Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі кеңесте Президент Үкімет пен атқарушы органдарға отандық өндірісті ұлғайту, азаматтардың нақты табысын арттыру, экономиканы әртараптандыру, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, инвестиция тарту, инфрақұрылымды одан әрі дамыту жөнінде тапсырма берген болатын.
«Жұрттың ай сайын жұмсайтын қаржысының тең жартысынан көбі азық-түлік алуға кетеді. Үкіметтің әрекеті жеткіліксіз болып отыр. Тыйым салу және шектеу шаралары уақытша ғана әсер етеді. Мұндай қадамдар қиындықтың бетін қайтарса да, одан біржола құтылуға мүмкіндік бермейді, тіпті, мәселені ушықтырады деуге болады. Ауыл шаруашылығы және өндіріс саласының дамуында нақты нәтиже жоқ. Азық-түлік инфляциясының басты себебі де – осында. Елімізде өндірілетін тауардың көлемі ішкі сұранысты қамтамасыз етуге жетпейді. Импортқа тәуелдіміз. Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бөлінетін бюджет қаражаты тиімді жұмсалуға тиіс. Мұны мұқият қадағалау қажет. 2019-2021 жылдары өнім өңдеуге берілген субсидияны алайық. Бұл қаражаттың тең жартысы субсидия алам деушілердің 10 пайызының ғана қолына тиген. Субсидия алған кейбір пысықайлар өндірісті өркендетудің орнына бюджет қаржысын қалтасына басып, шалқып өмір сүрген. Ал қарапайым шаруалар үшін субсидия алу – қияметтің қиыны. Оның үстіне, субсидия беру жүйесі өте күрделі және қажетті мәлімет көпшілікке қолжетімді емес. Субсидия бөлуді реттейтін жаңа цифрлық жүйе бұл түйткілді шеше алмай тұр. Әрине, біршама жұмыс атқарылды. Мұны жоққа шығаруға болмайды. Бірақ бұл бағыттағы жұмысты аяғына дейін жеткізу керек», деді президент.
Одан бөлек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жолдауында 2024 жылғы 1 қаңтардан кәсіпкерлікті жүйелі қолдаудың жаңа тәсілдері енгізілуі тиіс екенін айтты.
«Кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау жұмыстарының бәрін басынан бастап реттеу керек. Тапсырма екі жылдан бері орындалмай келеді. Жүздеген, тіпті мыңдаған заңнамалық құжат пен нұсқаулықты қайта-қайта түзете бергеннен ештеңе шықпайды. Оның орнына ықшамды әрі түсінікті жаңа ережелерді бекіткен жөн. Мұндай тәсілді 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап толық енгізу қажет», – дейді Тоқаев.
Сондай-ақ, президент мемлекет қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән беретінін айтты.
“Еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі. Бұл – негізгі талап. Сонымен қатар, мемлекеттен көмек алатын бизнес өкілдерін анықтайтын автоматты жүйе енгізіледі. Мемлекеттік сатып алудың мүлде жаңа жүйесі жасалады. Бағаның төмен болуы ғана емес, тауарлар мен қызметтердің сапасы басты назарда болады. Мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуды бірыңғай платформаға көшіру қажет. Осының бәрін жүзеге асыру үшін «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң қабылдануға тиіс», – дейді.
Оның айтуынша, кәсіпкерлерге жер телімдерін ашық әрі жедел бөлудің тиімді тәсілдері айқындалуы тиіс.
“Оны жыл соңына дейін әзірлеу керек. Әрбір аймақ пен елді мекенде бос жатқан немесе мақсатына сай игерілмеген жердің бар-жоғын анықтау қажет. Бұл ақпаратты бизнес өкілдері білуге тиіс. Аталған шаралар кәсіпкерлердің ғана емес, жалпы экономиканың бәсекеге қабілетін арттыра түсетіні анық», – деді Тоқаев.
Бұл орайда, Түркістан облысында осы бағытта қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Облыста қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Кәсіпкерлік субъектілерінің саны жыл сайын өсіп келеді. 5 жылда олардың саны 184 мыңға жетті. 5 жылда шығарылған өнім 11 есеге дейін өсіп, 1 трлн. теңгеден асты (2018 ж. 130,9 млрд. теңге).
«Кәсіпкерлікті дамытудың» ұлттық жобасы шеңберінде өткен жылы бизнес субъектілері 46 млрд. теңгеге жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етілді. Өз ісін бастауға ынталы азаматтарға «Түркістан» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» арқылы өткен жылы 22 336 қызмет түрі тегін көрсетілді.
Түркістан қаласын рухани астана ретінде дамыту бастамасы негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемінің өсуіне ықпал етті. 5 жылда инвестиция көлемі 3 есеге артып, облыс экономикасына жалпы 3 трлн. теңгедей инвестиция тартылды. Негізгі капиталға бағытталған инвестицияның басым бөлігі жеке инвестицияға тиесілі. 5 жылда облысқа салынған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 2 млрд. АҚШ долларын құрады. Жалпы сомасы 422 млрд. теңгеге 133 инвестициялық жоба іске асырылып, 9 347 жұмыс орны құрылды.
Биыл инвестиция тұрақты өсіп келеді. Өсім қарқыны бойынша өңір республикада алдыңғы орында (5 айда 196,1 млрд. тг.). Түркістан облысында 5 жылға арналған 368 инвестициялық жоба жоспарланды. Құны 2,8 трлн. теңге болатын жобалар арқылы 18,5 мың жұмыс орны ашылады. 2023 жылы 48 жоба іске қосылып, 1168 адам жұмыспен қамтылды.
Бүгінгі таңда өңірде орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған елді мекендердің жалпы саны 720-ға жетіп, қамту деңгейі 86,4% құрады (2 025 мың адам немесе 95,6%). Биыл 18 елді мекенге жаңадан ауыз су құбыры салынады, 12 елді мекеннің тозығы жеткен су жүйелері жаңартылады. 465 елді мекенге газ жүргізіліп, қамту деңгейі 56% құрады (1 537,6 мың адам немесе 72,6%). Биыл 68 нысанның құрылысы аяқталып, қосымша 57 елді мекен табиғи газға қосылуға мүмкіндік алады.
5 жылда 6 100 км жол құрылыс-жөндеуден өтіп, жергілікті маңызы бар жолдардың нормативтік үлесі 71,2%-дан 92%-ға жетті. Биыл 2 мың шақырымға жуық жолға құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 2025 жылдың соңына дейін қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесін 95%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Тағы бір маңызды жаңалықтың бірі — Түркістан облысында биыл 5 айда 55 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін 109 мың адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылмақ екен.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, еліміздің келешегі экономиканың мықты болуына байланысты және кәсіпкерлер мемлекет мүддесін жоғары қоя білуі керек.
– Жалпы, жұмысты дұрыс жүргізу үшін мемлекеттік органдардың есебі жеткіліксіз. Елімізде және әлемде болып жатқан оқиғалар туралы сіздердің пікірлеріңізді білу аса маңызды. Мен, ең алдымен, бір мәселені нақты айтқым келеді. «Ойын ережесі» әділ әрі бәріне бірдей болатын ашық экономика саясаты жалғаса береді. Бұл – менің берік ұстанымым. «Майшелпек орындар» мен жайлы қызметтерді үлестіруге жол берілмейді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы бизнеспен жұмыс істеу кезінде ескі тәсілдерге жол берілмеуі керек екенін атап өтіп, құқық қорғау органдары қызметіндегі кемшіліктерді сынға алды.
– Науқаншылдыққа салынып, асыра сілтеуге мүлде болмайды. Егер мұндай оқиғалар анықталса, арнайы тексеру жүргізіледі. Тиісті баға беріледі. 2019 жылы өз Жолдауымда бизнеске заңсыз кедергі келтіру мемлекет мүддесіне қарсы бағытталған қылмыс ретінде қарастырылатынын айттым. Бұл – Бас прокуратураның міндеті. Әрине, алаяқтармен күресу қажет. Оған дау жоқ. Бірақ, артық қыламын деп, тыртық қылмау керек. Жазықсыз жандар қосақ арасында жапа шекпеуге тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы кәсіпкерлерді күдікті деп тану тәжірибесі жиі кездесетінін және іс жүзінде бұл тек мүлік даулары екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарынан бірінші кезекте алаяқтық, қаржыны жылыстату, заңсыз ақша табу, қаржы пирамидаларын құру әрекеттерін әшкерелеуді талап етті.
– Әрине, Бас прокуратура құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қиялынан туған қылмыстық істерді тоқтатуға тиіс. Мұндай күмәнді істерге бастамашы болғандарды жауапқа тарту керек. Мемлекеттің бизнеске қолайлы жағдай жасау саясатына нұқсан келтіретін күштік құрылымдар қызметкерлері басшыларының жауапкершілігін арттыру шараларын айқындау маңызды. Бас прокуратураға Жоғарғы Сотпен және Үкіметпен бірлесе отырып, заңнамаға нақты түзетулер топтамасын әзірлеуді тапсырамын. Әкімшілік бұл мәселені бақылауға алсын, – деді Президент.
Мемлекет басшысы бизнесті қорғау тетіктерін күшейту мәселесінен бөлек тартымды инвестициялық климат қалыптастыруды маңызды деп санайды. Оның пікірінше, жаһандық тұрақсыздық және белгісіздік жағдайында ішкі және сыртқы сын-тегеуріндер күшейген тұста мемлекеттің рөлі арта түседі.
– Мықты әрі орнықты нарықтық экономика құру үшін бәсекеге жол бермейтін факторларды анықтап, оларды жою жөнінде жүйелі жұмыстар жүргізу қажет. Мұндай сын-қатердің астарында мемлекеттік қолдау шараларын ұсынудың тиімсіз рәсімдері мен оларды айқындау мәселесі жатыр. Бұл салық жеңілдіктеріне, жер телімдерін бөлуге, мемлекеттік сатып алуларға және жалпы әкімшілік реттеу жұмыстарына қатысты болып отыр, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлердің жер телімдеріне қол жеткізу жүйесі мен рәсімдерінің тиімділігін сынға алып, Үкіметке осы мәселені ерекше бақылауға алуды тапсырды. Оның айтуынша, жобаның тиімді іске асырылуы жер телімдерін алуға өтініштерді беру және қарастырудың автоматтандырылған тетігін жедел енгізуге мүмкіндік береді. Президент бұл жүйені осы жылдың соңына дейін іске қосуды тапсырды.
Айбат Бакенов, Созақ ауданының тұрғыны, фермер.