Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін. Олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін», — деп тапсырма берген болатын. Осыған орай,Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Сауран ауданында болып, ел алдында есеп беріп, тұрғындардың ақыл-кеңестерін тыңдады. Кездесу барысында көтерілген мәселелерді шешу жолдарын қарастырды.
ЖҮЗДЕН АСТАМ ИНВЕСТЖОБА ЖАСАЛУДА
Үлкенді-кішілі бас қосуларда айтылатын мәселе әкімдердің жұмысы өңірге инвестиция тартумен бағаланатындығы. Сондықтан алдымен баяндама жасаған Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың мәлімдеуінше, Сауран ауданы бойынша 2024-2025 жылдар аралығында жалпы құны 61,4 млрд. теңгені құрайтын 102 инвестициялық жобаны іске асыру көзделіп отыр. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі саласында 23 жоба жүзеге аспақ. Оның ішінде, жиһаз жасау бағытында 12 цехті іске қосу жоспарланса, бүгінгі таңда 9 цех өз жұмысын бастап кетті. Жыл соңына дейін тағы 3 жиһаз жасау орны пайдалануға берілмек. Бұдан бөлек, құрғақ құрылыс қоспаларын өндіретін, трансформатор құрастыру және жөндейтін, қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу бағытында, жаңбырлату қондырғыларын өндіретін, тері, мақта және мақта шитін өңдейтін, жылыжай жабдықтарын өндіретін, тігін цехтары мен өнеркәсіптік тоңазытқыш жабдықтарын өндіретін кәсіпорын алдағы уақытта іске қосылады.
– Халықпен кездесудің басты мақсаты – өңірдегі проблемалық мәселелерді шешу. Бүгін өздеріңізбен маңызды мәселелерді бірге талқылау үшін арнайы жиналып отырмыз. Мемлекет басшысы жаңа экономикалық үлгіге өту бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Оның бастысы – инвестиция тарту, яғни жаңа кәсіпорындар мен жұмыс орындарын ашу. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту және су ресурстарын үнемді пайдалану мақсатында су үнемдейтін технологияларды кеңінен пайдалану. «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылдық жерлерге жолданған жас мамандарға қолдау көрсету мақсатында 2023 жылы 45 маманға 15 млн. теңгеге бірреттік көтерме жәрдемақы, 5 маманға тұрғын үй сатып алу үшін 26 млн. теңге көлемінде бюджеттік несиелер берілді,деп атап өтті Дархан Аманкелдіұлы.
«ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫ ЖЫЛ БОЙЫ ЖАЛҒАСАДЫ
-Елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы жалғасып жатқанын білесіздер. Сіздерді күнделікті үйіміздің айналасын көшелерімізді таза ұстауға және көгалдандыруға өз үлестеріңізді қосуға шақырамын. Әркім ортақ іске өз үлестерін қосатын болса, өңіріміз көркейе түседі. Барлығымыз бірлесе отырып, қоғамда экология мәдениетін қалыптастыруымыз қажет, – деген облыс әкімі аудан әкіміне «Таза ауыл», «Үздік көше» секілді экологиялық байқауларды өткізуді тапсырды.
Осы орайда, Шорнақ ауылының ішінде қоқысты жинайтын жүк көлігінің қоқыс тасымалдаушы жұмысына жиі сын айтылады. Бұл мәселе осы жолы да көтерілді. «Жасыл Сауран» мекемесінің қоймасында қоқыс жәшіктерін жинап қойғандығы, қоймада тұрған қоқыс жәшіктері мен беседкаларды көше бойына, тиісті орындарға орнату керек делінді. Қазіргі таңда Мемлекет басшысының бастамашылығымен республикамызда «Таза Қазақстан» акциясы өткізіліп жатыр. Ол акция жыл бойы жалғасуы керек. Ал, Сауран ауданы бойынша көгалдандыру, абаттандыру және тазалық жұмыстарына қажетті техникаларды «Жасыл Сауран» коммунальдық мемлекеттік мекемесінің теңгеріміне алуды аудан әкімдігі жасайтын болып шешілді. Күні бүгін Сауран ауданы бойынша сатып алынған 50 дана орындық, 50 дана қоқыс жәшіктерін тиісті орындарға орнату көзделді.
КӘСІПКЕРЛІК АУМАҚТАРЫНА ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ҚАЖЕТ
Облыс әкімімен кездесуде Қарашық ауылының кәсіпкері Тохташ Омаров өз ауылынан он гектар жер бөлінгендігін ендігі жерде сол аумақтың инфрақұрылымын жақсы етіп жасап берсе, жергілікті кәсіпкерлерге үлкен қолдау болған болар еді деген тілегін жеткізді. Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың баяндауынша, өңірде кәсіпкерлік саласын дамыту мақсатында Қарашық, Иассы, Оранғай ауылдық округтерінен 10 гектар жер қарастырып берілді. Енді сол жерлерге инфрақұрылым жүйелерін жүргізіп беруге көмек берсеңіз деген өтінішін білдірді. Бұл мәселеге облыс әкімінің бірінші орынбасары қадағалау жүргізіп, аудан әкімдігі инфрақұрылымының жасау мақсатында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы, облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасымен бірлесе отырып, бөлінген жер телімдеріне инфрақұрылым жүйелерін жүргізуге кірісті. Оның ішінде алдымен сметалық құжаттамасын әзірлеу, әзірлеген сметалық құжаттамаға қаржы бөлгізу, сол бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілетін болады. Әкімдіктің негізгі мақсаты бөлінген жерлерге асфальт жол салу, жарығын, суын жеткізіп беруді міндетіне алды. Мен ауылдарды аралау және тұрғындармен кездесу барысында әрбір ауылдық округ әкімдеріне ауылдың инфрақұрылымы әзірленген он гектар жерді арнайы экономикалық аймақтарға бөлу туралы тапсырдым. Бұл жұмыс қазірдің өзінде бірқатар ауылдарда жүзеге асырыла бастады.
«TURAN» АРНАЙЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ АЙМАҒЫ ШАҚЫРАДЫ
Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында Оранғай ауылдық округінен «Turan» арнайы экономикалық аймағы және Шаға ауылдық округінен 30 гектар жерге өндірістік парк құрылып, қазіргі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Өндірістік паркті индустриалды аймаққа айналдыру үшін қосымша 70 гектар жер бөлінді. Сауран ауданы, Шаға ауылдық округіндегі өндірістік паркке тоқталатын болсақ, «UBC Group» ЖШС — Тоңазытқыш жабдықтарын өндіру және машина жасауды қолға алды. Жоба құны — 2 млрд.теңге тұрады. Жоба толық жүзеге асқан кезде 250 адамға жұмыс орындары ашылады. «BNK Group Ltd» ЖШС — Жаңбырлату қондырғыларын өндіруде. Бұл жобаның жалпы құны — 5 млрд.теңге тұрады. Жоба толық жүзеге асқан кезде 80 жұмыс орны ашылады. «World Medicine İlaç Sanayi ve Ticaret Anonim Şirketi» ЖШС — Фармацевтикалық өндірісті бастауда. Жоба құны — 5 млрд. теңге тұрады. Мұнда 50 адамға жұмыс орындары болады. «Ақниет Холдинг» Мүгедектер қоғамы» Қоғамдық Ұйымы — Металл және мектеп жиһаздарын өндіруде. Жоба құны — 2,3 млрд.теңге болса, онда 70 адам жұмыспен қамтылатын болады. «Жаңа Арна Құрылыс» ЖШС — Дәрі өндірісін бастады. Жоба құны – 3млрд.теңге тұрады. Мұнда да 80 адамға жұмыс табылады. «GEN GROUP KAZAKHSTAN» ЖШС — Жылыжай жабдықтарын өндіруді бастады. Жоба құны – 2,4 млрд.теңге болса, болашақта 70 адам жұмыс табады. «Ақниет Холдинг» Мүгедектер қоғамы» қоғамдық ұйымы — Әскери шатыр өндірісі жасауда. Жоба құны – 2,5 млрд.теңге болса, 100 адам жұмыс істейтін болады. «Ақниет Холдинг» Мүгедектер қоғамы» қоғамдық ұйымы — корпустық, жұмсақ және медициналық жиһаз шығарады. Жоба құны – 3,5 млрд.теңге. Жоба толық жүзеге асқан кезде 100 адам жұмыспен қамтылатын болады.
-Аталған жобалардан бөлек, Қарашық ауылдық округінен 10 гектар жер телімі бөлініп, 21 цехты салуды жоспарлап отырмыз. Дәл осы бағытта Иассы ауылдық округінен 8 гектар, Оранғай ауылдық округінен 13 гектар жер бөліп кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізілуде. Бұдан бөлек, Шорнақ ауылынан жеке кәсіпкер Абишов Ықпал меншігіндегі 8 гектар жерден өндірістік алаң құрылып, 1 гектар аумаққа жиһаз жасау цехының құрылысын бастады, қалған жерлерге инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде,-дейді Мақсат Асылбекұлы.
ҚАҢҒЫБАС ИТТЕР ҚОҒАМҒА ҚАУІПТІ
Шорнақ ауылының тұрғыны Мұхит Ахметов Сауран ауданында қаңғыбас иттер көбейіп кеткендігін, әсіресе балаларға қорқынышты екендігін тілге тиек етті. Ветеринария саласының ит аулау мамандарын қажетті материалдық техникамен қамтамасыз ете отырып, таңғы 06:00-ден жұмысын бастап кетсе екен. Сондай-ақ, қаңғыбас ит мысықтарды аулап жеткізетін уақытша ұстау орындары салынса екен деген ойын жеткізді.
Облыс әкімінің пәрменімен Сауран ауданы орталығынан қаңғыбас ит-мысықтарды уақытша ұстау алаңын салу және жеке кәсіпкермен қаңғыбас ит-мысықтарды уақытша ұстау алаңын жалға алу туралы келісім шартқа отыру мәселесі қозғалды. Ит-мысықтарды аулауға қажетті көлік, техникаларды қамтамасыз ете отырып, таңғы 06:00-ден бастап аулау кестесіне сәйкес жүргізу міндеттелді. Бұл мәселемен облыстық ветеринария басқармасы айналысатын болды. Оранғай ауылының кәсіпкерлері Кокенов Махсуд пен Сиздиков Арипжан «Яссы құс» құс фабрикасы мен «Rich Home» жиһаз цехы тұтынып отырған электр желілері жиі сөнетіндігіне шағым білдірді. Осыған орай әкімдік электр бағаналарын ауыстырып берсе деген базынасын жеткізді. Облыс әкімінің бірінші орынбасарының қарауына ұсынылған бағаналарды ауыстыру мақсатында ақаулы бағаналарды анықтап, сметалық құжаттамасын жасап, қаржы бөлгізу арқылы құрылыс жұмыстары жүргізілетін болып шешілді. Жобаны жүзеге асырумен облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы, «Оңтүстік Жарық Транзит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бірлесіп іске кірісті.
ЖЕРДІҢ ЖЫРЫ САН ЖЫЛДАРҒА ЖАЛҒАСАДЫ
Кеңес Одағы тарағаннан кейін Қазақстан Тәуелсіздігінің алғашқы жылдары ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен иен байлықтың ішіндегі аса бағалысы -жерді халыққа ортақ жайылымға, суармалы жерлерді егіншілерге әперу жайы үлкен қиындықпен жүзеге асуда. Облыс әкіміне аудан тұрғындары жұмыс тапшылығына байланысты басқа қалаларға көшуге мәжбүр. Тұрғындарға егін шаруашылығымен айналысуға суармалы жерлер берілсе деген сұрақ та түсті. Бұл орайда, тұрғындарға егін шаруашылығымен айналысуға суармалы жерлерді беру тәсілін түсіндіру жұмыстары жасалуы керек. Ауыл шаруашылығы мақсатында жерлерді қайта айналымға енгізу үшін конкурсқа қойылатын жер телімдерінің тізбесін бекіту қажет. Аталған лоттарға жерге орналастыру жұмыстарын жүргізу және топырақтың құнарлығын зерттеу актісін алу қажет екен. Жер учаскелерін жер кодексінің 43-1 бабына сәйкес келісім беруші органдардың келісімін алу мәселесі туындайды. Соңынан лоттар тізбесін БАҚ-та жариялап, 15 күн ішінде құжаттар жинап конкурс өткізу қарастырылады. Бұл мәселелерді ұйымдастыру аудан әкімдігіне жүктелді.
ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРДІ КӨПТЕП САЛУ КЕЗЕК КҮТТІРМЕЙДІ
Шорнақ ауылының тұрғыны Бекжігіт Манашев соңғы жылдары ауылдардың өзінде өте күрделі қордаланған мәселеге айналған тұрғын үймен қамту жайының өте өзекті болып отырғанын жеткізді. Сондықтан аудан орталығына қоныстанушы мемлекеттік қызметкерлер мен жастардың көбеюіне байланысты аудан орталығынан көп қабатты тұрғын үйлер көптеп салынса деген тілегін жеткізді. Себебі, бәсекелестік болған жерде тұрғындар да сапалы әрі арзан үйлерге назар аударады.
Дархан Сатыбалдының төрағалығымен кезекте тұрған азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында көпқабатты тұрғын үйлерді көптеп салып, азаматтарды тұрғын үймен қамту жайы ойластырылды. Алдымен тұрғын үй құрылысына аукцион өткізу қорытындысы бойынша көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігер мекемелерді анықтау керек. Одан кейін тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарын бастай беруге болады. Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан соң Сауран ауданы әкімдігі тарапынан үйлер сатып алынып, кезекте тұрған азаматтарға арнайы комиссия шешімімен пайдалануға беру қарастырылатын болады.
«Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген міне осылай болса керек. Ауданның бірқатар өндірістік ғимараттары мен әлеуметтік мекемелерін аралап, тұрғындармен жылы жүздескен Дархан Аманкелдіұлы саурандықтардың белсенділігі өсіп, әлеуметтік тұрмыстық жағдайларының дұрыстала бастағандығына ризашылығын білдірді. Жаңа жобалар мен бастамашылықтарға барынша қолдау білдіретіндігін жеткізді.
Ескендір ЕРТАЙ.