
Соңғы үш жылда Қазақстанда тұтыну несиесін алғандар саны артқан. Бүгінде халықтың 84 пайызында қарыз бар. Соның ішінде шағын микроқаржы ұйымдарынан 197 млрд теңге онлайн-қарыз рәсімделген. Соңғы бір жарым жыл ішінде бұл көрсеткіш 27 пайызға өскен. 90 күннен кешіктірілген қарыз көлемі – шамамен 1,4 трлн теңге. Яғни, 1,7 миллион адам қарызын уақытылы төлей алмай отыр деген сөз. Мұны азайтуға 2019 жылғы кредитті кешіру науқаны көмектескен жоқ. Бұлу туралы жақында ғана парламенттік тыңдауда Ерлан Қошанов мәлімдеме жасады. Халықтың шамадан тыс несие алуын азайту және қаржылық сауаттылықты арттыру туралы тез арада жүйелі қадам жасалмаса, қиынға соғатынын ескерткен болатын.
Біздің елде қарызға өмір сүру үйреншікті жағдайға айналып кеткені соншалық, экономикалық белсенді қауымның 80%-ның басында бірден, екіден, тіпті үштен несиесі бар. Бір қарағанда, бұл адамның жеке басының ісі сияқты, бірақ, түптеп келгенде, ол — мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығының ең көкейкесті мәселелерінің бірі. 2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен кепілсіз тұтынушылық қарызы бар 500 мың адамның жалпы сомасы 300 мың теңгеге дейін негізгі берешегі мен оған есептелген өсімақы қарыздарын өтеуді мемлекеттің өз мойнына алуының бір сыры осында болатын.
Осыған байланысты, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың қаржылық сауатын арттырудың маңызын тілге тиек етіп, биылдан бастап «Қарызсыз қоғам» жобасын іске қосқан болатын. Бүгінде осы жоба асында 50 мыңнан астам отандасымыз қаржатын тиімді басқаруды және шығындарды оңтайландыруды үйренген. Мәселен, несиені қай банкте рәсімдегені немесе несие шартының түпнұсқасы қайда жатқаны көп адамның есінде жоқ. Жобаның кеңесшілері азаматтарға банктер мен шағын қаржы ұйымдары алдындағы мерзімі өткен берешектерді реттеу бойынша кеңес береді, әрі қарай бизнесті жоспарлауға және жұмысқа орналасуға көмектеседі екен.
Жалпы, «AMANAT» партиясы Halyk bank-пен бірге халықтың қаржылық сауатын арттыруды көздейтін «Қарызсыз қоғам» жобасы Түркістан облысын да қамтыған болатын. Мысалы Түркістан облысы бойынша «ҰЛЫ ДАЛА» ауылдық бизнесті дамыту қауымдастығының төрағасы, қаржыгер Жандос Азимбай жоба аясында тренинг өтіп, қаржылық сауаттылық бойынша дәріс оқыған маманның бірі. Ол бастапқыда тренинг сабақтарға қатысушылар саны аз болғанын, біртін келе қызығушылық артқанын айтады.
«Түркістан облысы бойынша «қарызсыз қоғам» жобасы аясында тренинг дәрістерін бастап кеттік. Жалпы түсінгенім, оңтүстік өңірі қаржылық сауатқа шөлдеп тұр. Олар жоба аясындағы әр дәріске мұқият көңіл бөліп, кейде регламент бойынша аяқтау керек сағатымызды одан әрі созуға мәжбүр боламыз. Бір қызығы біздің бірнеше күндік сабағымыздың алғашқы дәрісіне адам аз келеді. Алайда ертесіне қатысушылар саны көбейеді. Демек, жоба аясындағы сабақтар көпшіліктің көңілінен шығады деген сөз» — дейді қаржыгер.
