
Енді «кәсіпкерлік қызмет арқылы кіріс кіргізу белгілері байқалады» деген тұжырыммен қазақстандықтарды салық органдары тексеруі мүмкін. Себебі биылдан бастап салық заңнамасына біршама өзгерістер енді. 2023 жылдың желтоқсан айынан бастап салықты аз төлеуге тырысқан кәсіп түрлері артып, өзгеріске үркей қарағандар да табылды. Себебі жалпыға бірдей декларация тапсырудың үшінші кезеңін түсінбей, көптеген кәсіпкерлер өздеріне зиян келтірмеу жолын қарастырды. Ал аталған өзгеріс заңнамасына сәйкес жеке табысы туралы деректі кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар ұсынуы керек. Мәселен 2023 жыл аяқталарда халық арасында енді дүкендер, таксилер онлайн аударымдарды қабылдамайтынын, қайтадан қолма-қол ақшаға көшетінімізді айтып, азаматтар абдырап қалды. Бұл дүрбелең бүгінге дейін басылмай тұр. Сонымен, халықтың алаңдауына не себеп? Мобильді аударым мен мобильді төлем деген не? Оның пайдасы қандай, зияны кімге тиеді? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік.
Қолма қол төлем талап ету — заңсыз
Ең алдымен, мобильді аударымдарды бақылау – мемлекеттік салық түсімдерін арттыра отырып, бюджетті ұлғайтуға бағытталған қадам екенін түсіну қажет. Яғни, бюджет ұлғайған сайын, мемлекет әл-аухаты кеңейіп, халықтың жағдайы жақсара түседі. Мәселен, еліміз бірнеше жылдан бері бюджет тапшылығын сезініп келеді. Қаржы министрлігінің болжауынша, 2026 жылы бюджет тапшылығы 3,9 триллион теңге болуы мүмкін. Оған себеп соңғы жылдары банк мобильді қосымшаларының танымалдығы өсіп, оны кәсіпкерлер тауарларды сату мен төлем қабылдау үшін көбірек пайдаланған. Салдарынан елімізде 2023 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша мобильді төлемдер үлесі 86%-ға дейін өскен. Тіпті 6 жастан асқан балалар да онлайн төлемдерді белсенді қолданып, ата-аналардың 41,4%-ы балаларына карта рәсімдеген. Онлайн төлемдер мүмкіндігін пайдаға асырып, кейбір жеке кәсіпкерлер салықтан жалтарған. Нәтижесінде, тұтас мемлекет бюджет тапшылығына ұшырап, қаржы министрлігі дабыл қағуға мәжбүр болды. Дегенмен мобильді аударымдары туралы деректер мемлекеттік кіріс комитетіне 2023 жылдан бері түсіп отыр. Осыған байланысты, салық қызметіне 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап қана оларға тексеріс жүргізу құқы берілді. Алайда салық органдары үш ай қатарынан әртүрлі тұлғалардан жүз және одан көп аударым түскендерді ғана тексеретін болады. Яғни үш ай ішінде сіздің жеке банк картаңызға 300 ақшалай аударым түсетін болса, салық тексерісінен өтетін боласыз. Ал кәсіпкер бола отырып, өз табысын жасыру мақсатында кейбір тұлғалар сізден қолма-қол төлемді талап ететін болса, заңға қайшы жұмыс істеп жатқанын білдіреді. Мобильді төлемдерден бас тарту заңсыз, себебі, «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңның нормаларында әртүрлі төлем әдістері – банк картасы, QR төлемі немесе қолма-қол ақша қарастырылған. Ал кәсіпкер төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін бірінші рет ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілікке тарту, ал қайталап заң бұзғаны үшін 147 680 теңге (40 АЕК) мөлшерінде айыппұл салу көзделген. Одан бөлек, тауар сату немесе қызмет көрсету кезінде кәсіпкерлер міндетті түрле тұтынушыға түбіртек беруі тиіс.
Елімізде заң бәріне ортақ. Әрбір кәсіпкер өз кәсібімен айналысып, содан тапқан табысынан мемлекетке міндетті түрде салық төлеуі керек. Қазақстанда бүкіл әлеммен салыстырғанда ең төменгі салық мөлшермесі бекітілген. Соның өзінде де еліміздің кейбір азаматтары салық төлеуден жалтарады. Ал халық арасында мобильді аударымдарға қатысты түсініспеушілік не себепті туындады? Мысалы «мен мобильді аударым жасасам, менің де шотым тексеріледі» деген пікір қалыптасып, біраз адам әбігерге түсті. Алайда мемлекеттік кірістер комитеті мобильді аударым жасаған адамның шоты тексерілмейтінін айтады. Яғни мобильді аударымдарды бұрын қалай пайдалансақ, қазір де солай пайдалана береміз. Түркістан облысында күні бүгінге дейін заңсыз кәсіпкерлікпен айналысып, тұтынушылардың құқығын бұзған фактілер анықталмаған. Бұл туралы Түркістан облысы бойынша МКД мемлекеттік қызмет көрсету, түсіндіру жұмыс орталығы мәлімдеді. Сондай-ақ салық төлеуге ыңғайлы және тиімді тетіктері қарастырылған екен.
