ТҮРКІСТАН:  Б.СОҚПАҚБАЕВТЫҢ 100 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН «БАЛАЛЫҚ ШАҚҚА САЯХАТ» АТТЫ ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР ФЕСТИВАЛІ ӨТТІ

 

Бүгін Түркістан облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен қазақ балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай облыстық «Балалық шаққа саяхат» балалар арасында көркем сөз оқу және театралдық қойылымдар фестивалі өтті. Облыстың дарынды балалары мен жасөспірімдерін өнерге ынталандыру, олардың шығармашылығын дамытуға мүмкіндік беру, ұрпақ санасына ұлттық рухты сіңіріп, таным көкжиегін байыту мақсатында ұйымдастырылған байқауға, Түркістан облысының барлық аудан, қалаларынан шығармашыл балалар мен жасөспірімдер бақтарын сынады.

Байқауда көркем сөз оқу жанры бойынша Облыстық мәдениет және халық шығармашылық орталығының
көркемдік жетекші Асылхан Темірхан, Райымбек Сейтметов атындағы
сазды-драма театрының актері Қанат Садықбеков, Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің аға оқытушысы «Сахна тілі» маманы Салтанат Қырқынбекова төрелік етті. Ал театралдық қойылым жанры бойынша Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Мейіржан Алиакбаров, Мәдениет саласының үздігі, «Сахна тілі» маманы Ұлбосын Кулетова, Райымбек Сейтметов атындағы сазды драма театрының актері Нұржан Ізтаев төрелік етті.


Қазылар алқасы үміткердің сахна мәдениетіне, дыбыс тазалығына, орындаушылық шеберлігімен сахналық киіміне және т.б баса назар аударды. Қазылар алқасының шешімімен көркем сөз оқу жанры бойынша бас жүлде Шардара ауданынан Ділдәбек Асылбекке бұйырды, жүлделі I орын иегері Арыс қаласынан Абдрахман Ерсін, жүлделі ll орын иегерлері Түлкібас ауданынан Сыпатай Толғанай, Ордабасы ауданынан Демеуов Нұрдәулет атанды. Жүлделі III орын Созақ ауданынан Досхан Ахметке, Бәйдібек ауданынан Үсен Балхадишаға және Түркістан қаласынан Сымайылова Шадиянаға бұйырды. Ал театралдық қойылым жанры бойынша Ордабасы ауданынан «Жас толқын» балалар тобы, «Сұлулық патшалығы» қойылымын сомдап, бас жүлдені қанжығасына байлады. Жүлделі I орын «Таңдау» қойылымын сомдаған, Сауран ауданының «Кемел» балалар театрына бұйырды. Жүлделі II орынды иеленген Ордабасы ауданы «Жас толқын» балалар театрының «Сәулелі сезім» қойылымы және Түркістан қаласы «АКА» шығармашылық орталығының жас таланттары сомдаған «Жамбо,Мико және қасқыр» қойылымы болды. Сарыағаш ауданы, «Сөз» балалар үйірмесінің «Менің атым Қожа» көрінісі, Түркістан қаласы «Келешек» балалар театрының «Жеті ойыншықтың жеңісі» қойылымы және Отырар ауданы «Көксарай» балалар театрының «Ертегілер елінде» қойылымы жүлделі III орынды иеленді.

Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы

Сымбат СЕЙТХАНОВА

Мадина ЖҰМАХАНҚЫЗЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *