
Түркістандық тұғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға тұтынушы құқығы туралы жазбаны назарларыңызға ұсынамыз. Елiмiздiң нарықтық экономикаға көшкенiне де жиырма жылдай уақыт болды. Осы жылдар аралығында елімізде сауда–саттық жақсы дамып, нәтижесінде тұтынушы құқығы пайда болды. Мұндағы, тұтынушы – қандайда болсын тауарларды өнімді, бұйымды, көрсетілетін қызметті тұтынатын сатып алатын тұлға немесе фирма, сондай-ақ жеке бастың тұрмыстық мұқтаждары үшін тауарларды орындалатын жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді ақырғы пайдаланушы, сатып алушы, оларға тапсырыс беруші не оларды сатып алуға немесе оларға тапсырыс беруге ниет білдіруші.
ХХІ ғасыр – нарық заманында біздер, яғни, тұтынушылар арасында тауарды қайтарып беру немесе ауыстырып алу сынды мәселелер әлі де болса өз өзектілігін жойған жоқ. «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» заңның 19 жылдық тәжірибесіне қарамастан, күні бүгінге дейін сараң сатушылар себепсіз салдарға сүйеніп, тұтынушы ақшасын қайтаруға асықпайды.
«Тауар қайтаруға немесе ауыстыруға жатпайды» деген хабарламаларды кез келген сауда нүктелерінде кездестіруге болады. Алайда бұл хабарламалардың қаншалықты заңды күші бар екенін аңқау тұтынушы біле бермейді. Тауардың қай жерде, мейлі арзан базарда немесе қымбат дүкенде сатылғанына қарамастан, сіздің құқығыңызды қорғайтын арнайы «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» заңның барын естен шығармағаныңыз жөн. «Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды» демекші, әр сатушы немесе кәсіпорын сатқан тауары, көрсеткен қызметі үшін заң алдында бірдей жауапты. Өкінішке қарай, 1991 жылдың 5 мамырында сонау КСРО заманында шыққан заңымыздың әлсіздігі ме, бүгінгі күні жауапкершілігін сезініп жүрген сатушының саны кемде-кем.
Күнделікті күйбең тіршілікте қарапайым тұтынушының құқығына нұқсан келтіретін жайттар жиі кездесіп жатады. Таңертен сатып алған сүтіңіз кешкісін іріп кетсе, ал сатушы оны ауыстырудан бас тартса, нанның салмағы тиісті мөлшерден кем болса, тіпті, қалалық көліктерде төлеген ақшаңызға билет берілмесе, мұның бәрі – тұтынушы құқығын шектейтін әрекеттер. Алайда бұл тек ұсақ-түйек қана.
ҚР Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңына сүйенсек, тұтынушы сапалы, қауiпсiз тауарлар сатып алуға, еркiн таңдау жасауға, сатып алатын тауар және сатушы туралы толық ақпарат алуға, тауарды айырбастауға немесе қайтарып беруге, келтiрiлген зиянды өтеуге өтем талап етуге құқылы.
Дегенмен, бүгiнде көп жағдайда заңды тұрғыдан сатушылар да, тұтынушылар да өз құқықтары мен мiндеттерiн толық бiлмейтiнi байқалады. Мәселен, тұтынушы тауарды сатып алу кезiнде сатушыдан төлем жөнiндегi чектi талап етуге құқылы. Бiле бiлсек, бұл бiлместiк тек қана сатушы мен тұтынушыға ғана емес, мемлекеттiң салық заңнамасында көзделген тәртiптi де бұзуда. Жабайы сауданы ауызға алмай-ақ қоялық, басқа сауда нүктелерiнде дәл осы тәртiп толық жөнге салынған ба? Жалпы, Қазақстанда тұтынушылардың заңдық құқығы қай деңгейде қорғалуда? Жауапсыз сатушы жазаланып жатыр ма? Тұтынушы қандай жағдайда құзырлы орындарға шағым түсiре алады?
Мамандардың пiкiрiнше, тұтынушылардың құқықтарын және заңды мүдделерiн қорғау тиiстi мемлекеттiк органдар мен сот орындарына өз құзыреттерi шеңберiнде жүзеге асыру жүктелген. Әйтсе де, республикадағы сауда-саттықта құқықтық сауаттылық төмен. Өзiнiң заңдық құқығын бiлмейтiн тұтынушылар мен заңды белден басатын сатушылардың саны көп. Өз құқығын қорғау үшiн құзырлы орындарға шағымдануды ұсақ-түйек санайтын тұтынушылар да жеткiлiктi. Жығылғанға жұдырық, түскен арызға немқұрайлы қарап, созып алатын құқық қорғаушылар да бар.
Жасыратын түгi жоқ, сауда орталықтарында, қара базарда, әсiресе, жабайы сауда нүктелерiнде күн сайын тұтынушылардың құқығы сан рет бұзылуда. Мәселен, азық-түлiктiң сапасыздығы, көпшiлiк өнiмнiң халықаралық стандарттарға сай еместiгi, кейбiрiнде қазақ тiлiнде толық мағлұмат бермейтiнi, тiптi өнiмдердiң құрамы сыртында көрсетiлген жарнамасынан алшақ кететiнi де бар. Заң жүзiнде сатушы мен тұтынушы тең құқылы болғанымен, таразы басы тең болмай тұрғаны өкiнiштi-ақ.
«Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» 2010 жылғы 4 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі — Заң) тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың құқықтық, экономикалық және әлеуметтік негіздерін, сондай-ақ тұтынушыларды қауіпсіз және сапалы тауарлармен (жұмыспен, көрсетілетін қызметпен) қамтамасыз ету жөніндегі шараларды анықтайды және тұтынушылар — жеке тұлғалар, яғни жеке тұрмыстық қажеттіліктері үшін тауарларды сатып алатын және пайдаланатын, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге тапсырыс беретін не осындай ниеті бар Қазақстан Республикасының азаматтары, шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар (Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 12-бабы (бұдан әрі — АК) және тауарларды сатушылардың не оларды өндірушілердің, сондай-ақ меншік түрі мен заңды тұлғаның құрылу нысанына қарамастан қызметтер мен жұмыстарды атқарушылардың, соның ішінде жеке кәсіпкерлердің арасындағы қатынасты реттейді (АК-нің 19-бабы) және ол күшіне енгеннен кейін туындайтын немесе жасалатын құқықтық қатынастарға қолданылады (АК-нің 4, 383-баптары).
Тұтынушылардың қаржылық, әлеуметтік, медициналық, туристік және көрсетілетін өзге де қызмет салаларындағы құқықтары, сондай-ақ оларды қорғау мәселелері Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленеді (Заңның 2-бабының 2-тармағы).
Тұтынушылар қатысқан қатынастар, олардың құқықтары мен міндеттері, осы құқықтарды жүзеге асыру мен қорғау тәртібі, сондай-ақ сатушылардың, дайындаушылардың, жұмыстар мен қызметтерді орындаушылардың құқықтары мен міндеттері Заңнан басқа Азаматтық кодекспен және оған қайшы келмейтін заңдық және нормативтік құқықтық актілерімен, сондай-ақ заңда көзделген немесе оған қайшы келмейтін шарттар мен басқа да мәмілелермен реттеледі.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің, министрліктер мен ведомстволардың, жергілікті өкілетті және атқарушы органдарды нормативтік құқықтық актілері Конституция, АК және Заң белгілегендермен салыстырғанда тұтынушылар құқықтарын шектемейді және оларды қорғау кепілдігін төмендете алмайды.
Соттар, орталық атқарушы органдар мен жергілікті өкілетті және атқарушы органдардың нормативтік құқықтық актілерінде сатушылардың, дайындаушылардың және орындаушылардың басымдылықты (монополиялы) жағдайды пайдаланатын, немесе тұтынушылар құқын қорғау туралы заңға қайшы келетін ереже болса оларды алдырып, зерттеуі тиіс, мұндай актілер олар қабылдаған сәттен жарамсыз екендігін және қолдануға жатпайтындығын ескерулері керек (АК 3-бабының 5-тармағы). Мәслихаттар мен әкімдер шешімдері заң актілеріне қайшы келген жағдайда сот дауды заң актілері негізінде шешуі тиіс.
Жалпы ережеге сәйкес (АІЖК-нің 31-бабы) талаптар жеке тұлғаларға олардың тұрғылықты жері бойынша және заңды тұлғаларға — олардың тұрған жері бойынша қойылады. Сонымен қатар талап қоюшының таңдауы бойынша (АІЖК-нің 32-бабының 9-бөлігі) тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы талаптар талап қоюшының тұрғылықты жері не шарттың жасалған немесе орындалған орны бойынша қойылуы мүмкін, сондықтан талап арызды қабылдаған кезде соттар талапкердің істі қарау орнын таңдау құқығын ескеруге тиіс.
Заңның 42-бабымен тұтынушылардың қоғамдық ұйымдарының талаптарын шешудің алдын ала соттан тыс тәртібі белгіленген. Егер аталған ұйымдар істі реттеудің тәртібін сақтамаса және мұндай мүмкіндік болса, судья арызды АІЖК-нің 154-бабы бірінші бөлігінің 1) тармақшасына сәйкес кері қайтарады. Заңмен тұтынушы үшін талаптарды шешудің соттан тыс тәртібі көзделмеген.
Жұмысты қорытындылай келе, сатылған тауар мен көрсетілген қызмет сапасының төмен болуы, сатушы мен алушының өз құқығын білмеуі – тұтынушы құқығының бұзылуына әкеп соғады. Бұл жағдайды алдын алу үшін мектеп бағдарламасына «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» заңнан үзінді енгізу керек.
Жалпы құқықтық мәдениет дегеніміз не? Оның қаншалықты қажеттілігі бар? Қарапайым халық пен Қазақстан азаматтары өз құқықтарын біле ме? Тұтынушылар құқығы сақталуда ма?
Тұтынушылар құқығы көп жағдайда заңды білмегендіктен бұзылып жатады.
Сатушының маңызды міндеттерінің бірі тұтынушының тауар (жұмыс, қызмет) туралы мемлекеттік және орыс тілдерінде толық ақпарат беру. Бір тілде берілген ақпарат берілмеген болып есептеледі.
Жаңартылған ережелерге сәйкес, егер сатып алынған тауар техникалық регламенттер және нормативтік құжаттарда белгіленген талаптарға сай болмаса, яғни сатылған тауардың жарамдық мерзімі өтіп кеткен, нұқсан келтірілген немесе бүлінген болса, тауарларды сатып алған күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде алмастырылады немесе қайтарылады.
Дегенмен сатып алушы бірқатар себептерге байланысты ұнатпаған өнім туралы тағы бір жағдай бар. Осындай пайдаланылмаған тауарларды қайтару мерзімі бұрынғыдай тауарларды сатып алған күннен бастап 14 күнтізбелік күн ішінде күшінде қалды. Сатып алушы, ұялы байланыстың абоненттік құрылғысын қоспағанда, өзіне азық-түлікке жатпайтын тауар берілген кезден бастап 14 күн ішінде, егер сатушы неғұрлым ұзақ мерзім жарияламаса, сатып алынған тауарды сатып алу орнында немесе сатушы хабарлаған өзге де орындарда бағасында айырма болған жағдайда сатушымен қажетті қайта есеп айырыса отырып, басқа мөлшердегі, нысандағы, габариттегі, пішіндегі, түстегі, жиынтықталымдағы және осы тәріздегі соған ұқсас тауарға не тараптардың келісімі бойынша басқа тауарға айырбастауға құқылы.
Бірақ қайтаруға немесе айырбастауға болмайтын тауарлар бар екенін ескеру керек. Олар — азық-түлік емес тауарлар, дәрі-дәрмектер, медициналық мақсаттағы бұйымдар, іш киім, шұлық сынды бұйымдар, жануарлар мен өсімдіктер, сондай-ақ метрлеп сатылатын заттар.
Тағы бір айта кетерлік жайт, тұтынушы ретінде тауарды сатып, не қызметті алғанда бақылау (тауар) түбіртегін талап еткеніңіз дұрыс, себебі сатып алу туралы чек өте маңызды роль атқарады, өйткені, онсыз сапасыз тауарды қайтару немесе айырбастау өте қиын болады. Бірақ, қалай да сатып алу фактісін дәлелдеу қажет болса және оны растайтын куә немесе чек болмаған жағдайда фотосуреттер мен бейнежазбалар арқылы сатып алу фактісін дәлелдеуге болады. Супермаркетте фото және бейне түсіруге тыйым салынбаған. Сіз «Тұтынушылар құқығын қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес, ұялы телефоныңыз немесе басқа құрылғыға тауарларды және олардың қасында тұрған бағаларды еркін түсіре аласыз.
Сонымен қатар әдетте супермаркеттерде сатып алушыға баға белгісі (ценник) нақты қай өнімге тиесілі екенін түсіну қиынға соғатындай етіп қойылатын кездер де көп кездеседі.
Кассаға ақысын төлеу кезінде тауардың құны көрсетілген бағамен сәйкес келмейтін жағдайларда сатушы тауарларды витринада көрсетілетін сомада сатуға міндетті.
Супермаркеттердегі бағалардан шатасу тұтынушылардың алдануының жиі кездесетін түрі болып табылады.
Әдетте әкімшілік мұны тауарлардың үлкен түсіміне байланысты баға тізімін уақытында өзгерту мүмкін еместігімен түсіндіреді, ал тауарлардың жаңа бағасы компьютерге енгізіліп қойылады. Бұл жағдайда сатып алушы қандай бағада сатып алуға құқылы, ал сатушы қандай бағада тауар сатуға міндетті? «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның 24-бабы 12-тармағына сәйкес, сатушы сауда объектісінің ішкі және сыртқы витриналарына қойылған тауардың құнын бағалар заттаңбасымен ресімделген сомада көрсетуге міндетті болып табылады.
Сондай-ақ, тауарларды белгілі бір бағамен сатып алу туралы ұсыныс сатушының ашық ұсынысы, яғни баға белгісі ашық ұсыныс болып табылады және сатушы осы ұсыныста көрсетілген баға бойынша тауарларды сатуға міндетті. Бұдан шығатыны, тұтынушы қатаң түрде баға белгісі бойынша төлеп, артық төленген сома оған қайтарылуы керек.
Біздің сауда дүкендерімізде, базарларда «Сатып алынған тауар қайтаруға немесе ауыстыруға жатпайды» деген хабарламаларды көреміз. Бұл хабарламалар «Тұтынушылардың құқығын қорғау» Заңын бұзу болып табылады. Қолдану мерзімі өтіп кеткен азық-түлік, бүлінген сапасыз бұйым сатып алған жағдайда да тұтынушы өз құқығын қорғай отырып, тауарды қайтарып немесе ауыстырып алуына құқылы.
Соңғы кезде банк клиенттерінің тұтынушылық құқықтарының бұзылуы жөнінде арыздануы жиілеп кетті.
Бұрын несие бойынша алдымен пайыздық үстеме, одан кейін айыппұл, соңынан негізгі қарыз өтелетін. Қазір жаңа банк заңнамалары бойынша ең алдымен негізгі қарыз, одан кейін пайыздық үстеме және соңынан айыппұл ұсталады. Ал айыппұл көлемі әр жыл үшін 10%-дан аспауы керек.
«Сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесінің шекті мөлшерін бекіту туралы» ҚР-сы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 желтоқсандағы № 377 Қаулысының 1 тармағы бойынша екінші деңгейдегі банктер, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, микроқаржы және микрокредиттік ұйымдар мен кредиттік серіктестіктер беретін банк қарыздары, микрокредиттер, кредиттер бойынша сыйақының шекті жылдық тиімді мөлшерлемесі 56 (елу алты) пайыз мөлшерінде бекітілген.
Банк қарызы шартын, микрокредит беру туралы шартты, кредиттік шартты жасау, банк қарызын, микрокредитті немесе кредитті берумен және қызмет көрсетумен байланысты сыйақы мөлшерлемесі өзгерген және (немесе) комиссиялар мен өзге төлемдер өзгерген немесе жаңадан енгізілген күні сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі осы тармақта бекітілген шекті мөлшерден асып кете алмайды.
Сондықтан, кейбір қаржы ұйымдарының күніне 1-2 пайыз, айына 30 пайыз т.б. деген пайыздық үстеме қоюлары заңсыз. Банк қызметінің тұтынушысы ретіндегі құқықтарыңызды да білген жөн.
