Өткен жылы басынан бері өңірдегі 6 161 жас тұрақты жұмысқа орналасқан. Биылғы жылы Түркістан облысында жастарды жұмыспен қамту жоспарына сәйкес 29 307 жасты жұмыспен қамту көзделуде. Олардың басым көпшілігі Жастар практикасы және Қоғамдық жұмыс жобаларының аясында жүзеге аспақ. Ал, жыл басынан бері өңірдегі 6 161 жас тұрақты жұмысқа орналастырылған. Бұл туралы бүгінгі брифингте Түркістан облысының қоғамдық даму басқармасы Отбасы және жастар мәселелері жөніндегі бөлім басшысы Нұркен Аралбеков мәлімдеді. «Түркістан облысында жастар саны 473 110 адамды құрайды. Бұл көрсеткіш Республика бойынша алғашқы орында. Облыс жастарының 82% — ауыл жастары, 18% — қала жастары. Жастардың бос уақытын тиімді пайдалануы үшін облыс аумағында 1 067 үйірме қызмет көрсетуде», — деді Нұркен Бауыржанұлы. Ал, брифингке қатысқан Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлім басшысы Динара Бегалықызы биыл 5 мыңнан астам жасты «Жастар практикасы» жобасы шеңберінде жұмыспен қамтуды көздеп отырғандықтарын айтты. Сондай-ақ, жастарға арналған қайтарымсыз гранттардың мөлшері осы жылы 200 АЕК-тен 400 АЕК-ке көтерілген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, биыл жастарға жеңілдетілген 2,5 пайыздық несие беріледі. Бұл жұмыстарды үйлестіруге Түркістан облысына 2,9 млрд. теңге қаржы қаралып отыр. Оған облыстың 594 жас азаматы қатыса алады.
ҚР Қаржы және Еңбек министрліктерімен үш жақты келісім шарт жасалып, «Аграрлық несие корпорациясымен» сенім білдірілген агент ретінде танылды. Сонымен қатар, облыстық комиссия құрамы нақтыланып, облыс әкімінің шешімімен бекітілген болатын. 2023 жылдың 2 мамырындағы жағдай бойынша Түркістан өңірінің түпкір-түкпірінен 81 жастың құжаты қабылданып, комиссия қарауына тапсырылған.
Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәжіліс залында комиссия отырысы өткізіліп, шағын несие алуға үміткер 25 жастың бизнес-жобалары тыңдалды. Нәтижесі бойынша хаттама түзілуде.
Осы тұста мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсібінің нәсібін көріп отырғандар саны күн санап артып келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобаларға трансформациялау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында түрлі бағытта жобалар кешені әзірленген болатын. Соның бірі — Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы. Аталған жоба кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, кәсіпкерлердің өсуін жеделдетуге, сонымен қоса бәсекелестікті дамытуға бағытталған.
Осы орайда, Түркістан облысының БАҚ өкілдері Созақ ауданындағы мемлекеттік бағдарламалар арқылы кәсіп ашқан азаматтардың жұмысымен танысты.
Шолаққорғандық кәсіпкер Талшын Сатыбалды өткен жылы аталған жоба арқылы 1 млн 225 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант алған. Ол осы қаржыға аудан орталығынан массаж салонын ашып, онда әйелдер мен балаларға арналған емдік және классикалық массаж қызметтерін көрсетеді. Бүгінде кәсіпкер 6 адамды жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпкердің айтуынша, орталықта массаждан бөлек, хиджама, шугаринг, сатху терапевт және маникюр қызметтері бар.
«Қайтарымсыз грант – аудан тұрғындарына кәсіп бастауға үлкен көмек. Бүгінде орталығымызда ауыл тұрғындарына түрлі қызметтер көрсетіліп жатыр. Кейде тіпті тұрғындар алдын ала жазылып келеді. Өзім бұл салада үш жылдан бері еңбек етіп келемін, ал орталықтың ашылғанына бір жыл болды. Мен алдымен арнайы курсты оқыдым, ал қазір массаж сабақтарын өзім өткіземін, 40-қа жуық шәкіртім бар. Орталықтағы қызметкерлердің ай сайынғы табысы 200-300 мың теңгені құрайды. Алдағы уақытта осы кәсібімді дамыту мақсатында қосымша мемлекеттен гранттар бөлініп жатса, тағы да қатысу жоспарда бар. Cондай-ақ, соңғы үлгідегі заманауи аппараттарды алып, кәсібімді одан әрі дамытуды көздеп отырмын», — деді кәсіпкер.
Мемлекеттік грантпен кәсібін дөңгелетіп отырғандардың бірі — Зәуре Аманбекова. Ол үйінің іргесінен шағын наубайхана ашқан. Қайтарымсыз грант керекті құрал-жабдықтар сатып алуына үлкен септігін тигізгенін айтады. Оған кондитерлік өнім пісіретін пеш, үлкен тоңазытқыш сатып алыпты. Қазір тапсырыстарды орындап жатыр. Еңбекпен өрнектелген өмірі көпке үлгі боларлық. Бүгінде мұнда дәмі тіл үйіретін түрлі тәтті күлшелер мен кондитерлік тағамдар дайындалады. Мұнда бес адам еңбек етеді.
«Бұл кәсіппен отбасымызбен айналысамыз. Себебі жолдасым, ұлым мен келінім маған күнделікті көмектеседі. Ұлым дүкендерге нанды таратып отырса, келінім сол тәтті нандарды пісіруге көмектеседі. Одан бөлек қарамағымда екі адам жұмыс істеп, өз нәпақасын тауып жүр. Өзім Алматы қаласында Нан пісіру макарон және кондитерлік өндіріс технологиясы мамандығында біліп алғанмын. Еңбектің наны тәтті дейді. Еңбексіз адам арманына жете алмайды. Жұмыс істеймін деген адамдарға қуана-қуана үйретемін», — деді кәсіпкер.
Еске сала кетсек, былтыр Созақ ауданында 80-нен аса азамат мемлекеттік гранпен қамтылса, 511 адам «Бизнес бастау» бойынша оқуға жіберілген.
Айта кетсек, биыл Түркістан облысында 600-ге жуық жасқа 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие беріледі. Қазіргі таңда құжат қабылдау жүріп жатыр. Қатысушылардың жасы 21 мен 35 аралығында болуы тиіс. Жастар 5 миллион теңгеге дейін несие ала алады.
Сонымен қатар биыл қоныс аудару жәрмеңкесі жобасы қолға алынған болатын. Жоба аясында 3900 ден астам бос жұмыс орны ұсынылды. Сәуір айының 19-21 күндері Түркістан облысында «Қуатты өңірлер — ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында Солтүстік өңірлерге «Қоныс аудару» жәрмеңкесі өтті. 19 сәуір күні Мақтаарал ауданында басталған жәрмеңке 20 сәуірде Сайрам ауданында жалғасып, бүгін Түркістан қаласында қорытындыланды.
Жәрмеңке барысында Павлодар, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Абай облыстарынан келген 76 маман оңтүстік өңіріне қарасты Сарыағаш, Келес, Сайрам, Ордабасы аудандарын аралады. Аталған жәрмеңкеде 4 өңір бойынша барлығы 3934 бос орын ұсынылды. Бұл туралы бүгін өткен брифингте Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрашов мәлімдеді.
Спикердің сөзінше, 3 күннің ішінде 500 отбасы, мүшелерін қоса есептегенде 2000-ға жуық түркістандық теріскейге көшуге ниет білдіріп отыр. Жалпы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасы аясында 2015 жылдан бері Түркістан облысынан еліміздің жұмыс күші жетіспейтін Солтүстік өңірлерге халықты қоныстандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде, облыстан 2015-2022 жылдар аралығында 11 892 адам қоныс аударған. 2022 жылдың қорытындысымен республика бойынша 6 587 квота белгіленсе, оның 32,3%-на Түркістан облысынан қоныс аударды. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылдармен салыстырғанда 3 есеге дейін ұлғайған.
Сондай-ақ, биыл республика бойынша 6727 квота бөлініп отыр. Қоныс аударушылар үшін мемлекеттік қолдау көрсететін Абай, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстары болып белгіленді. Бөлінген квота негізінде, биыл жыл басынан бері Түркістан облысынан 34 отбасы, 79 адам қоныс аударды.
Брифингте сөз алған Павлодар қаласының Халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Меруерт Есембаева аймаққа аса қажет мамандықтарға тоқталды.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасы аясында 2015 жылдан бері Түркістан облысынан еліміздің жұмыс күші жетіспейтін Солтүстік өңірлерге халықты қоныстандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал Павлодар облысы оңтүстіктен солтүстікке көшу бағдарламасына 2017 жылдан бері қатысып келеді. Соның нәтижесінде осы уақытқа дейін Павлодар облысына 15 мыңнан аса адам көшіп келіп, жұмыс күші артуда. Былтыр 2500-ден аса адам қоныс аударса, биыл 2800 адам көшіп келеді деп жоспарланып отыр. Павлодар облысы жалпы 1750 бірлік бос жұмыс ұсынатын болады. Оның ішінде медицина, көлік, өнеркәсіп, құрылыс, ауылшаруашылығы сынды мамандықтар қарастырылған. Жыл басынан бастап, Павлодар өңіріне 600-ден астам адам көшіп келіп үлгерді», — деді ол.
Сонымен қатар, солтүстік өңірлеріне қоныс аударғандардың жұмысқа қабілеттілер қатарынан өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасуымен қатар, ауыл шаруашылығы саласында мал, егін шаруашылығымен айналысуға арнайы жер алып, өз істерін ашуға қолдау көрсетілген.
«Жалпы өңіраралық қоныс бағдарламасы шеңберінде Шығыс Қазақстан облысына 4000-ға жуық азамат қоныс аударды. Оның ішінде Түркістан облысынан 223 адам қоныс аударған. Олардың әлеуметтік тұрмыс жағдайы біздің тараптан барынша қолдау жасалады. Мәселен тұрғын үймен, жер мәселесі, балабақша, мектеп, мемлекет тарапынан берілетін қаржымен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, біз биыл бірінші рет Түркістан облысына келіп, үлкен жәрмеңкеге қатысып отырмыз. «Қоныс аудару» жәрмеңкесі аясында біздің өңірімізге көшіп келуге қызығушылық танытқандардың қатары едәуір өсті. Келем деушілерге біз қолдау көрсетуге дайынбыз», — деді ШҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының өкілі Альбина Уақбаева.
Еске сала кетсек, Ұлттық жоба аясында Солтүстік өңірлерге қоныс аударушыларды ынталандыру мақсатында әлеуметтік қолдаулар қарастырылған. Мәселен, қоныс аудару барысында отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК яғни, 241 500 теңге мөлшерінде материалдық көмек беріледі. Тұрғын үйді жалға алу мен коммуналдық қызметтерге ақы төлеу жөнінен шығыстарды өтеу бойынша ауылдық және қалалық жерлерге қоныстануына қарай көмек көрсетіледі. Сондай-ақ, Түркістан облысынан 500 отбасы солтүстікке қоныстануға ниетті. Еліміздің солтүстік аймақтарынан келген арнайы делегацияның Түркістан облысына жоспарлаған жұмыс сапары аяқталды. 19 сәуір күні Мақтаарал ауданында басталған «Қоныс аудару» жәрмеңкесі 20 сәуірде Сайрам ауданында жалғасты. 3 күнге созылған жәрмеңке бүгін Түркістан қаласында қорытындыланды.
Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Абай және Павлодар облыстарының жұмыс берушілері Түркістан облысының тұрғындарына жәрмеңке өткізді. 4 өңірдің делегация құрамындағы 80-ге жуық жауапты өкіл ел аралап, облыстың 3 аймағында өткізілген жәрмеңкелерге қатысты. 4 ауылдық округтің жергілікті тұрғындарымен кездесіп, үгіт-насихат жүргізді. Мемлекеттік бағдарламаларды бетпе-бет әрі қарапайым түрде түсіндіруінің нәтижесінде 3 күннің ішінде 500 отбасы, мүшелерін қоса есептегенде 2000-ға жуық түркістандық теріскейге көшуге ниет білдіріп отыр.
Облыс орталығындағы «Farab» кітапханасында өткен шараны ашып берген Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы солтүстік аймақтармен іскерлік қарым-қатынас одан әрі нығаятынын жеткізді. Осы ретте, делегация өкілдері аталған іс-шараларды ұйымдастырған Түркістан облысы әкімдігі мен белсенділік танытқан тұрғындарға алғыс білдірді.
Жиынға келген азаматтар бос жұмыс орындары мен қоныс аударушыларға көрсетілетін әлеуметтік көмектер жайында толық ақпараттарға қанық болды.
– Жәрмеңкенің өтетінін есітіп, ұлыма жұмыс қарастырып келдім. Қазір көлік жүргізушісі болып жұмыс істейді. Бірақ өзі кәсіпке жақын. Жақсы жеңілдіктер көрсетілетінін айтты. Берілетін көмектер де бізге тиімді. Әсіресе, жұмыссыз жүргендер үшін. Үйге барып, ұлым мен келініме естіген ақпараттарды жеткіземін. Көпбалалы отбасы болған соң келінім де жұмысқа орналасса деген ниет болып тұр. Шынымды айтсам, көшуге тұрарлық жағдайлар бар екен, – дейді қала тұрғыны Ж.Қыдырәлиева.
Жәрмеңкеде жастардың да жаңа өмір бастауға ынталы екені байқалды. Мәселен, Аслан есімді қала тұрғыны Павлодар облысының Аққулы ауданына қоныс аударуға қызығушылық танытты.
– Павлодар облысының өкілдерінен өз мамандығым бойынша қандай бос вакансиялар бар екенін сұрап білдім. Аққулы ауданы бойынша мәліметпен таныстым. Айтқан ұсыныстары дұрыс келіп тұр. Бірден шешім қабылдамасам да, әлі ойланамын. Өйткені, алдын ала барып, облыстардың жағдайын көзбен көріп, ауылдарды аралап танысып қайтуға болады екен, – дейді А.Қалмұрзаев.
Делегация өкілдерінің айтуынша вакансиялар қатары өзгеріске ұшырап отырғанымен, денсаулық, білім, ауыл шаруашылығы, құрылыс, өнеркәсіп, көлік салалары бойынша мамандар тапшы. Ішкі көші-қонды реттеуге көпбалалы отбасылар үлкен үлес қосатынын атап өтті. Олар Түркістан облысының тұрғындарына жалпы 3934 бос жұмыс орнын ұсынды. Сондай-ақ вакансиялар қатарында мамандығы сәйкес келмеген жағдайда, ұқсас мамандықтар негізге алынып, жұмыспен қамтуға мүмкіндік бар.
Атап өтейік, 2015 жылы еңбек ресурстарының теңгерімділігін арттыру және ішкі көші-қонды реттеу мақсатында басталған бағдарлама аясында 2022 жылға дейін Түркістан облысынан 12 мыңға жуық азамат Солтүстік өңірлерге қоныстанған.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы аясында Солтүстік өңірлерге қоныс аударушыларды ынталандыру мақсатында әлеуметтік қолдаулар қарастырылған. Мәселен, қоныс аудару барысында отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК яғни, 241 500 теңге мөлшерінде материалдық көмек беріледі. Тұрғын үйді жалға алу мен коммуналдық қызметтерге ақы төлеу жөнінен шығыстарды өтеу бойынша ауылдық және қалалық жерлерге қоныстануына қарай көмек көрсетіледі. Биыл республика бойынша 6727 квота бекітіліп отыр.