
Жасанды интеллект моделін оқыту үшін неғұрлым көп қазақша дерек болса, соғұрлым сапалырақ шығады. Сондықтан бізге қазақша контентті генерациялауға баса назар аудару керек. Яғни кітаптар, фильмдер, мақалалар және т.б көп салынуы қажет, – дейді сала мамандары. Сонымен қатар, қазақша жасанды интеллектінің ауқымын кеңейтіп қана қоймай, халыққа қазақ тілін үйретуге де оң әсер ететінін де айтып жатады. Машинаны оқытуда қазақ тілінің ауқымын кеңейту үшін қандай жұмыс атқарылып жатыр? Осы мәселелер төңірегінде Түркістан облысының тұрғындарына «Керек дерек» айдары арқылы жасанды интеллектінің қазақ тілін түсініп, сөйлеп жүргенін IT-сарапшы, MSSP.GLOBAL бас директоры Дәурен Салиповтің пікірін ұсынып отырмыз. Сала маманы сондай-ақ, NLP үлкен сала екенін және сол саланың қолданысы туралы да тілге тиек етті.
– Қазақ тіліндегі мәтін мен аудиоларды тану, генерация жасаумен айналысып жатқан жобаларды білетінімді айттым. Бұл ретте мынаны ескеру қажет: қазір жасанды интеллект дамуының кезекті кезеңі болып жатыр. Ал LLM болса, сол NLP тапсырмалар аясында қолданылатын құралдардың бірі. LLM технологиялардың (large language model, тікелей аударғанда «тілдің үлкен моделі») арқасында ChatGPT туралы барлығымыз дерлік естідік. LLM-ге алдыңғы сөзге қарап, ендігі жазылатын сөзді болжай алатындай деңгейде жұмыс істеуі үшін өте көлемді мәтін деректер оқытылады. Софт жасайтындар үшін жасанды интеллектінің құнын азайтып, саланың кеңейтіп, AI қолданысы жиілігін арттырған да — осы фактор. Осы серпіліс мен технологияларды ауыстырғанның арқасында қазір көлемді деректерге анализ жасау, аудио, фото тіпті видеоға генерация жасау әжептәуір арзандады. Енді осының бәрін софт жасайтындар дұрыс қолданып, бизнеске құралдардың ең мықтысын, қолжетімдісін ұсынуы қажет. Мәтінді түсініп, генерация жасауға бағытталған NLP саласындағы арнаулы модельдің бір түрі. LLM модельдерді локализациялау бағасын түсіруге көмектеседі. Бірақ ол үшін өте үлкен көлемді дерек қажет. Жалпы алғанда жасанды интеллектінің кез келген моделін оқыту үшін сондай көп дерек керек. Мәселен, ChatGPT қазір қазақша түсінеді, сөйлейді. Ал оның сапасы деректердің көлеміне тікелей байланысты, — дейді ІТ-сарапшы.