
Байқоңырдан өте улы зымыран отынын пайдаланатын «Протон-М» зымыран тасығышын ұшыру 2026 жылы тоқтауы мүмкін. Бірақ Ресей тарапы аталмыш зымыран тасығыштарды ұшыруды ұзарту туралы ұсыныс білдірген. Осы орайда ғарыш айлағындағы зымыранның зардаптары орасан болуы мүмкін екенін айтқан арнайы сала мамандарының ұсынысын өңір тұрғындарының назарына ұсынып отырмыз. Сонымен қатар бұл жайлы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі хабарлады.
Министрліктің хабарлауынша, 2023 жылы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі мен «Роскосмос» ғарыш қызметі мемлекеттік корпорациясының кездесуі барысында ресейлік тарап 2025 жылдан кейін «Байқоңыр» ғарыш айлағынан бұл зымыран тасығыштарын ұшыруды одан әрі жалғастыру туралы ұсыныс айтқан.
Алайда Қазақстан тарапы экологиялық жағдайды ескеріп, зымыран тасығыштарын ұшыруды кезең-кезеңімен тоқтату туралы шешім қабылдаған.
«2014 жылы «Байқоңыр» кешені бойынша Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясы Қазақстан Республикасының қоршаған ортаға экологиялық жүктемесін азайту мақсатында 2016 жылдан бастап «Протон-М» зымыран тасығышын ұшыруды кезең-кезеңімен қысқартуды 2026 жылға дейін аяқтау туралы шешім қабылдады. Сонымен бірге осы шешімге сәйкес, «Протон-М» зымыран тасығышын ұшыруды қысқарту аталған зымыран тасығыштың «Байқоңыр» ғарыш айлағынан жүзеге асырылатын ғарыш аппараттарын ұшыруды Ресей Федерациясының аумағында құрылған ғарыштық зымыран жүйелеріне кезең-кезеңімен ауыстыру арқылы жүзеге асырылады»,- делінген жауапта.
Министрлік хабарлауынша, негізінен ауыр класты «Протон-М» зымыран тасығышының ұшу тарихы жақсы. Осы зымыран тасығыштың көмегімен «Мир» халықаралық ғарыш станциясы және басқа ғарыштық жобалар жүзеге асырылған. «Протон-М» зымыран тасығыштарын пайдалануды жалғастыру «Байқоңыр» ғарыш айлағының қызметін және ондағы жұмыс орындарының санын сақтауға көмектеседі. Алайда мұның кемшін тұстары да бар.