Түркістан төрінде биыл үшінші рет Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық мәдениет және туризм басқармасы ұйымдастырып отырған Республикалық «Түркістан дауысы-2023» жас орындаушылар байқауы қыркүйектің 13-14 күндері «Конгресс холл» көпсалалы кешенінде өтті.
Байқаудың мақсаты шығармашыл, дарынды жастарды анықтау, олардың өнеріне қолдау көрсету, халықаралық мәдени, туристік байланысты дамыту және нығайту, рухани және мәдени құндылықтар алмасу, қазақ музыкасын насихаттау болып табылады.
Аталмыш ән додада еліміздің 16 өңірінен келген 18-35 жас аралығындағы эстрадалық жанрдағы орындаушылар, үлкен концерттік қойылымдарда тәжірибесі бар, басқа республикалық, ұлттық ән байқауларында жетістікке жеткен талантты 16 қатысушы үміткер бақ сынады. Байқау шартына сәйкес, қатысушы екі музыкалық шығарманы орындады сайыстың алғашқы кезеңінде Қазақстанның танымал композиторларының әндерін (авторлық аранжировкада), екіншісі кезеңінде өз таңдауы бойынша (вокалды инструменталды, ансамбльдің сүймелдеуімен) орындады.
Байқауға музыкант, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Нұрғиса Дәуешов, әнші, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, белгілі әнші Мадина Садуақасова, әнші, «Орда» тобының солисі Дастан Оразбеков, әнші, композитор Сәби Мархаба, әнші, түрлі республикалық, халықаралық байқаудың жеңімпазы Бауыржан Исаев төрелік етті.
Қазылар алқасының шешімімен республикалық «Түркістан дауысы – 2023» жас орындаушылар байқауында Ербол Нариманұлы (Абай облысы) бас жүлде иегері атанды. Жүлделі І орын Аружан Айдарбек (Түркістан облысы) пен Ерназар Жұбанға (Маңғыстау облысы), ІІ орынға Аян Байжігіт пен (Жетісу облысы) пен Жанар Жүніске (Шымкент қаласы) бұйырды. Ал Аружан Бисембай (Батыс Қазақстан облысы) мен Дана Сағымбай (Алматы қаласы), Ақбота Құснадин (Қызылорда облысы) жүлделі ІІІ орын иегері атанды.
Байқаудың арнайы жүлдесі Данияр Барыс (Түркістан қаласы) пен Дана Мажитоваға (Атырау облысы), Мөлдір Төлебековаға (Жамбыл облысы) бұйырды. Ақбөпе Алибекова (Ақтөбе облысы), Халид Орынқұл (Ұлытау облысы), Нұрбол Сыдықов (Астана қаласы) байқау дипломанттары атанды. Мадина Қабдолла (Қарағанды облысы) мен Тимур Көпжасар (Павлодар облысы) қатысқаны үшін дипломмен марапатталды.
Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы, Мадина ДӘУЛЕТОВА, Сымбат СЕЙТХАНОВА