
Бүгінгі күнге дейін қанша тырыссақ та, киберкеңістіктегі қауіпсіздік мәселесі даулы тұжырым болып отыр. Бүгінгі таңда цифрлық технологиялар жаһандық сипатқа ие болып, өмірдің барлық саласының ажырамас бөлігіне айналуда. Бұл экономикалық тұрғыдан да тиімділік пен дамудың көрсеткіші екені айқын. Дегенмен жоғары технологиялардың пайдасымен қатар, оның қауіп-қатері де жоқ емес. Кейінгі жылдары мемлекеттік ақпараттық жүйелерде, банк және өнеркәсіп секторларында ақпараттық қауіпсіздік қатерлерінің күрт өскені байқалады.
Сондай қатерді басынан өткергендердің бірі – Айнұр. 28 жастағы түркістандық өмірінде алғаш рет интернет алаяқтарға тап болған кезде абдырап қалғанын айтады. Ол қаржылай сауатты, білімі жоғары болса да осындай жағдайға тап болатынын мүлдем ойламаған. Алаяқтар әдетте зейнеткерлер мен қарттарды, яғни қаржылық сауаты төмен адамдарды құрбан етеді деген түсініктегі Айнұр жеке шотындағы 730 мың теңгесінен айрылған.
«Жеке шотымда 730 мың теңге ақшам болған. Оны жездем жеке кәсібін жүргізу үшін тауар айналымына аударған болатын. Белгілі себептермен ол ақша жаратылмай, жеке шотымда екі аптадай тұрып қалды. Содан бір күні маған кәдімгі қазақстандық нөмермен біреу хабарласты. Қаржылық сауатым болса да, қоңырау шалған алаяққа алданамын деп ешқашан ойламаппын. Бірақ, өкінішке қарай солай болды. Бір ер адам қоңырау шалып, өзін мен қызмет алатын банктің қызметкері ретінде таныстырды. Ол менің шотымнан біреу жарты миллионға жуық қаражатқа аударым жасауға тырысып жатқанын хабарлап, бұл әрекетті шынымен менің іске асырып жатқанымды нақтылағысы келді. Мен одан бірден өзінің алаяқ емес екенін қалай дәлелдейтінін сұрадым. Ол өзінің аты-жөнін, кесте нөмірін атады және қазір банктен қоңырау шалып оның жеке басын растайтынын айтты» — дейді Айнұр.
Содан бірнеше секундтан кейін банктен хабарласады. Дәлірек айтқанда, Айнұрға өзін банк қызметкерімін деп таныстырған адам байланысып, одан бұрын қоңырау шалған адамның жеке мәліметтерін атап, оның да банк қызметкері екеніне сендірген. Әбден сеніміне кіріп, қауіптің алдын алу шарасы деп жеке кабинетке кіретін бір реттік парольді атауды сұрайды. Айнұр сол сандарды айтып жатып, банк қосымшасы арқылы шоттағы соманы күйеуінің шотына аударуға болатынын түсініп, енді аударым жасамақ болғанда шотындағы 730 мың теңге жоғалып кеткен. Сонда барып, алаяқтарға алданғанын түсінген Айнұр, кімге хабарласарын білмей өзі тұтынатын банкке хабарласады. Алайда, банк қызметкерлері ештеңе істей алмайды.
Енді Айнұр қайтпек керек? Әрине Интернет-қылмыскерлердің құрбаны болмас үшін келесі қауіпсіздік шараларын сақтау керек.
