
Қазақстанда әлеуметтік желілер бұрынғы кезге қарағанда қарқынды өсіп келе жатыр. Сала мамандары мен сарапшылардың деректері бойынша Қазақстандағы интернет пайдаланушылардың саны биылғы жылы 17,73 млн құрайды, яғни еліміздің барлық тұрғындары интернетті пайдаланады. Мысалы TikTok-тан келген Қазақстандағы жаңа бір тренд – қазақ тіліндегі контент танымалдылығының артуы мен өсуі. Қазақ және орыс тілдерінің арақатынасы туралы нақты статистика жоқ, бірақ әлеуметтік желіні пайдаланатын жастардың легі қазақ тілінде контент жасауды жөн көреді. Сондықтан тренд айқын, бірақ әзірге нақты статистика жоқ. Аталған трендтер Түркістан облысында да кең танымал боп жатқандықтан, «Керек кеңестің» бүгінгі маңызды ақпараттарын әлеуметтік желідегі жаңа трендтерге арнауды жөн санадық.
Қазіргі таңда Қазақстанда интернетті пайдаланушылар мен әлеуметтік желілерді пайдаланушылар 66,8%-ды құрайды. Оның 56,5%-ы әйелдер, 43,5% –ы ерлер аудиториясы және 86,3% — ы 18 жастан асқан пайдаланушылар (осы жас санатының жалпы есебі бойынша). Сондай-ақ, әлеуметтік желілерде күн сайын жаңа трендтер пайда болуда. Желі қолданушылары қазір не көргісі келетінін сорттап, түнгі уақытта хабарламалар келіп мазаны алмас үшін үнсіз режим қолданып, іздегенде оңай табылсын деп папка ашып қоятын болған. Бұл дегеніміз өзіне маңызды контентті ғана алып, ақпарат ағынына фильтр жасайды деген сөз. Осыны брендтер іліп әкете алады. Әлеуметтік желіде парақша ашып қана қоймай, қолданушылардың персонал әлеміне жол табуы керек. Демек, маркетологтар осы бағытта біраз терлеуі керек болады. Аудиторияның қызығушылығын, қалауын ескеруді үйрену қажет. Контент ұсынғанда осы сынды талап-тілектерді тыңдағанда ғана лоял клиент табады.