Түркістан қаласында Ұлттық домбыра күніне орай Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасы мен Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен республикалық «Күй құдіреті» байқауы өтті. Байқаудың мақсаты қазақ халқының рухани құндылықтарын, ұрпақтар сабақтастығын насихаттау, күй өнерін дамыту және талантты күй орындаушыларды анықтау, олардың шығармашылығына қолдау көрсету.
Байқауға еліміздің Алматы, Шымкент қалаларынан, Атырау, Ақтөбе, Абай, Қызылорда, Түркістан облысынан және елордадан келген дарынды күйшілер бақ сынады. Екі кезеңнен тұратын сайыста қатысушылар билет таңдау арқылы шығарма орындады. I кезеңде Құрманғазы Сығырбайұлының: «Серпер», «Байжұма», «Төремұрат» шығармаларын және Төлеген Момбековтің: «Салтанат», «Қанағат», «Мешін» күйлерінің бірін орындады. Ал II кезеңге өткен 14 қатысушы Сүгір Әлиұлының: «Қосбасар», «Наз қоңыр», «Шалқыма» шығармаларының бірін орындап, өнерін ортаға салды. Дүбірлі додада төрелік етуші қазылар алқасы құрамы ҚР Мәдениет саласының үздіктерімен жасақталды. Үміткерлердің өнерін бағалау кезінде төрешілер орындаушылық шеберлігіне, шығарманың күрделілігіне, сахна мәдениеті мен ұлттық киіміне баса назар аударды.
Қазылар алқасының шешімімен Бас жүлде Шымкент қаласынан келген Абдужаббаров Сүндетке бұйырды. Жүлделі I орын Түркістан облысының тумасы Құлымбетов Жандосқа бұйырды. Сайыста II орын иегерлері атанған Тараз қаласынан келген Әзімбаев Мейірбек пен Астана қаласынан келген Құдайбергенов Дарын. III орын иегерлері Сәтім Ернар (Алматы қаласы), Қуандықов Нұрдәулет (Түркістан облысы) пен Жаншин Дәулет (Ақтөбе облысы) атанды. Сондай-ақ Нұрмағанбетов Нартай (Қызылорда облысы) Құрманғазы атындағы арнайы жүлдемен, Жұмағали Серік (Алматы қаласы) Сүгір Әли атындағы арнайы жүлдемен, Оразтаев Нұрсұлтан (Шымкент қаласы) Төлеген Момбеков атындағы арнайы жүлдемен марапатталды. Ал Тойшыбек Мағжанға (Түркістан облысы), Қызылғұлов Қанатқа (Атырау облысы), Матжан Нұрасылға (Алматы қаласы) және Айтмағанбетов Мейрамға (Астана қаласы) қаржылай жүлде табысталды. Байқау жеңімпаздарына арнайы диплом мен жүлделі қаржылай сыйлықтар берілсе, барлық қатысушыларға қатысқаны үшін алғыс хат пен арнайы сыйлықтар табысталды.
Ұлттық домбыра күніне арналған республикалық «Күй құдіреті» күйшілер байқауы мерекелік Гала-концертпен жалғасын тапты. Түркістан қаласы Амфитеатр орталығында өткізілген мерекелік кеште Қазақстанның халық әртісі, дәстүрлі ән өнерінің майталманы Қажыбек Құдайбергенұлы Бекбосыновтың шығармашылығына арналған “Қазақтың Қажыбегі” атты ән жинағының тұсауы кесілді. Ән жинақ көпшілікке жол тартты. Шарада «Тұмар», «Саялы Сарыағаш» фольклорлық ансамбльдері, елімізге танымал күйшілер және республикалық «Күй құдіреті» күйшілер байқауының жеңімпаздары өнер көрсетті. Елордадан арнайы келген Әділет Азбаев пен Олжас Мырзабек қос күй орындап, күй өнерінің құдіретіне бөледі. Сондай-ақ мерекелік шарада 200 ге жуық кеш көрермені және қос ішектің күмбірімен шанағынан сыр ақтарған күйшілер бірге бір мезетте Құрманғазының «Балбырауын» күйін киелі орда төрінде әуелетті.Аспаптың асқақ үні аспанға шарықтады. Ұлттық құндылығымыздың бірі болған қасиетті қара домбыра, көзіміздің қарашығы әрі руханиятымыздың айнымас бөлігі. Домбыра- қазақтың киесі, қасиеті, қазынасы. Ұлттық шежіремізді ұлықтайық. Ұлттық домбыра күні құтты болсын!
Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы
Мадина ДАУЛЕТОВА
Сымбат СЕЙТХАНОВА