Түркі халықтарының рухани астанасы-киелі шаһар төрінде облыс орталығы атанғалы бері биыл екінші рет республикалық «Түркістан мақамдары» термешілер байқауы өтті. Жаһандану дәуірінде жас ұрпақтың бойына төл дәстүрімізді дәріптеуге, ұлттық руханиятымызды ұлықтау мақсатында өткен байқауға, еліміздің 14 облысынан келген сөз маржанын сазбен жеткізетін талантты жыршы-термешілер қатысты.
Байқау екі кезең бойынша өткізілді. Әуезді әуеннің, мағыналы мақамы мен сазды иірімдерін ұлан-ғайыр даламыздың табиғаты мен тыныс- тіршілігін, алуан түске бояп, түрлендіре білген үміткерлер, байқаудың алғашқы кезеңінде оңтүстік өңірінің термелерінен, ұйымдастырушылар ұсынған екі шығарманы орындаған болатын, ал шешуші кезеңде оңтүстік термелерінен кеңінен таралып, ел ішінде көптеп орындалып жүрген, терме толғаулардан жеребе бойынша бір терме орындады.
Байқау жеңімпазын екі кезең нәтижесі бойынша елімізге белгілі әнші Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Саят Медеуов, ҚР Мәдениет саласының үздігі Мейіржан Алиакбаров, жыршы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Қорқыт ғылыми зерттеу институтының ғылыми жетекшісі Елікбай Иса, термеші, ақын, сазгер Жәкен Омаров, жыршы, термеші, ҚР Мәдениет саласының үздігі Аяз Рүстемов қазылық етті.
Ұлттық руханиятымыздың төл тұмары – терме өнерін насихаттап жүрген талантты жыршы– термешілерімізге байқау нәтижесі бойынша, облыстық мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев жұлделі орындарды табыстады. Салтанатты марапаттау рәсімінде қазылар алқасы байқаудың өту барысына тоқталып, пікірін білдірді. Алматы облысынан келген Құрметжан Ербах бас жүлдені иеленіп, Майлықожа Сұлтанқожаұлының сөзіне жазыған, Мұрат Төреханұлының мақамы «Әр істі ақылдылар абайлады» және Ташман Шекеровтың мақамы Орынбай Таймановтың сөзіне жазылған «Жақсыдан шығады сөз» термесін орындап сөзден кесте тігіп,жүзден жүйрік мыңнан тұлпар атанды. Жүлделі І орын Жетісу облысынан келген Дина Ақниетке, ІІ орын Павлодар облысының өнерпазы Тілеужан Баянбек пен Жамбыл облысының жыршысы Бекарыс Көштаевке бұйырды. Қызылордалық Айдос Тұрар мен Астана қаласынан қатысқан Салтанат Ерсұлтан, Көкшетау облысынан келген Нұрдыхан Арыстан жүлделі ІІІ орын иегері атанды. Сонымен қатар Майлықожа Сұлтанқожаұлы атындағы арнайы жүлде Ақмола облысынан Әлихан Дүйсенбайға, Мұсабек Байзақов атындағы арнайы жүлде Түркістан облысынан Қозарбай Маралға, Құлыншақ Кемелұлы атындағы арнайы жүлде Қостанай облысынан Байдос Қожасағиевке тапсырылды.
Айта кетейік, «Түркістан мақамдары» аясында, Қазығұрттың көмулі тарихында, тағдырлы күнтізбенің тасатында қалған-ақын, Төлеш Баймырзаұлы еңбектері мен ақын Сақы Арынбекұлының алтынкөпірлік төл жазбалары жазылған «Артымда қалсын асыл сөз» жыр жауһарлары кітабының тұсауы кесіліп, қалың оқырманға жол тартты.
Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы
Ұлдана ӘШІРБАЕВА
Мадина ДӘУЛЕТОВА