ТҮРКІСТАН: ҰЛТТЫҚ ЖОБА – ҰЛТЫМЫЗДЫҢ ЖАҢҒЫРУЫ

Елдің әлеуметтік әл-ауқаты артуы үшін әр өңірдегі индустрия мен инфрақұрылымдық тетіктері де дұрыс жұмыс атқаруы тиіс. Өйткені оған аймақтардағы жергілікті тұрғындарға базалық қызметтер көрсететін қоғамдық орындар мен жолдардың құрылымы да тікелей әсер етеді. Әсіресе тұрғын үйлер мен жолдар сапасына айтылатын сын көп. Осы мәселелерді шешу мақсатында 2021 жылғы Қазақстан Республикасы Үкіметі «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты ұлттық жобаны 12 қазандағы № 729 қаулысымен бекіткен еді. Жобаны іске асыру мерзімі – 2021 мен 2025 жылдар арасы. Демек, оның қабылданғанының өзіне де екі жыл өтіп кетіпті. Қаулыда бекітілген ереже бойынша бұл ұлттық жобаны жүзеге асыруға орталық, жергілікті атқарушы органдар мен жеке келісімі бойынша өзге де ұйымдар жауапты екен. Жалпы, 2025 жылға қарай жобадан күтілетін маңызды нәтижелердің бірі – қаржыландырудың барлық көздерінен 236,7 мың отбасының жағдайын жақсарту болмақ. Одан бөлек, қалалар мен өңірлерді ауыз сумен қамтамасыз ете алатындай қолжетімділікті арттыру міндеті де бар. Ауылдық жерлерде бұл жобаны іске асыру ұтымдырақ болады. Себебі қазір «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында инфрақұрылымның барлық түрлерін дамытуға қомақты инвестициялар бөлініп жатыр. Өңірлермен бірге ірі қалалардың шеттерін жайластыру, нөсерлі кәріз құбырларын қайта құру, «ескі орамдарды» жөндеу және апатты жағдайдағы, яғни тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзу секілді өзекті мәселелер де жоба шеңберінде шешімін табуы керек.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұқбатында Ұлттық жобаның алғышарттарын да атап өтті.

—  Ұлтымыз өсіп-өркендесін десек, біз жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз керек. Қоғамда еңбекқорлық пен жасампаздық жоғары бағалануға, білімпаздық пен жаңашылдық салтанат құруға тиіс. Сондай-ақ өмірге деген байсалды және байыпты көзқарас басым болғаны жөн. Біз озық ойлы ұлт ретінде халқымызды ыдырататын емес, біріктіретін жолды таңдап, тек қана алға қарауымыз керек. Жалпыұлттық құндылықтар бәрінен жоғары тұруға тиіс. Бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Тағы да қайталаймын, еңбекқорлық, білімпаздық, кәсібилік, бірлік, ынтымақ, жанашырлық, іскерлік, бастамашылдық, адалдық, қарапайымдылық және үнемшілдік – нағыз отаншыл, адал азаматқа тән қасиеттер мен құндылықтар. Халқымыздың қуатын арттырып, табысқа жетелейтін осындай қасиеттер мен құндылықтарды жан-жақты дәріптеп, ұрпақ санасына сіңіру арқылы ғана сапалы ұлтқа айнала аламыз,-деді Президент.

Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің жанынан құрылған «Әжелер алқасына» 10 жыл толуына орай «Әже — ұлт ұйытқысы» тақырыбында өткен «Аялы әже» форумын республикалық «Қазақстан дәуірі» газетінде «Ұрпақтар сабақтастығы – ұлт ұйытқысы» тақырыбында жарық көрген мақаласы.

Ендеше елімізді ұлт етіп ұйыстыратын ең құнды, бағалы да һәм қасиетті салтымыздың бірі әрі бірегейі әжелерімізді ардақтау. Газетіміздің өткен сандарында «Әже – ұлт ұйытқысы, тәрбие бесігі» атты Түркістан қаласында өткен «Әжелер алқасы» ұйымының 10 жылдығына арналған «Аялы әже» форумы жайлы жазған болатынбыз. Расыменде әже дегенде көз алдымызға жүзінен мейірімі төгілген асыл бейне, аялы алақан, талай тағдыр талқысы жасырылған терең әжім, оған мойымаған алып тұлға келеді. Иә, әже деген алып тұлға!

Ол – ұлт тәрбиесінің ұйытқысы, ұрпақ саулығының діңгегі. Асыл аналарымыз бен ұлы әжелеріміздің тәлім-тәрбиесін көріп, тұлғалы деңгейге жетіп, тарихта есімі қалған ұлылар қатары көп-ақ. Зередей зерделі де ұлағатты әжеден аңыз-әңгімелер мен жыр-дастандарды тыңдап өскен Абай ұлы ақынға айналса, Айғанымдай әженің өнегесін көріп, тәрбиесін алған Шоқанның шоқтығы биік болды. Ал заңғар жазушы, маржан сөз құдыретінің егесі Шерхан Мұртазаның әжесі Айша немересінің бойына үлкен қасиетті құндақтан сіңіре білген абыз әже. Міне, әже тәрбиесімен тау тұлға болып өскен ұлт мақтаныштары жайында айтылар әңгіме, келтірер мысал таусылмақ емес. Осы орайда Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлмен сұхбаттасқан едік.

– Өткен жылы Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған «Әжелер алқасына» 10 жыл толды. Әжелер алқасының мақсаты мен тарихына қысқаша тоқталып өтсеңіз.

– Өткенімізге ой салсақ, қазақ жері қай заманда да ен байлыққа көз тіккен жат елдің шапқыншылықтарынан көз ашпай, нешеме ғасыр өмірі жаугершілікпен өтіпті. «Үйде туып, түзде өлуге» тас-түйін бекіп, ат үстінде жігер-күшін шыңдап өскен қазақтың әрбір баласы ата-баба қанымен аманат болып жеткен елді, жерді сақтауды өзінің айнымас парызы санаған. Ал, қазақтың әрбір бұрымды, бұраң бел қаракөзі сол ел қорғаны болған азаматының шаңырағының жылуын сақтап, ұрпағын көбейтіп отырған. Еш жерде жазылмаған бұл Ұлы дала заңы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, қалайша бұлжымай орындалып отырды? Әрине, бүкіл бір рулы елге бас болған абыз ақсақалдардың аталы сөзімен, кимешегі иығына төгілген әже ертегісімен, ана әлдиімен, әке ақылымен бала санасына сіңіп, ұятты қыз, миятты ұл өсіруге ықпал етті. Әсіресе бала тәрбиесінде «айналайынымен» аялаған Әженің орны қашанда жоғары болғаны айнымас шындық. Өкінішке қарай, сонау өткен ғасырдың басындағы ер мен әйелді теңестіріп, қазақ тұрмысының қалыпты заңдылығын бұзған кеңестік идеология, одан кейінгі ден қойған нарықтық формация салдарынан ана әлдиі де, әже ертегісі де ұмыт қалды. Осы орайда Бауыржан Момышұлы: «Мен үш нәрседен қорқамын. Бірінші, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын. Екінші, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын. Үшінші, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені, бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын», – деген екен. Шындығында, оқушы балалармен «Атадан – өсиет, анадан – қасиет» тақырыбында өткен кездесулердің бірінде қазақтың әрбір баласы білуі тиіс ұлттық салт-жоралғыларға қатысты сұрақтарға жауап бере алмағанын көріп, бүгінгі жас ұрпағымыздың ұлтымыздың асыл тәрбиесінен алыстап, құндылықтарымыздан мақұрым қалып бара жатқан жоқпыз ба деген ой мазалады. Сондықтан бала тәрбиесінде жіберіп алған осы олқылығымыздың орнын толтыру мақсатында 2013 жылы 3 сәуірде сол кездегі Оңтүстік Қазақстан, қазіргі Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің жанынан «Әжелер алқасының» іргесін қаладық.

 

– Осы уақытқа дейін қандай жұмыстар атқарылды?

– Жалпы, 200-ден астам іс-шаралар өткізіліп, 25 000-нан астам жастар тартылды. «Аялы әже» номинациясы белгіленіп, жалпы 18 апа-әжелер марапатталды. Ел басына күн туған қиын кезең – пандемия кезінде қатерге бас тігіп, әжелеріміз мың-мыңдап бетперде тігіп таратты. Арыстағы жарылыс кезінде алғашқылардың қатарында азық-түлік пен киім-кешекке көмек қолын созды. Ал, Мақтаарал ауданындағы су тасқыны кезінде де алдыңғы шепте жүрген де осы әжелер болды. Осындай атқарылған жұмыстардың нәтижесінде, салт-дәстүрімізді қайта жаңғыртуына, ұрпағымыздың патриоттық сезімін оятуға және өзге дінге бет бұра бастаған жастарымызға тосқауыл жасауға өз септігін тигізуде. 2023 жылы «Әжелер алқасының» құрылғанына 10 жыл толып, аймағымыздың барлық аудан, қалаларында танымдық-тәрбиелік тақырыптарда іс-шаралар өткізілді. Бұл бастамамыз аз уақытта-ақ өз жемісін бергеніне бүгінгі күні бүкіл облыс халқы куә болып отыр. «Тәрбие – тал бесіктен» демекші, ең алдымен жаңа отау көтерген жастарды отбасылық өмірге бейімдеуден бастап, сол отбасында дүниеге келген сәбиді ізгілік пен ізеттілікке, еңбек пен бауырмалдыққа баулу, қоғам өміріне белсене атсалысатын елжанды азамат қалыптастыруға көмектесуді мақсат тұтқан осындай «Әжелер алқасы» облысымыздың барлық 17 аудандық, қалалық ардагерлер кеңестері мен 528 елді мекендегі бастауыш ардагерлер ұйымдарының жанынан құрылып, іргелі істерге ұйытқы болып келе жатыр. Ұлтымыздың болмысын сақтап қалу үшін аса маңызды миссияны атқарып жүрген бұл ұйымның жұмысына облыс көлеміндегі 75 326-ға жуық белсенді, өнерлі, сан саладағы еңбегімен елге сыйлы болған, өрелі ұл-қыз өсіріп, үлкен әулеттің киесіне айналып отырған абзал әжелер мен аналар тартылып, өмір өнегесін дарытуда. «Әжелер алқасы» құрылғаннан бергі осы он жылда «Анамнан қалған қолөнер», «Қыз көркі – мінезде», «Әже өсиеті – ұрпаққа үлгі, болашаққа бағдар» және т.б. тақырыптарда көптеген танымдық-тәрбиелік іс-шаралар ұйымдастырылып, «Ұлттық салт-дәстүрді жаңғырту арқылы жастарға тәрбие беру», «Әже – ұлт ұйытқысы», «Ұрпақ тәрбиесі – біздің болашағымыз» атты кітаптар мен буклеттер шығарылып таратылды.

– «Аялы әже» деген мүсін таңбасына дейін жасаған екенсіздер, соның мән-мағынасына тоқталып өтсеңіз.

– Аялы әжелеріміздің бойындағы өмірге деген шексіз белсенділік, ерік-жігер, асқан мейірімділік пен ұрпақ тәрбиесіндегі саналы мектебі көпке үлгі әрі өміршең болсын деген мақсатпен қазақи оюланған «Аялы әже» мүсін-таңбасы жасалынды. Бұл мүсін-таңбаның мән-маңызын сараласақ, онда қос алақанның ортасында шашақты тұмар, аспан жұлдыздары бейнеленген. Тұмар – тіл-көзден сақтайтын қасиетті қазақи ұғым болса, шашақтары – ұлтымыздың өсіп-өнген ұрпағы. Жоғарыдағы жұлдыз, аспанның ашықтығын бейбітшілікті бейнелесе, жиегіндегі өрнегі ұлттық құндылығымыз – салт-дәстүрді айшықтайды. Ал, қос алақан – сол ұрпақты мейірім-махаббатымен, кемел кемеңгерлігімен, адастырмас ақылымен, ұлттың ұлық құндылықтарымен суғарылған тәрбие бесігіне бөлеп өсірген әженің аялы алақаны. Қасиетті таңба-мүсіннің мақсаты – еліміздің барлық облыстары мен қалаларында қолма-қол эстафета ретінде таралуын іс жүзінде іске асыра отырып, жалғастыру ұсынылады. Келешекте республикалық деңгейде «Әжелер» институт құрылымын құру. Оның мағынасы: Аялы әженің алақанында қазақ халқының барлық қасиетін ұрпағымыз осы тұмардай тағып бойында сақтауы. Ашық аспан астында тұмардағы шашақтары ұрпақтар сабақтастығын көрсетеді, яғни қазақ елінің қасиетті ұрпақтары жалғастырады дегенді білдіреді. Мақсат – бұл «Аялы әже» атты мүсінтаңбаны еліміздің барлық облыстарына эстафета етіп жолдау.

 

– Жасап жатқан еңбектеріңіз республика деңгейінде жасалатын жұмыс екен, осы орайда мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетілуде?

– Өткеннің жауһарын сүзіп алып, бүгіннің озығымен ұштастырып отырған бұл ұйымның жұмысы мемлекет басшысының сарабдал саясатымен де үндесіп жатыр. 17 маусымда Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Әділетті Қазақстанды Адал азаматтар құратындығына және оларды мемлекет әрдайым қолдайтындығына баса назар аударып, ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл ең алдымен үлкендердің кінәсі екендігін айтқан болатын. Сонымен бірге, ол: «Бала тәрбиесі – ең алдымен ата-ананың міндеті, ал мектеп – білімнің ғана емес, тәлім-тәрбиенің ордасы» деп қадап айтты. Біздің «Әжелер алқасы» Мемлекет басшысы ерекше назар аударып отырған осы мәселені, яғни отбасындағы тәрбиені қоғамдық деңгейге көтеріп, үлкен істер атқарып отырғаны даусыз. Осындай маңызы бар істің біздің оңтүстік өңірінен бастау алғанына қуанамын және мақтаныш тұтамын. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, осы орайда қазыналы қарттардың қамын қамдап, ұрпаққа ұлағатын дарытып отырған Ардагерлер кеңесіне әрдайым қолдау көрсетіп отыратын облыс басшысы Дархан Амангелдіұлының аға ұрпақ өкілдеріне деген ілтипат-құрметіне шынайы алғысымды білдіргім келеді. Сондай-ақ, ардагерлер ұйымдарының жұмысына баса көңіл бөліп, осы ұйымдардың барлық бастамалары мен ұсыныс-өтініштерін орындауға көмектесіп, үлкен азаматтық көрсетіп жүрген аудан, қала басшыларына да алғыс айтуға рұқсат етіңіздер. Шындап келгенде, сіз бен біздің бәріміз де бір мүддеге – еліміздің ертеңі үшін қызмет етіп отырғанымыз да айнымас ақиқат. Дегенмен, ұлттың тірегі де, алтын арқауы да болған, болып та келе жатқан, бола да беретін қазақтың асыл әжелерінің тәлім-тәрбиесін кеңінен насихаттап, оған мемлекеттік маңыз берудің уақыты әлдеқашан жетті деп ойлаймын. Сондықтан, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің төрағасы, Еңбек ері, Парламент мәжілісінің депутаты Бақтықожа Салахатдинұлының қолдауымен осы бастамаға «Аялы әже» мәртебесін беріп, «Әжелер алқасының» он жылдық жұмысының озық іс-тәжірибелерін республика көлемінде таратуды қолға алғалы отырғанымызды жеткізгім келеді. Осыған орай бүгін біз аялы әжелеріміздің бойындағы өмірге деген шексіз белсенділік, ерік-жігер, асқан мейірімділік пен ұрпақ тәрбиесіндегі саналы мектебі көпке үлгі әрі өміршең болсын деген мақсатпен қазақи нақышта бедерленген «Аялы әже» мүсін-таңбасын жасап әкеліп отырмыз. Бұл таңбаның мән-маңызына үңілсек, ол аялы әженің алақанында қазақ халқының барлық қасиетін ұрпағымыз осы тұмардай тағып, бойында сақтасын деген ниеттен туған. Ашық аспан астында желбіреген тұмардың шашақтары ұрпақтар сабақтастығын көрсетеді, яғни қазақ елінің қасиетін ұрпағы жалғастырады дегенді білдіреді. Біз осы «Аялы әже» деп атаған мүсін-таңбамызды еліміздің барлық облыстарына эстафета етіп жолдаймыз. Алғашқы эстафета бүгінгі «Аялы әже» форумында салтанатты түрде Жамбыл облысына тапсырылатын болады. Түркістан облысынан бастау алған игі бастама еліміздің барлық түкпірінде жалғасын тауып, ұлтымыздың өресін биіктетуге қызмет ете беретініне бек сенім артамыз.

 

– Форумда үндеу жариялаған едіңіздер, сол үндеудің мақсатын айтып кетсеңіз?

– Аға буын өкілдерінің ұрпақтар сабақтастығы бойынша мақсаты – жастардың ұлттық мәдениетін, ана тілін, салт-дәстүрлерді және адами құндылықтарды сақтауға, оны жаңғыртуға, ұлттық және мәдени бірегейлікті дамытуға үлес қосу. Еліміздегі жасампаз жаңалықтар, орасан зор саяси оқиғалар бәрімізге жоғары жауапкершілік жүктейді. Бірлік пен ынтымақ-та, татулық пен тұрақтылықта және бірлесе атқарғанда ғана алға қойған мерейлі мақсаттарға қол жеткіземіз. Әсіресе, жаһандану саясаты дендеп тұрған шақта ұр-пақ тәрбиесіне ұлт келешегіне аса көңіл бөліп, ұрпақ-тар сабақтастығын жарасымды жалғастырып отырған аға ұрпақ өкілдері, яғни ардагерлер ұйымының жұ-мысы Мемлекет басшысының сарабдал саясатымен де үндесіп жатыр. Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «…ең басты-сы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек, ұлттың жаңа санасын қалыптастыру, әрбір азаматы-мыз, әсіресе, жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет» деп атап көрсетті. Сонымен бірге, ол: «Бала тәрбиесі – ең алдымен ата-ананың міндеті, ал мектеп – білімнің ғана емес, тәлім-тәрбиенің ордасы» деп қадап айтты. Ұрпақтар сабақтастығын жарасымды жалғастыруда, ата-бабалар аманаттарына адалдықтан айнымай алға апаруда, бала тәрбиесі және отбасы құндылықтарды, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптарды насихаттауда әжелердің орасан зор орны бар екені, олардың өлшеусіз рөл атқаратыны ақиқат. Сондықтан «Аялы әже» форумының аясындағы басқосуында айтылған ұсыныстарды, ортаға салынған ойларды, парасатты пікірлерді ескеріп, баршаңызды жұмыла жұмыс жасауға шақырамыз!

– Құрметті Жеңісбек Мәуленқұлұлы, мағыналы әңгімеңіз үшін көп рақмет! Еңбегіңіздің жемісін көре беріңіз!

Рауан МУТАИР.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.

Вы не можете скопировать содержимое этой страницы