
Дүниежүзілік экономикалық форумның болжамына келсек, алдағы бес жылда жасанды интеллект 83 миллион жұмыс орнын жояды. Оның орнына 69 миллион жаңа жұмыс орны пайда болады. Салыстырып қарайтын болсақ, пайда қылғанына қарағанда қысқартқаны көбірек. McKinsey консалтиң компаниясының болжамына сүйенсек, алдағы уақытта генератив жасанды интеллектінің арқасында АҚШ-тың барлық жұмыс уақытының 30 пайызына дейін автоматтандырылады екен. Соған байланысты 2030 жылға қарай 12 миллионға жуық америкалық жұмысын ауыстырады-мыс. Осы орайда Түркістан облысының тұрғындары үшін жасанды интеллектінің өмірімізге еніп, еңбек нарығына тигізетін пайдасы мен төндіретін қаупі жайлы аз-кем ақпаратты ұсынып отырмыз.
Ал 2030-2060 жылдар аралығында қазір атқарылып жатқан жұмыстардың жартысы автоматтандырылады деген болжам бар. Компания жасаған есеп бойынша, бұл өзгерістер әлем экономикасына 17-26 триллион доллар аралығында пайда әкеледі. Бұл жақсы, әрине. Дегенмен кері әсерін де атап өту керек. Бұл қарқында жалғаса берсе, қуатты технологиялық және индустриялық өзгерістер болғанымен, экономиканың бұрыннан бергі қалыптасқан құрылымдары мен салаларын жоқ қылуы да мүмкін.
Жасанды интеллект барлық салаға жаппай енгізілуіне қарсы шығатындарды түсінуге болады. Мысалы былтыр Future of Life қоғамдық ұйымының сарапшылары бұдан келетін қауіпті ұмытпау керегін ескерткен. Тіпті «жасанды интеллектке негізделген жүйелерді қолданысқа енгізуге кемінде жарты жылдай уақытқа болсын үзіліс жасау қажет» деп ашық ұсыныс та тастаған. Қол қойғандардың ішінде Apple-дің негізін қалаушылардың бірі Стив Возняк пен Tesla-ның иесі Илон Маск болған. Хатта «Заманауи жасанды интеллект жүйелері кей тапсырмаларды орындағанда адамдармен бәсекеге түсе алатындай жағдайға жетті. Сондықтан өзімізге «Барлық жұмыс орнын автоматтандыру шынымен бізге қажет пе?» деген сұрақты қойғанымыз абзал» делінген.