САУРАН: «АУЫЛ АМАНАТЫ» АУЫЛДАРДЫҢ ДАҢҚЫН АСЫРАДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында:

«Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуы керек»,- деген болатын. «Бақ қайда барасың?» деген кезде «Береке, бірлікке барамын» дейді екен.

Түркістан облысында «Ауыл аманаты» жобасын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 19,8 млрд. теңге қаржы бөлінді. Бүгінгі таңда мақұлданған жобалар көрсеткіші бойынша Түркістан облысы елімізде көш бастап тұр. Алайда, облысы әкімі Дархан Сатыбалды бұл көрсеткішті әлі еселей түсуге түркістандықтардың әлеуеті жеткілікті екендігін жиі айтуда. Жақында арнайы бас қосуда жобаны жүзеге асыруда кемшілікке бой алдырған әкімдер мен мекеме басшыларын сынға алып, есептерін тыңдады. Облыстың аграрлық сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.

– «Ауыл аманаты» бойынша жобаларды қаржыландыру көрсеткіші әлі де төмен. Уақыт өтіп жатыр. Жоспарға енгізілген барлық ауылдарда жобалар толық жүзеге асып, елдің табысы артуы тиіс. Жауапты басқарма басшылары, сіздер ауыл шаруашылығындағы проблемаларды анықтап, шешу жолдарын ұсыныңыздар. Тұрғындарға идеялар беріп, жобаны жүзеге асыруға, өз кәсіптерін бастауға көмектесіңіздер. Белсенді тұрғындар өздері ізденіп, несиесін алады. Бірақ тұрғындардың бәрі ондай белсенді емес. Оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, кеңес берген жөн. Аудан, қала әкімдері, былай отыра беруге болмайды. Ізденіңіздер, «Ауыл аманаты» жобасын жандандыру керек. Қаржыландыруға жауапты «Ырыс» қаржы ұйымы мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация басшылары да жұмысты ширатсын. Аз ғана жобаны игере алмай отырсыздар. Шаруалардың, тұрғындардың жобалары жылдам қаржыландырылсын, – деді Дархан Сатыбалды.

Аудан әкімі Мақсат Таңғатаровтың баяндауынша, 2023 жылы «Ауыл аманаты» қанатқақты жобасы аясында Қарашық, Оранғай, Ескі Иқан, Майдантал ауыл округтерінен 1 млрд. 267 млн. теңгені құрайтын 191 жоба іске асырылды. Нәтижесінде, 3 172 бас ірі қара мал сатып алынды. 1,7 гектар жерге жылыжай салынды. Екі кәсіпкер балық шаруашылығын дамытуды қолға алса, өндірістік кооперативтерде – 3 дана ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды. Сондай-ақ, өз кәсібін ашу бағытында — 10 жоба қаржыланып, 190 жаңа жұмыс орындары ашылды. Ағымдағы жылы жоба аясында Үшқайық, Иассы, Жаңа Иқан, Шаға ауыл округтерінен 280 шаруа несие алуға ниет білдіріп отыр.

Оранғай ауылдық округінің әкімі Берік Қуандықовтың баяндауынша Оранғай ауылдық округінде 18 шаруашылықта 156 жылқы бордақылауға кірісіп жатыр екен. Жылқы еті арзан бағада кетіп қалмауы үшін, осында оны сою пунктін ашып, өнімді ұқсата пайдалану тетігін қарастыру керек деген ойда.

— Мал алып, бордақылау бір мәселе болса, оны өткізу жолдарын осы бастан ойластыруымыз керек. Бізге жоғарыдан тапсырма берілген. Шаруаларға несие берген соң, олардың өнімін тұрақты қабылдау, өткізу жолдарын қарастыруымыз қажет. Оны өткізуге шұжық цехы ашылады. Сүтті де өткізетін орын ашылады. Мұны кластер ретінде алдымен малды бордақылап, ет-сүт өңдеу цехтарын жақын жерден жасау ойластырылған. Қазір енді бұл жүйе толығымен жұмыс жасап жатқан жоқ. Бірақ біз бұл жүйені тез арада жүзеге асырамыз деп ойлаймын. Бұл жобалардың жүзеге асырушылардың дені жастар. Мұны енді «жас келсе, іске» демекші» ауылдың жастары да қолға ала бастайды деген ойдамыз. Түсіндірме жұмыстарын өткізіп, жастарымызға барлық мүмкіндіктерді жасаудамыз,-дейді Берік Қуандықов.

Қазіргі таңда ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға арналған қанатқақты жобасы аясында облыстағы 16 ауданға республикалық бюджеттен жиырма млрд.теңгеге жақын сома қарастырылып отыр. Оны жыл аяғына дейін өсіруге мүмкіндіктер де ашылды. «Ауыл аманаты» қанатқақты жобасына қатысушы ретінде Сауран ауданына қарасты төрт ауылдық округ таңдалды. Атап айтқанда: Оранғай, Қарашық, Майдантал, Ескі Иқан ауылдық округтері. Бүгінгі күнге жеті кооператив құрылды. «Ауыл Аманаты» бағдарламасы аясында 175 жоба қабылданып, оның ішінде Қарашық ауылдық округі бойынша құны 349,4 млн теңгені құрайтын 45 жоба, Оранғай ауылдық округі бойынша құны 193 млн теңгені құрайтын 37 жоба, Ескі Иқан ауылдық округінен 158,6 млн теңге 25 жоба және Майдантал ауылдық округінен 91,1 млн теңге 12 жоба несие комитетімен мақұлданды. Жалпы Сауран ауданы бойынша бүгінгі күнге 360,5 млн теңге болатын 67 шаруа несиесі рәсімделді.        «Ауыл Аманаты» жобасы бойынша жұмыстар жалғасуда.

Республикамыздағы тұңғыш рет басталған «Ауыл аманаты» жобасымен Сауран ауданындағы Түркістанға жапсарлас орналасқан Оранғай мен Қарашық екі ауылдық округтерінде ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісін қалыптастырудың қанатқақты жобалары алдымен басталған болатын. Арада көп өтпей Ескі Иқан мен Майдантал ауылдық округтерінің агрошаруашылық саласындағы еңбеккерлері де құмбыл кірісіп жатыр.

ТАҢДАУЛЫҒА – ТОҒЫЗ ТАЛАП

Сауран ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің бұрынғы басшысы Сәкен Оразбаевтың айтуынша, қанатқақты жоба бойынша мүдделі ауылдық округтер мен тұрғындарына, жеке кәсіпкерлеріне тоғыз талап қойылады. Алдымен несие алушының жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі міндетті. Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінде мүшелікте болуы, басқа да несиелер бойынша мерзімі өткен жарнаның болмауы.

Сонымен қатар мемлекеттік кірістер органдары алдында берешектің болмауы керек. Несие алушының жасы зейнет жасынан аспауы тиіс. Несиені кепілмен қамтамасыз ету мүмкіндігі сараланады. Несиені алу үшін қойылған кепіл нысанын сақтандыру қажет екендігі қарастырылады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығын жүргізу үшін жер телімі, мал қора секілді қолайлы аса қажетті жағдайлардың болуы шарт. Одан кейін қаржыландырылған жоба аясындағы өндірілген өнімді ауыл шаруашылық өндірістік кооперативке өткізу немесе өзі қалаған жағына өткізу жолдарын ұсыну көзделеді.

«Жасыратыны жоқ, біздегі шағын кәсіпорындар мен шаруа қожалықтары ісін дөңгелетіп кете алмай отыр. Себебі, жем-судың да бағасы, жанар-жағар май, техникалық қызмет түрлерінің, тыңайтқыштардың да бағасы аспандап кеткені рас. Сондықтан біз алдағы жылдары шаруашылықтарды өз салаларына орай, біріктіруді, ірілендірудің жолын ұсынып отырмыз. Мәселен, несиенің ең жоғарғы сомасы — кооперацияны дамыту үшін 27 600 000 теңгеге дейін болса, жеке қосалқы шаруашылығын дамыту үшін — 8 625 000 теңгеге дейін қаржы қарастырылып отыр. Екі ортадағы айырмашылық үш есеге дейін барып қалады. Қаржыландырудың ең аз мерзімі – 12 ай болса, ең ұзақ мерзімі – 84 айға дейін жалғасады.

Негізгі борышты өтеу шаруаның ыңғайына қарай ай сайын тоқсан сайын, немесе жарты жылда бір рет, жылына бір рет берілген есебіне қарай ыңғайланады.

Сыйақыны өтеу де, шаруаның ыңғайына қарай ай сайын, тоқсан сайын, жарты жылда бір рет, жылына бір рет қарастырылып отырады. Негізгі кепілге жылжымайтын мүлік, қосымша кепілге жер телімдері мен көлікті қоюға болады. Шаруаларға да кооперативке де борышты өтеу бойынша бір жылға дейін жеңілдікті кезең қарастырылған», — дейді сала басшысы.

Оның айтуынша, ірі шаруашылықтардың қадамы да қарымды. Барлық қаржылық, техникалық және ұйымдастыру мәселелерін кооператив мүшелері ақылдасып шешеді. Мұндайда қазақ «келісіп пішкен тон келте болмас» дейді.

Сауран аудандық ардагерлер кеңесі мен ақсақалдар алқасының мүшесі, ҚР ауыл шаруашылығы министрлігінің ауыл шаруашылығын реформалау жөніндегі комиссия мүшесі Оразгелді Өтегенұлы Егізбаевқа жолығып, шаруалар кооперативтерге бірігуден не ұтады деген нақты сұрақ қойдық.

— Қазір шаруа қожалықтарының әрқайсысының жеке жері бар. Жұмысын істеп жатыр. Олар «ортақ өгізден, оңаша бұзау» деген тәртіпті жақсы көреді. Кооперативтерге бірігудің мәселесі бірлесіп қызмет жасаудан туындап отыр. Яғни, техниканы бірлесіп пайдалану, минералды тыңайтқышты, жанар-жағармайды бір жерден алу жүзеге асырылады. Одан кейін өнімді жинау, өткізу мәселесі де бірге атқарылады. Бұған барлық техника жұмылдырылады. Бұл жерде айта кететін нәрсе. Бірігудегі мақсат – кооперативті заманауи үлгідегі жаңа техникамен жарақтандырудың қажеттілігі. Мұны Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында қадап тұрып түсіндірді.

«Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы – күрделі мәселеге айналды. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілері мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал».

Бұл өте қиын мәселе. Жеке-дара жүрсе, шаруалар техникаларын жаңалай алмайды. Себебі, жаңа техникалардың бағасы шарықтап кетті. Мәселен, 2010 жылдары бес миллион теңге тұратын трактор қазір он миллион теңге тұрады. Бағасы екі есеге өскен. Оны шаруалардың алуға шамасы жоқ. Сондықтан, кооперативтерге бірігіп, оларды техникамен қамтамасыз ету керек. Біздегі майда, ұсақ шаруашылықтарды біріктірудің ең негізгі тетігі осы. Мемлекет техниканы кооперативтерге 50 пайыздық субсидиямен (қайтарымсыз қаржы) береді. Қазіргі кезде кооперативтерге 28 миллион теңге шамасында қаржы береді. Ол жаңа бір техника, ал пайдаланылғаны болса, асып кетсе екі техникаға ғана жетеді. Жаңадан құрылатын кооператив бір-екі техникамен алысқа ұзай алмайды. Алдымен Сауран ауданындағы жетекші бір ауылда қанатқақты жоба ретінде үлгі-тәжірибе жүзінде осындай үлкен кооператив құру керек. Ол бұрынғы МТС яғни машина-трактор паркі секілді техникалық жарақтанған болуы тиіс. Соның жанынан минералды тыңайтқыштар, жанар-жағармай қоймалары ашылуы керек. Барлығы бір орталықтан жасалса, берекесі болады. Сұраныс, талап та кооператив басшылығына қойылады.

Жыл сайын «Ауыл аманаты» жобасына берілетін қаржыны көбейтейін деп жатыр. Сол кезде осы бастаманы өндіріске батыл енгізу қажет деп ойлаймын. Мұны шаруа қожалықтары мен «Атамекен» кәсіпкерлерді қолдаудың ұлттық палатасының өңірлердегі филиалдары да қадағалағаны жөн.

АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР АУЫЛДАСТАРДЫ АУҚАТТАНДЫРАДЫ

Оранғай ауылдық округінің әкімі Берік Қуандықтың баяндауынша, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсарту бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылды. 2023 жылдың 5 айы бойынша 36 отбасы атаулы әлеуметтік көмек алса, 2024 жылдың 5 айында 32 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Ауыл округі бойынша 2023 жылдың 5 айымен салыстырғанда 2024 жылдың 5 айында атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 4 отбасыға қысқарды. Себебі, 2 отбасының табысы кедейлік шегінен асып, екі отбасы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында несие алып өз кәсіптерін бастады. Қамқорлық бағдарламасы аясында Оранғай ауылдық округі бойынша тұрмысы төмен және көп балалы 2 отбасыға 650 мың теңге көлемінде азық-түліктей және материалдық (қатты отын, есік, терезе киім және т.б) көмек берілді және уақытша ақылы қоғамдық жұмысқа тартылды.

Жергілікті бюджеттің салық төлеу базасын құрайтын барлық субьектілерді қайта түгендеу жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 34 нысан, 101 жеке кәсіпкер және 169 шаруа қожалық жұмыс жасауда. Оранғай ауылы, Қосқорған елді мекені, Қалдарбұлақ көшесіне 2, Достық көшесіне 1 трансформатор орнату жұмыстары жүргізілді. Бостандық елді мекенінің кіре берістегі қақпасы сырланып, Бостандық ауылы деген жазуы қайта ауыстырылды және сол маңдағы көпірге қоршау жасалды. Бостандық елді мекенінің жарамсыз күйдегі 11 электр бағанасы және 160 метр болатын сымы ауыстырылып, ауыз су кірмеген тұрғын үйлерге 2400 метр су құбыры тартылды. Оранғай ауыл округі аумағында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында ғимараттар алдын тазалау, ауыл аумақтарын абаттандыру, жаяу жүргінші жолдары және талдарды әктеу, аялдама аумақтарын қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізілді. Оранғай–Қосқорған автокөлік жол бойындағы дала өртінің алдын алу мақсатында жұмыстар атқарылды. Түркістан-Кентау жол бойындағы көше жарықшамдарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Оранғай ауыл округі аумағында 365 га жерге арнайы экономикалық аймақ құру бастау алды. Бұл 2018 жылғы 29 қазанда «TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағын құру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 693 Қаулысы негізінде құрылды. Негізгі мақсат -Түркістан қаласын жеделдете дамыту және Түркістан қаласының инвестициялық әлеуетін жоғарылату болып табылады. Бұл жоба іске асырылған жағдайда 47 жоба іске қосылып, 3 580 тұрақты жұмыс орны құрылады.

Ауыл тұрғындарымен кездесуде айтылғандай, алда да атқарылар істер ауқымды. Мәселен, Қосқорған елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету құрылысына жобалық сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан өткізілуі керек. Бостандық елді мекенін табиғи газбен қамтамасыз ету құрылысына ЖСҚ мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Бостандық елді мекеніндегі Қазыбеков көшесін жарықтандыру, воркаут, балалар алаңшасы, футбол алаңшасын орнату керек. Оранғай ауылында 50 орындық психоневрологиялық аурулары бар мүгедек балаларға арналған медициналық-әлеуметтік мекеме салынуда. Оранғай елді мекенін сапалы электр желісімен қамтамасыз етудің екінші кезеңі жүзеге асырылады. Оранғай елді мекеніндегі ішкі газ құбыры құрылысын бастау да кезек күттірмейді.

Оранғай — Қосқорған автомобиль жолының 12 шақырымына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуіміз керек. Бостандық, Қосқорған елді мекендерін электр қуатымен қамтамасыз ету құрылысын бастаймыз. Сонымен қатар Алибастр көпіріне және Бостандық елді мекеніндегі көпірге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Мұндай елдің әлеуметтік тұрмысын жақсартатын жобалар жүзеге асырылған жағдайда, халықтың жүріп-тұруына жайлы болады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *