Әйелдер құқығын қорғау жөніндегімәселелер жер-жерде көтеріліп, бұл бағытта кешенді шаралар атқарылып жатқаны белгілі. Аталмыш мәселе Түркістан облысында да өз қолдауын тауып, бүгінде жергілікті нәзік жандылардың құқығын қорғау ісі әртүрлі деңгейде сөз болып жүр. Бұл жөнінде зорлық-зомбылыққа қарсы ұлттық қозғалысының жетекшісі Дина Смайылованың да пікірін тыңдап оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік. Алдымен аймақтағы бірер сандарға кезек берсек.
Ағымдағы жылда отбасы-тұрмыстық қатынастарда жасалған 5 қылмыс тіркеліп, оның екеуі адам қазасымен ұштасқан. Ал Түркістан қаласы аумағында отбасылық-тұрмыстық қатынаста Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 73-бабымен (отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер) 149 жәйт қаралып, шешім қабылдау үшін сотқа жолданған.
Бұл санаттағы құқықбұзушылықтар бойынша жәбірленшулердің басым бөлігі әйелдер және жұмыссыздар болса, құқықбұзушылардың да негізгісі жұмысыз ер адамдар болып табылады. Жасалған тұрмыстық құқықбұзушылықтарды талдау көрсеткендей, негізінен отбасылық жанжалдар отбасының материалдық деңгейінің төмендігі, маскүнемдік, адамгершілік құндылықтардың төмендеуі және отбасы институтының жоғалуы салдарынан туындайды. Айта кетсек, көбінде отбасында орын алған құқықбұзушылықтар тараптардың татуласуына байланысты өндірістен қысқартылған. Тұрмыстық-отбасылық санатындағы құқықбұзушылықтар бойынша жұмыстардың тиімділігін арттыру мақсатында, ақсақалдар, ауыл билері кеңестерінде және УПП (учаскелік полиция пунктері) жанындағы қоғамдық құрылымдарда қаралып, жұмыстар жасалуда.
Тағы бір өзекті мәселе балалардың болашағы, амандығы, мен үшін ең маңыздысы. Осы бағытта айтарым, әрбір ата-ана өз баласының қайда, кіммен жүргенін, араласатын ортасын жақсы тануы тиіс. Бұл оның келешекте кемелденген азамат болып өсуіне өз септігін тигізеді. Сонымен қатар, баланың жолда оқыс жағдайға тап болмауы үшін жол ережесін үйретіп, өзіміз үлгі болуымыз қажет.
Енді әлгінде атап өткен”НеМолчи.kz” зорлық-зомбылыққа қарсы ұлттық қозғалысының жетекшісі Дина Смайылованың пікіріне кезек берсек:
Оқушы кезден бастап қыздарға жігіттердің тиісіп, дәмеленгенін қыздар өзінің жеке кінәсі ретінде қабылдайды. Бізде “әйелге не болса да, ол өзі кінәлі” деген қате түсінік бар. Мен де басымнан өткен оқиғаны түсінген кезде қатты күйіндім, ол кезде менің жасым 45-те еді, қоғамның шектеулері мен ереже аясынан шықпай қалудың салдарынан көп нәрсе жоғалтқанымды түсіндім. Бірнеше адамды кінәсіз қалдырғаным үшін де өзімді табаладым. Осы оқиғаны өз парақшамда жазып, бөлістім. Мен өзім туралы шындықты жазған соң, қоғамда ол үлкен пікірталас тудырды.Одан кейін зорланған әйелдердің өздері жаза бастады. Біз осындай қозғалыс құруға мәжбүр болдық. Осылайша, досым Алмат Мұхамеджановтың қолдауымен мен қозғалыс ашуды шештім. Қозғалыстың ашылуына алғышарт осы болған еді.
Алдымен, біз үнсіздікті бұзуға, барлығын айтуға шақырдық. Ең бірінші жазбаларымды содан бастадым. Психологиялық саулық үшін әйелдерден тыныштықты, үнсіздікті бұзуларын сұрадым. Уақыт өте келе зорлық-зомбылық құрбандары хабарласа бастады. Олар полиция мен сотта құқықтарының бұзылуына душар болып, көмек сұрады. Қылмыстық істер заңсыз жабылып жатты. Осы кезден бастап қылмыстық істермен жұмыс істей бастадық. Жүйенің қандай екеніне сол кезде көзіміз жетті. Тәжірибе барысында қоғам белсенділері зорлық-зомбылыққа қатысты істерге қатыспайтынын білдік. Олар жабық тәртіпте өтеді. Жабық тәртіпте өткендіктен, көп ақпарат қоғамға жетпейді. Себебі, ол-жабық қылмыстық іс. Жәбірленушілерге қатысты бірқатар жағдайдың басы шықты. Халықаралық статистикаға сәйкес, әйелдердің 70 пайызы зорлық кезінде қарсылық танытпайды. Себебі олар ұсқынына зақым келеді деген қорқыныштан, қатты жапа шегуден, оқиға орнында көз жұмудан қорқады. Сол үшін де қарсылық танытпайды. Бұл жағдайды көргеннен кейін біз Парламент пен министрліктерге заңның осал тұстары бойынша ұсынымдар жаза бастадық.
Мен құқық қорғаушы ретінде бізде тұрмыстық зорлық туралы заң жұмыс істемейді деп айта аламын. Бұл заң 2009 жылы енгізілді, одан кейін 10-ға жуық өзгертулер енгізілді. Бұл заң әйелдердің құқығын барынша қорғамайды. Себебі, далада кетіп бара жатқан кезде еркек пен еркек арасындағы төбелеске куә болсақ, бұл тәртіпбұзушылық болып саналып, олар 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал егер дәл осы оқиға отбасында кездессе, яғни күйеуі әйелін ұрса, оны 5 күндік қамауға ғана алуы мүмкін. Оның өзінде 5 күн қамау үшін әйел көп процедурадан өтуі керек. Демек, әрекеттегі заң агрессордың жағында тұр. Бұл әйел мен баланы ұрып, жазасыз кетуге болады деген сөз. Егер бұл оқиға далада немесе қоғамдық көлікте болса, бұл заң бұзушылық және басқа бап бойынша жазаға тартылады. Ал үйде болатын қылмысқа әкімшілік жаза қарастырылған. Жазасыз кету оқиғалардың көп болуына алып келеді. Адам бір рет, кейін екі рет қол көтереді,одан жазасыз құтылуға болатынын көреді. Мәселен, кеңестік кезеңде ондай жағдай болмайтын. Егер де әйел ол кезеңде күйеуінің қарым-қатынасын заңды жолмен шеше алмаса, кәсіподаққа, жұмыс орнына барып шағымдана алатын, кейін күйеуін бүкіл ұжымның алдында “масқаралайтын”. Қазір қоғамдық нарызылық жұмыс істемейді. Қазір біз әйелдерді агрессормен бетпе-бет қалдырдық. Себебі, полиция келіп алып кеткен күннің өзінде де, тек 2-3 төрт сағат ұстауға ғана құзырлы. Сол себепті де тұрмыстық зорлық құрбандары айтарлықтай көп.
Әрине, ең алдымен қоғамның санасы өзгеріп келеді. Әйелдер дауысқа ие болып, наразылықтары мен шағымдарын айта бастады. Құқығын қорғай бастады, көп еркек те әйелге қатысты әділетсіздікті көріп, нәзік жандыларды қолдай бастады. Қозғалыс құрылғаннан кейінгі бір жылда Нью-Йоркте БҰҰ-ның 72 Ассамблеясында қозғалыстың үні шықты. Екі жылдан кейін жыныстық зорлық-зомбылық деңгейі 3637-ден 2118-ге дейін төмендеді. Ал үш жылдан кейін 1332 қылмысқа дейін төмендеді. Заң да өзгеріп жатыр. Осы уақыт аралығында 52 адамды қылмыстық жауапкершілікке тартуға көмектестік. Қазір елдегі қиын кезеңге қарамастан, біз 3 ай бойы тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң жобасын қарадық. Біз оған күрделі өзгертулер енгізуге ұсыныс жасадық.
Құлдық сана мен патриархалды ұстаным негізінде әйел көнбіс болуы керек деп есептейді. Ал заң оған жол беріп отыр. Егер де заң оған жол бермей, әйелі шақырған кезде күйеуін жазаласа, мұндай жағдай болмайтын еді. Себебі, ауыр соққы үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту керек. Абьюзерді бірден тануға болады. Олар қылмысқа бірден бармайды.
Қазір еркекпен байланыста мұқият болу керек. Егер ол шамадан тыс қызғанса, серіктесінің әрбір қадамын бақылауда ұстаса, ақшасын да алып қою жағдайы да кездеседі. Бұған әйел көнеді, себебі құлдық тәрбие деген тағы бар. Оның шекарасын ата-анасы да бұзуы мүмкін. Сол үшін де ол мұны норма етіп қабылдауы мүмкін. Бұл жерде отбасындағы қыздың тәрбиесі де аса маңызды. Қыздарға еркін тәрбие беріп, шекарасын бұзбай, өзіне таңдау берсе, бәрі басқаша болатын еді. Олар қателесуі де мүмкін, бірақ мұның бәріне ата-ананың айтуынсыз өзі дербес жетуі керек. Мәселен, әке-шешесі қызға “сен осы мамандықты таңда” деп таңып береді. Қыз солардың айтқанымен өмір сүреді. Ал тұрмысқа шыққан кезде оның жеке шекарасын күйеуі бұза бастайды. Бұл жүйелік зорлыққа алып келеді. Адам осының барлығына дәрменсіз болып, қарсылық танытпайды. Қоғамдағы әйелдерге өте қиын. Себебі, “ұят” түсінігі мен әйелдің міндеті бар. Бала туып, жуып-жинау әйелдің міндеті дейді. Болды. Бұл міндетті отбасы мүшелеріне бірдей бөлу керек. Бізде осыған ешкім үйретпейді.
Жалпы әйел затына айтарым, өздерін сыйласа екен. Бұғып жатпай, өз құқығын қорғауды үйренсе деймін. Ол үшін ең алдымен құқықты білген абзал. Сіздердің құқығыңыз ерлермен бірдей. Оны бірдей жүзеге асыруға құқылымыз. Оны түсінбесек, білмесек, біздің құқығымыз бұзылатын ортаға тап боламыз. Сондықтан да әйелдер үндемей, шетте қалуды доғарғаны жөн.