинг топтарының жіті назарында екенін айтады. Әлімхан Жамалбеков, Төле би аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры: – Грант берілген жағдайда 2 айдың ішінде оларға уақыт беріледі бизнестерін бастап, жұмыс жасауы үшін. Одан кейінгі бір жылдың ішінде мониторинг жұмыстары жүргізіледі. Ақшаны мақсатты пайдаланды ма, бизнестерін ашты ма, жоқ па сол бойынша. Былтырғы жылы біз де бір азаматқа хабарлама жіберіліп, ақшасы қайтарылды. Ол азамат ақшасын мақсатсыз жұмсаған. Аудан көлемінде орталыққа 2500 азамат жұмыссыз ретінде тіркелген. Бірақ салаға жауаптылар кәсіптің көзін, еңбектің ебін тапқандарға қолдау көбейгенде жұмыссыз азаматтардың қатары азаятынына сенімді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *