Бүгін Түркістан қаласындағы «Әзірет Сұлтан» халықаралық әуежайына Абу-Дабиден «Wizz Air» әуе компаниясының «Airbus 321» ұшағы келіп қонды. Біріккен Араб Әмірліктерінің танымал туристік қаласынан бағыт алған ұшақта 100 жолаушы бар. Жолаушылардың 40%-ы — туристер. Сондай-ақ, бүгін рухани астана Түркістаннан Абу-Дабиге 200 жолаушы аттанды.
Өткен жылдың қараша айында «Абу-Даби — Түркістан» жаңа әуе бағытының ашылатыны және билеттер сатылымға шыққаны жарияланған болатын. Билеттер «wizzair.com» сайты мен мобильді қосымшасында сатылымда. Бағасы — 20 мың теңгеден басталады. Мамандардың айтуынша, неғұрлым ертерек алынған билет соғұрлым арзан болады. Сондай-ақ, егер «wizzair.com» сайтына тіркеліп, клуб мүшесі атанған жағдайда 10%-ға дейінгі жеңілдіктерді алуға мүмкіндік бар.
Естеріңізге сала кетейік, «Түркістан – Абу-Даби» әуе рейсі ашылуына орай Түркістан Халықаралық әуежайында «Wizz Air Abu Dhabi» әуекомпаниясының өкілдерінің қатысумен баспасөз конференциясы өткен болатын. Брифингте Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, «YDA Group» компаниясының авиация саласындағы бас директоры және Басқарма мүшесі Хамди Гювенч, «Wizz Air Abu Dhabi» Ұлттық компаниясының коммерциялық аға менеджері Крислен Кери, Абу-Даби қаласының туризм және мәдениет департаментінің өкілі Тимур Сусаров БАҚ өкілдерімен кездесіп, жаңа әуе рейсі жайлы толық ақпарат берді.
— Түркістан қаласы — түркі мемлекеттерінің мәдени астанасы. Сондай-ақ, биыл түркі мемлекеттерінің туристік астанасы атанып отыр. ҚР Үкіметі тарапынан қаланың сауда-экономикалық қатынастарының нығаюына және туризм саласының жан-жақты дамуына ерекше ден қойылып отыр. Осы мақсатта Түркістан халықаралық әуежайы арқылы халықаралық әуе рейстері ашылуының маңызы аса жоғары. Тікелей әуе рейсі мен билет бағасы — Біріккен Араб Әмірліктері мен Қазақстан азаматтарына, сондай-ақ, көршілес мемлекеттер мен қалалардан келетін қонақтар үшін өте тиімді. Бұл жұмыстардың барлығы да қаладағы туризм саласының қарқынды дамуына, өңірдің әлеуметтік-экономикасына оң әсерін тигізетіні сөзсіз,- деді Зұлпыхар Сансызбайұлы.
Айта кетсек, рейстер аптаның сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері 3 рет орындалады. Жалпы Түркістан халықаралық әуежайы арқылы халықаралық рейстерден Ыстамбұл мен Эль-Кувейтке, ал республикаішілік Астана, Алматы, Қарағанды, Орал, Ақтөбе және Ақтау қалаларына тұрақты әуе рейстері ұшады.
«Түркістан-ақпарат»