Мемлекет басшысы өз Жолдауында халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ел тұрғындарын аграрлық бизнеске барынша тарту, азық-түлік қауіпсіздігі және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға байланысты мәселелерді шешу мақсатында жобаланып, жүзеге асырылып жатқан «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасына барша бұқара қатты мүдделілік танытып отыр.
Айта кеткен жөн, «Ауыл аманаты» жобасы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2022 жылдың 26 қарашасындағы №1 «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алды. Өткен жылы жаңа бағдарламаны ауыл тұрғындары арасында кеңінен насихаттау, түсіндіру жұмыстары жан-жақты жүргізілді. «Amanat» партиясы жанынан арнайы құрылған мобильді топтар барлық дерлік өңірді аралап шығып, елді мекендердің 250 мыңнан астам тұрғынына «Ауыл аманаты» жобасын кеңінен таныстырды. Оның ішінде ең шалғай деген ауылдардың тұрғындары да қамтылды. Бапталған бағдарламаның басты шарттарымен тыңғылықты таныстыру және бүгінге дейін атқарылған жұмыстарға шолу жасау мақсатында жүргізілген жоба аясында ауыл тұрғындары өз кәсіптерін ашуға немесе бұрынғы ісін кеңейтуге қажетті түрлі ақпараттарға молынан қанықты.
«Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Бағдарлама 2023-2025 жылдарға арналған, несиелер биылғы жылдан бастап беріле бастады. Жоба аясында қандай жеңілдіктер қарастырылған? Бағдарлама бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. Несие/шағын несие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша – 7 жылға дейін. Несиенің, шағын несиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңнама бойынша айқындалады. Номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз. Мұндай несиенің халыққа пайдалы екендігі сөзсіз. Мәселен, ауыл тұрғындарының бүгінде бірде-бір коммерциялық банктен мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие – өте тиімді. Ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін аталған жоба – үлкен мүмкіндік. Тағы бір айта кетерлігі, «Ауыл аманаты» аясында несие алған азаматтарға негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша 1,5-2 жыл жеңілдік кезеңі де қарастырылған.
Қаражатты ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер, зейнеткерлік жасқа толмаған жұмыскерлер, жеке кәсіпкер ретінде тауарларды өндіру немесе өткізу, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсету жөніндегі қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар, отбасылық кәсіпкерлікте ақы төленбейтін қызметті жүзеге асыратын тұлғалар, қосалқы шаруашылықтың мүшелері, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өндірістік кооперативтердің мүшелері ала алады.
Шағын несие алу үшін өтінім беруші жеке кәсіпкер болып тіркелуі керек. Сондай-ақ салық органдарында тіркеудің болуы, басқа несиелер бойынша мерзімі өткен жарнаның, мемлекеттік кірістер органдарында берешектің болмауы талап етіледі.
Несие алушыда ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер телімі, қора және басқа да қажетті жағдайлардың болуы шарт, сондай-ақ ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне мүшелікке кіру және жоба аясындағы өндірген өнімін өндірістік кооперативке өткізу талап етіледі. Бағдарламаның қалай жүзеге асырылатыны және несиелеудің шарттарына назар аударар болсақ, ең бірінші кезекте жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық беріліп жатқаны байқалады. Бұл ретте алынған өнімнің сапасын, салмағын арттыратын өңдеу саласына қатысты жылыжайлар, сүт, ет өндірісі, құс және балық шаруашылығы секілді жобалар, өсімдік шаруашылығын, мал шаруашылығын дамыту, ауыл шаруашылығы кооперативтерін жабдықтау және басқа бағыттағы бизнес жобаларды қаржыландыруға ерекше мән беріліп отыр.
Несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен жергілікті әкімдіктеріне өтінім білдіруі қажет. Бұл жобаның ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігі тиеді. Бағдарламада уақыт шектеуі жоқ. Шартта көрсетілгендей, несие алушы кем дегенде бір жыл сол жергілікті ауылдың тұрғылықты азаматы болуы керек. Егер кепіл болмаған жағдайда туыстардың кепілін пайдалануға болады. Шағын несиелер халыққа сенім білдірілген өкіл арқылы беріледі. Қаржының мақсатты жұмсалуы қатты қадағаланатын болады.
Бағдарлама адамдардың тұрақты табыс жолына түсуіне бағытталған. Кәсіп ашуға немесе істі дұрыс жүргізуге мамандануға ауылдық округ әкімдері көмектеседі.
Қашанда қағажу көріп жүретін ауыл тұрғындары жаңа жобаға үлкен үміт артып отыр. Қолынан іс келетін, дөңгелетіп отырған шаруасы бар көптеген кәсіпкер, фермерлер бұл бастамаға барынша мүдделілік танытуда. Олар қаржылай қолдау болса, ауыл-аймақта өз кәсібін бастауға немесе осыған дейін шұғылданып келген шағын кәсіптерінің аясын кеңейтіп, талапқа сай дамыта алатынына бек сенімді.
Облыс әкімі ауданымызға жасаған сапарында ауданды әрі қарай дамытуды тапсырды. Сондықтан, біздің ең басты мақсатымыз – тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету. Аудан бойынша шағын және орта кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді. Ол үшін мемлекет тарапынан барлық жағдайлар жасалып отыр. Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 6 мың 911-ге жетіп, аудан құрылғалы бері, соңғы 2,5 жылда олардың саны 4 мың 838-ге өсті. Осы салада 8 мың адам жұмыспен қамтылып, өткен кезеңмен салыстырғанда 1,5 пайызға артты. Тұрғындарының орташа жалақысы былтыр 419,8 мың теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 15,1 пайызға артты.
Аудан бюджетінің өзіндік кірістері жыл сайын артып келеді. Салықтық түсімдердің өткен жылғы 9 айда нақты орындалуы 1 млрд. 239 млн. теңгені құраса, биыл 1 млрд. 990 млн. теңгеге жетті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 2 млрд. 172,4 млн. теңгені құрап, ағымдағы жылға қойылған жоспар 100 пайызға орындалады деп күтілуде.
Сонымен қатар аудан тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға арналған «Ауыл аманаты» пилоттық жобасымен 191 жоба 1 267 млн. теңгеге қаржыландырылды. Атап өтсек:
Мал шаруашылығы бағытында – 165 жоба қаржыландырылып, 3 175 мал сатып алынды.
Өсімдік шаруашылығы — 9 жоба қаржыландырылып, жалпы көлемі – 1,7 га жерге жылыжай салынды.
Балық шаруашылығы – 2 жоба қаржыландырылып, 2 кәсіпкер балық шаруашылығын дамытуды қолға алды.
Ауылшаруашылық өндірістік кооперативтері — 5 жоба қаржыландырылып, 5 техника сатып алынды.
Өз кәсібін ашуға — 10 жоба қаржыландырылып, 2 наубайхана, 2 газоблок, 1 пластиктен құрылыс заттарын шығаратын цех, 1 дәнекерлеу цехы, 1 пеноблок шығару өндірісі, 1 шлакоблок шығару цехы, 1 пенопласт шығару өндірісі мен 1 ағаш өңдеу цехтары ашылды.
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ерекше көңіл бөлді:
«Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет.
Бұл салада ірі компаниялар көбірек болса, нақты серпіліс жасауға болады. Біз экспортты ұлғайта отырып, ішкі нарықты да ұстап тұруымыз керек. Сондықтан елімізге сапалы өнімді қажетті көлемде тұрақты ұсына алатын кәсіпорындар қажет. Отандық агрофирмалардың ірі компаниялар қатарына кіргені жөн болар еді. Сондай-ақ өзара тиімді шарттарды ұсынып, бұл жұмысқа халықаралық корпорацияларды белсенді түрде тарту керек», — деді Мемлекет басшысы.
Президентіміз ауылдарды дамытуға ерекше назар аударуды тапсырған болатын. Қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасының аясында шаруаларды несиелендіру жүргізілуде. Несиелендіру 6 бағытта жүзеге асырылуда: ол өсімдік, мал, құс, балық шаруашылықтары. Сондай-ақ, кооперативтерді жабдықтау мен тұрғындардың өз кәсібін ашуға мүмкіндіктері бар.
Жуырда Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының кеңейтілген жиынында депутаттар «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыру жөніндегі Үкіметтің 2023 жылғы есебін тыңдады.
Жоба өз тиімділігін көрсетуде. Бүгінде шамамен 80 млрд теңге сомасына жылдық мөлшерлемесі 2,5%-ды құрайтын 12,7 мың шағын несие берілді.
Сөз басында Мәжіліс Спикері, «AMANAT» Төрағасы Ерлан Қошанов ауылды дамыту мәселесі Мемлекет басшысының ерекше бақылауында екенін атап өтті. Осы орайда, партия қоғамда кең қолдау тапқан «Ауыл аманаты» және «Жер аманаты» сынды екі жоба әзірледі. «Ауыл аманаты» жобасы – ауылды дамытудың жаңа драйвері. Жалпы алғанда, 2029 жылға қарай жоба аясында 1 млн ауыл тұрғынын қамтып, 350 мың жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Алғаш рет ел тарихында аталған мақсатқа 1 триллион теңге көлемінде қомақты қаражат бөлінді.
«Ауыл аманаты» жобасы — ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, аграрлық бизнесті ілгерілету мәселелерін шешу мақсатында жүзеге асады. Жоба арқылы ауыл азаматтары кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала отырып, техниканы лизингке рәсімдеуге мүмкіндік алады. Несие немесе микронесиенің мерзімі — 5 жыл болса, мал және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобаларға 7 жылға дейін беріледі. Несиенің ең жоғары соммасы қолданыстағы заңнама бойынша анықталады.
Айта кетейік, жобаға қызығушылық танытқан аудан тұрғындары толық ақпаратты аудандық «Кәсіпкерлікті қолдау орталықтарына» жүгініп, нақтылай алады.
Сауран ауданында бағдарлама Қарашық, Оранғай, Ескі Иқан, Майдантал ауылдық округтерінде іске асырылуда. Бүгінгі күнге «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 149 жоба қабылданып, 579 млн. теңгеге 98 жоба қаржыландырылды, 13 жоба кепіл шартын тіркеу сатысында тұр. Бағдарламаның аясында ауданда 7 кооператив құрылды. Сауран ауданы ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 6 млрд. 164 млн. теңге инвестиция тартылды. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6 есеге артқан. Жыл соңына дейін 11 млрд. 332 млн. теңге көлемінде инвестиция тартылады деп жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, алдағы уақытта жалпы құны 4 млрд 260 млн теңгені құрайтын бірнеше инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда.
КӘСІПКЕРЛІК
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа парадигмасы еліміздің бәсекелік артықшылықтарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша ашуға негізделеді.
Жаңа экономикалық саясатта жүзеге асуы екіталай, ұзақ мерзімді мақсат қоюға болмайды.
Осы Жолдауда айтылатын міндеттің бәрі үш жылдың ішінде орындалуға тиіс. Ал аса күрделі міндеттерді жүзеге асыру үшін нақты мерзім бекітіледі.
Енді экономиканың құрылымына қатысты реформаның негізгі тұстарына тоқталайын. Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет. Біз ел тағдыры үшін айрықша мәні бар бірқатар жобаны жүзеге асыруымыз керек. Экономиканы әртараптандыру бұрынғыдан да маңызды міндетке айналуда»,-деп ерекше тоқталған болатын.
Мемлекет басшысының Жолдаудағы берген нақты тапсырмаларына орай саурандық еңбеккерлер табыстың тай қазанын тасыта түсуде.
Соңғы 2 жылда аудан экономикасына 38,3 млрд. теңгеден астам инвестиция бағытталып, 2 есеге өсті. (2021 жылы 12,4 млрд теңге, 2022 жылы 25,9 млрд теңге). Биылғы 9 айда инвестиция көлемі 22,3 млрд. теңгені құрады (жылдық жоспар 30,4 млрд.тг.).
2023 жылға 14,4 млрд. теңгеге 59 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған (508 жұмыс орны). Жыл басынан 5,3 млрд. теңгеге 37 жоба іске қосылып, 149 жұмыс орны ашылды. Жылдың соңына дейін 22 инвестициялық жоба жүзеге асырылады (359 жұмыс орны).
ТРАНСПОРТ
Қазіргі таңда облыстық бюджет есебінен «Түркістан — Ескі Иқан» бағыты бойынша жолаушылар тасымалы ұйымдастырылған. Сонымен қатар, ауданішілік 6 бағыт бойынша жолаушылар тасымалын ашуға («SAR Avto» ЖШС) тиісті жұмыстар атқарылып, 3 бағыт бойынша көліктер жұмыс атқаруда.
АУЫЗ СУ
Сауран ауданы бойынша 36 елді мекеннің 32 елді мекені ауыз су құбырымен қамтамасыз етілген. Ауыз сумен қамту көрсеткіші – 84,7 пайызды құрап отыр.
ГАЗБЕН ҚАМТУ
Аудандағы 36 елді мекеннің 11 елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету үшін құрылыс жұмыстары жүргізілген. Бүгінгі күнге нақты 7 елді мекенге табиғи газ қосылды (Нұртас, С.Қожанов, Жалаңтөс, А.Үсенов, Шаға, Қазақстан 30 жылдығы, Ескі Иқан). 4 елді мекенге ағымдағы жылы табиғи газ беру жоспарлануда (Ибата, Ойық, Бершінтөбе, Шоқтас).
Шорнақ, Қосмезгіл, Оранғай елді мекендері мен Жүйнек және Қарашық ауыл округтеріне ішкі газ құбырларының құрылысына жобалық сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған.
Сонымен қатар, Жүйнек, Қарашық, Оранғай, Шорнақ ауыл оуругтеріне магистральді табиғи газ құбырының құрылысына жобалық сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың қорытындысын жыл соңына дейін алу жоспарланып отыр.
Мақсат ТАҢҒАТАРОВ,
Сауран ауданының әкімі.