
Елімізде 2024 жылы салынатын айыппұлдар өзгерді. Өңір тұрғындарын өзгерістермен хабардар ету мақсатында аталған айыппұлдар мөлшеріне тоқталмақпыз. Бұған басты себеп — 2024 жылы АЕК 3 692 теңгеге дейін өсті. Сонымен, қызметкердің көлік құралын тоқтату туралы талабын орындамау 40 АЕК немесе 147 680 теңге айыппұл салуға әкеп соғады. Айта кетейік, айыппұлдың бұл түрі 11 қыркүйекте түзетулерге байланысты ұлғайтылған. Бұрын ол 30 АЕК немесе 110 760 теңге болатын. Бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін жаза — 5 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу, көлік жүргізу құқығынан айыру. Құқығынан айырылған азаматтарға бұл заңбұзушылық үшін 60 АЕК айыппұл салынады, ал бұл — 2024 жылы 221 520 мың теңге.
Жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін бұзғаны, қауіпсіздік белдігін тақпағаны және көлік жүргізу кезінде телефон пайдаланғаны үшін жүргізушілерге 5 АЕК, яғни 18 460 теңге айыппұл салынады.
Жаяу жүргіншілер ережесін бұзу
Жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысының басқа да қатысушыларының жол қозғалысы ережелерін сақтамауы 7384 теңге – 2 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Бір жыл ішінде қайталап тәртіп бұзу айыппұлды бірден 10 АЕК, яғни 36 920 теңгеге дейін арттырады.
Басқа да заңбұзушылықтар
Қызметтік міндеттерін атқару кезінде полиция қызметкерлері мен тергеушілердің заңды талаптарына бағынбаған немесе жұмысына кедергі келтіргендерге 30 АЕК – 110 700 теңге айыппұл салынады немесе 15 тәулікке дейін қамауға алынады.
Бір жыл ішінде қайталап осы заңды бұзғандарға жаза ескерту немесе айыппұл емес, 15-20 тәулікке қамауға алынады. Ал қамауға алынбағандарға 50 АЕК – 184 600 теңге айыппұл салынады.
Қоғамдық жерге түкіргені үшін, сондай-ақ белгісіз орындарға қоқыс тастағаны үшін тәртіпбұзушы 5 АЕК немесе бірінші рет 18 460 теңге, ал қайталап бұзғаны үшін 10 АЕК немесе 36 920 теңге көлемінде айыппұл салынады.