Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 19,8 млрд. теңге қаржы бөлінді. Бүгінгі таңда мақұлданған жобалар көрсеткіші бойынша Түркістан облысы елімізде көш бастап тұр. Бірақ әлі де мәселелер көп. Жұмысты ширатып, ауыл тұрғындарын кәсіпкерлікке тарту керек. Бұл түйткіл бойынша арнайы мәжіліс өткізілді. Жиында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жауаптыларға жұмысты жандандыруды тапсырды. Жобаны жүзеге асыруда кемшілікке бой алдырған әкімдер мен мекеме басшыларын сынға алып, есептерін тыңдады.
– «Ауыл аманаты» бойынша жобаларды қаржыландыру көрсеткіші төмен. Уақыт өтіп жатыр. Жоспарға енгізілген барлық ауылдарда жобалар толық жүзеге асып, елдің табысы артуы тиіс. Жауапты басқарма басшылары, сіздер ауыл шаруашылығындағы проблемаларды анықтап, шешу жолдарын ұсыныңыздар. Тұрғындарға идеялар беріп, жобаны жүзеге асыруға, өз кәсіптерін бастауға көмектесіңіздер. Белсенді тұрғындар өздері ізденіп, несиесін алады. Бірақ тұрғындардың бәрі ондай белсенді емес. Оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кеңес берген жөн. Аудан, қала әкімдері, былай отыра беруге болмайды. Ізденіңіздер, «Ауыл аманаты» жобасын жандандыру керек. Қаржыландыруға жауапты «Ырыс» қаржы ұйымы мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация басшылары да жұмысты ширатсын. Аз ғана жобаны игере алмай отырсыздар. Шаруалардың, тұрғындардың жобалары жылдам қаржыландырылсын, – деді Дархан Сатыбалды.
Мәжілісте Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспанов пен Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметовтың есептері тыңдалды.
Жоба арқылы 3220 тұрғынға несие беріп, 3413 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Жұмыстар нәтижесінде орташа айлық кіріс 1,5 есеге, сүт өнімін өндіру 40,6 пайызға, ет өндіру 63,2 пайызға, жылыжай өнімі 26,2 пайызға, құс еті 2,4 пайызға, балық өнімі 2 пайызға ұлғаяды деп жоспарланған. Бүгінгі таңда Түркістан облысында 3,6 млрд. теңгенің жобалары мақұлданған.
Бастапқыда бекітілген құжаттардың тізбесі 16 болып бекітілген. Жоба аясында қағазбастылықты жою мақсатында қажетті құжаттар тізімі жұмысшы топпен қайта қаралып, құжаттар саны 8-ге дейін қысқартылды. Бұл ауыл тұрғындарына қолайлы.
«Ауыл аманаты» жобасы бойынша Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы тарапынан 50 бизнес жоспар әзірленіп, тұрғындарға ұсынылған. Ауылда кәсіпкерлікті дамыту, өндіріс орындарын ашу бағытында да жұмыстар жалғасады. Жоспарды орындамаған және төмен нәтиже көрсеткен басшыларға шара көріледі.
Түркістан облысына 2023 жылы «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға Түркістан облысына республикалық бюджеттен 11,0 млрд. теңге несие қаражаты бөлінген болатын. Енді өңірге қосымша 8,7 млрд. теңге қаражат қарастырылып отыр.
Енді соған сәйкес 16 ауданнан анықталған 32 ауылдық округке қосымша әр аумақтан 2 ауылдық округтен қосу жоспарлануда. Бұл мақсат биыл шілде айынан бастап жүзеге асып, өңір бойынша жалпы 64 ауылдық округ қамтылады. Осы мәселені талқылау мақсатында салаға жауапты басшылар мен аудан әкімдерінің орынбасарлары жиын өткізді. Мәжілісті Түркістан ӘКК АҚ-ның қаржы және «Ауыл аманаты» бағдарлмасының мониторингі жөніндегі басқарушы директоры Нұрлыбек Исаев және «Ырыс» МҚҰ басқарма төрағасы Мұхит Мыңбаев жүргізіп отырды.
Несиелерді қаржыландыру бойынша 6 бағыт іріктелді. Олар:
➢ Өсімдік шаруашылығын дамыту;
➢ Мал шаруашылығын дамыту;
➢ Құс шаруашылығын дамыту;
➢ Балық шаруашылығын дамыту;
➢ Ауыл шаруашылығы кооперативтерді жабдықтау;
➢ Тұрғындардың өз кәсібін ашу.
Жобаны тиімді жүргізу үшін өңірде жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдық беріледі. Үміткерлер қатысатын ауылдық округтерде 44 кооператив бекітіліп, әлеуетті несие алушылардың тізімі жасақталды. Қазіргі таңда, несие қаржысын таратушы әрі сенім білдірген өкіл ретінде «Түркістан ӘКК» АҚ тиісті шараларды атқаруда.
Осыған дейін облыстық барлық ауылдық округтерінде скринингтер жасалып, тұрғындар сауалнамаға қатысты. Жалпы жоба аясында 2200 (орта несие қаражаты көлемі 5,0 млн. теңге) бірлікке жуық микрокредиттер беріледі. Нәтижесінде бағдарлама аясында 2 300 жаңа жұмыс орны құрылып, өңірдегі атаулы әлеуметтік көмек алушы отбасы санын төмендету көзделген.
Қазіргі таңда пилоттық жобаға қатысатын қосымша екі ауылды аудан әкімімен бекітіп, салалық басқарма мен «Түркістан ӘКК» және «Ырыс» МҚҰ өкілдерімен алдын ала жоспарланған жобаларды келісу жұмыстары жүргізілуде.
Аудан әкімнің орынбасарлары таңдалған ауылдық округтер бойынша толық талдау нәтижелерін, ұсынылатын басым бағыттарын, әлеуетті несие алушылар саны, ауылдық округ тұрғындарының бейім кәсіптері туралы толыққанды мәлімет ұсынды. Жиын қорытындысында аудан әкімдіктері ұсынған ауылдық округтер пилоттық жобаға қосымша қатысатын болып келісілді. Айта кетейік, 18 сәуірден бастап несие құжаттар қабылдау басталып, бүгінге дейін 847 өтінім келіп түсті. Оның ішінде 459 өтінімнің 2,8 млрд. теңгелік құжаттары қаралу сатысында болса, несие комитетімен 1,1 млрд. теңгенің 248 құжаты мақұлданды.
Осыған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Бұл орайда, биыл елімізде халықтың табысын арттыру бағдарламасын орындау мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы жүзеге асырыла бастады. Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл шаруашылығы саласына арналған 2,5 пайыздық несие беру басталды. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұрбол Бекмұратов мәлім етті. Оның айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасына облыстың 16 ауданынан 32 ауылдық округінің тұрғындары қатыса алады. Бағдарламаны жүзеге асыруға биыл облыс шаруалары үшін бюджеттен 20 млрд. теңгеге жуық қаражат бөлінді. Жалпы өңірімізден орташа есеппен алғанда 2500-ден аса азамат бағдарламаға қатыса алады деп жоспарланып отыр.
– Аталған жоба ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізеді. Несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылады: өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары мен ауыл шаруашылығы кооперативтерді жабдықтау және тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндігі бар, – деді Нұрбол Бекмұратов.
Сондай-ақ, брифингте сөз алған «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары Нұрлыбек Исаев несие шарттарымен таныстырды.
– Бұл бағдарлама негізінен ауыл шарушылығын өркендетуге басымдық береді. Несие алу үшін ауыл тұрғындары ауыл әкімдіктеріне өтінім білдіру қажет. Ауыл әкімдіктері тұрғындар несие алғанша толық сүйемелдеу жүргізеді. Несие алушылар – ауылдық елдімекен тұрғындары және зейнет жасынан аспауы тиіс. Кәсіпті ашуға оқыту жұмыстары тегін жүргізіледі. Әрі несиесін толық жауып, кәсібін дамытатын болса, жеңілдетілген несиеге қайта қол жеткізуге болады, — деді Нұрлыбек Исаев. Жоба шеңберінде жеке қосалқы шаруашылық пен жеке кәсіпкерлер үшін 8 625 000 теңгеге дейін, ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері үшін 27 600 000 теңгеге дейін несие беріледі. Микрокредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Жылжымайтын кез келген мүліктің 70 пайызы бағаланады. Несиені өтеуге берілетін жеңілдік кезеңі – 12 айға дейін.

Жиын барысында жауапты сала өкілдері несие алушы ауыл тұрғындарының ауыл шаруашылығы кооперативіне бірігудің пайдасы көп екенін атап өтті. Себебі бұл арзан бағамен жем сатып алуға, жер жыртуға, қоқыс шығаруға, арнайы техникаларды пайдалануға мүмкіндік береді. Айта кетсек, «Ауыл аманаты» жобасы 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады.
Жуықта ғана Сарыағаштық тұрғын мемлекеттік грант аясында наубайхана ашып, кәсібін дөңгелетіп отыр. Адал еңбек, маңдай термен тапқан нанның қашан да берекесі мол болатыны анық. Бүгінде Түркістан облысында ерінбей еңбек етіп, кәсіптерін дөңгелетіп отырған азаматтар аз емес. Солардың бірі – наубайхана өндірісін жолға қойған Сарыағаш ауданының тұрғыны, жеке кәсіпкер Р.Кемелов. Кәсіпкер биыл сәуір айында мемлекеттік грант алып, «Пернебек ата» наубайханасын ашып, бүгінде нан өндірісін дамытып отыр. Күніне 100-ден астам нан жауып, сауда нүктелеріне таратады.
Кәсіпкерлік саласы көп еңбекті және тәуекелді талап етеді. Десе де, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жандарға үлкен мүмкіндік бар. Тек, кәсіп ашуға ниетті азаматтар мемлекеттің қолдауын дұрыс пайдалана білсе, еліміздегі кәсіпкерлік саласын бұдан да жоғары деңгейге көтеруге әбден болады.
Сайрамдық тұрғын 2,5 пайызбен несие алып кәсіп ашқан. Бүгінде облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тікелей қадағалауымен аталған жобаны үйлестіру, тұрғындардың кәсіп ашуына қолдау көрсету жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

«Ауыл аманаты» жобасы аясында пилоттық жобаға қатысқан Сайрам ауданы Ақбұлақ ауылдық округі бойынша 20 азамат несие алуға өтінім жолдаған. Бүгінде 10 азаматтың жобасы облыстық комиссия қарауынан өтіп, мақұлданған. Несиелендірілген азаматтар ішінде облыс бойынша бірінші болып несие алып, өз кәсібін ашқан – Ақбұлақ ауылдық округінің тұрғыны Тұрар Сүлейменов. Кәсіпкер өз жобасын іске асыру мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында сүт бағытындағы мал шаруашылығы бойынша 8,6 млн теңге несие алуға мүлкін кепілге қоя отырып, өтінім жолдаған. Нәтижесінде, облыстық комиссияның оң шешімімен 8 млн теңге қаржы берілген. Кәсіпкер несие қаржысына Ақмола облысынан 16 бас сауын сиыр әкелген. Бүгінгі күнде әр сиырдан 10 литрден сүт алып, «Натур Продукт» ЖШС-на өткізуде. Кәсіпкер өз кәсібін дамыту аясында алдағы уақытта мал басын ұлғайтуды жоспарлап отыр.