Әлем ғалымдары ЖИ арқылы жасалған арулар қатысатын алғашқы әлемдік сұлулық байқауын ұйымдастыруда. Жуырда өтетін The Fanvue World AI Creator Awards атты сұлулық байқауына дайындық басталды. Жеңімпаздардың қандай қабілеттеріне мән берілетіні жайлы Түркістан облысының тұрғындарына аз-кем ақпарат ұсынамыз. Британиялық байқаулар тарихшысы Салли-Энн Фосетт – қазылар алқасының мүшесі. Қазылар алқасында тек екі адам ғана бар, қалған комиссия Эмили Пеллигрини мен Айтана Лопез сынды ЖИ модельдері. Естеріңізде болса, Эмили Пеллигрини былтыр әлеуметтік желілерде парақша ашып, тез арада танымал тұлғаға айналған еді. Бірқатар жұлдыз бен белгілі футболист оны шын адам ретінде қабылдап, кездесуге ұсыныс білдірген болатын. Ал Айтана Лопез – «испаниялық модель». Оны жасап шығарған еркек «туындысы» арқылы айына 10 000 еуро табыс тауып отыр.
Жақында Фосетт Daily Mail басылымына «Дәстүрлі шоуларды зерттеумен айналысатын тарихшы ретінде осындай футурист іс-шараға қатысып жатқаныма қуаныштымын. Дәстүрлі байқаулар қатысушылары мен ЖИ модельдері арасында ұқсас параллельдер көп екені қызық. Олардың аудиториямен байланысы да ұқсас», – деп сұхбат берді.
Көпшіліктің жасанды интеллект келешекте шығармашылыққа қатысты саланы басып алып, мамандардың жұмыссыз қалуына себеп болуы мүмкін деген уайымы бары рас. Бірақ ұйымдастырушылар осындай іс-шаралар арқылы басқа месседж жолдағандай көрінеді. Олардың айтуынша: «Көбі сұлулық байқаулары әйелдерді дегуманизациялайды деген сын айтады. Сондықтан ЖИ модельдерін шақырып, балама жол таптық». Дегенмен осы сынды сұлулық байқаулары сұлулық стандарттарын одан сайын биіктетіп жібереді деген күдік жоқ емес. Компьютер арқылы жасалған «мінсіз» бейне көптің санасын уламасына кепіл жоқ. Сондықтан байқауда қойылатын «Әлемді жақсарту үшін тағы не істей аласыз?» деген сұрақ қаншалықты орынды деген сауал туындайтыны рас.