
Соңғы кездері бизнестің жасанды интеллектіні белсене қолданып жатқанын көріп отырмыз. Мемлекеттік органдар тарапынан қызығушылық бар ма? Бар болса, қандай артықшылықтары мен кемшіліктері барын сала мамандарынан сұрап білдік. Бұл тұрғыда сала маманына бірнеше сұрақтар қойдық. Сарапшы ретінде Қазақстан нарығына қатысты болжамын да білгіміз келген еді. Сол сұрақ-жауапты «Керек кеңес» айдары арқылы түркістандық оқырмандардың назарына ұсынып отырмыз.
– Қазақстанда Smart Data Ukimet деген жоба бар. Оны «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ іске асырып жатыр. Деректерге анализ жасап, предиктив модельдер шығару үшін жасанды интеллект қолданатын бірден-бір жақсы жоба. Соны негізге ала отырып, стратегиялық және тактикалық шешімдер қабылдауға болады. Одан қала берді жасанды интеллектіні азаматтардың пікірлері мен арыз-талаптарына анализ жасауға да қолдануға мүмкіндік бар. Аймақтың мәселесін терең түсініп, оған дұрыс реакция білдіру үшін эмоциялық күйді дөп басуға да көмектесер еді. Мұндай қазір бизнесте қолданылады. Яғни қызмет көрсетумен айналысатын компаниялар клиенттермен чаттарға анализ жасап, қандай мәселелер барын анықтайды. Біздегі жасанды интеллект және машинаны оқыту саласындағы мамандар әлем бойынша бәсекеге қабілетті дей аламын. Бұл жерде мақсат яки тапсырманың болуы маңызды. Ал ол нарыққа байланысты. Біздің нарық шағын. Дегенмен жасанды интеллектіні қолданып, бизнеске шешімдер ұсынып жүрген отандық мамандар бар. Қазір біздің бизнестер әлемдік құралдарды (софт пен жасанды интеллект) қолдана алады. Бұл өте жақсы. Кейбір қазақстандық компаниялар жергілікті шешімдер жасап, алдағы уақытта шет мемлекеттерді нысаналап, әлемдік деңгеймен нарықта бәсекеге түсіп жатыр. Осылай біз білім бөлісіп, ашық болсақ, нарықпен бірге дами береміз, — дейді сала маманы.