Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен елімізде бес апталық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өткізілді. Бұл бастаманы Түркістан облысының табиғат жанашырлары қуанышпен қабылдап, жұмысты бастап кетті. Бес аптаға созылған бұл науқанның бірінші аптасы «Таза өлке» деп аталды. Бұл акция 11 мамырда аяқталды.
«Таза өлке» атты тақырыбы өте ұнаған Ескіиқандық Элзод Мавленов қасына өзі секілді табиғат жанашырларын жинап, ақылдаса келіп, өзі тұратын ауылындағы қоқыстарды тұрақты тазалау жұмыстарын жүйелі жүргізу мақсатында «Иқан Тазалық» жеке шаруашылығы кәсіпорнын ашты. Алайда, қолының қысқалығына байланысты кәсібін өрістете алмай отыр. Ескі Иқан ауылдық округінің әкімі Дилшод Саитов Элзод Мавленовпен бірлесіп, ауыл адамдарына тазалық сақтау тұрғысындағы түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ауылдың қоқыс полигоны жанынан сәуірдің басында 1,5 гектар жер бөліп, қазір онда электр желісін жүргізіп беруге кірісіп кетті.
— Біз Элзодтың бастамасын толығымен қолдаймыз. Өйткені, ауылдың тазалығы бәріміз үшін керек. Ол түрлі аурулар мен санитарлық жағдайдың нашарлауына әкеліп соқтырады. Сондықтан қолымнан келген көмегімді жасап жатырмын,-дейді Ескі Иқан ауылдық округінің әкімі Дилшод Саитов.
Кәсіпорын жетекшісі Элзод Мавленовтың баяндауынша, Ескі Иқан ауылында 2750 отбасы бар болса, қазіргі таңда олардың 1300 отбасымен қоқыстарды уақытында шығару жөнінде келісім жасалған. Қазіргі кезде Әбдіжаппар Әбдусаттаровтың ГАЗ-53 жүк көлігін жалға алып, өзін жүргізуші ретінде жұмысқа алған. Екі жұмысшысы бар. Болашақта жаңадан бөлінген қоқыс полигонынан түрлі қалдықтарды сорттап, темірін, пластигін, шынысын кәдеге жаратуды көздеп отыр. Мұның бастамасын үлкен сауда орындары мен дүкен иелері, кафелер, мейрамханалардың жетекшілері барынша қолдап отыр. Сауран аудандық мәслихатының шешімімен «Иқан Тазалықтың» қойған бағасымен ауылдастары да келісіп отыр. Мәселен, әрбір адам басы үшін қоқыс шығарудың бір текше метрінің бағасы 125 теңге болса, ірі кәсіпорындар мен мейрамханаларға 705 теңге тұрады.
Мемлекет басшысының бастамашылығы жөнінде Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды: «Таза Қазақстан» – бір айлық науқан емес, тазалықты өмірлік дағдыға айналдырудың жолы,-деген болатын. Өңір басшысы Дархан Сатыбалды «Белсенді демалыс» саябағына ағаш отырғызып, «Таза Қазақстан» шарасына қолдау білдірді. Жаңа акцияны қолдау жөнінде өз үндеуін жариялаған болатын. Экологиялық акцияға қатысқан жастармен жүздесіп, пікір алмасты. Отаншылдық – тазалықтан басталатынын айтып, ағаш егіп, туған жердің тазалығын сақтау, табиғатын қорғау әрбір адамның міндеті екенін жеткізді.
– Бүгін біз қоғам үшін маңызды экологиялық іс-шарада кездесіп тұрмыз! Өйткені, өңірімізде белсенді, отаншыл азаматтар өте көп. Түркістан облысында «Таза өлке – Түркістан» акциясын бастадық. Осыған байланысты өткен аптадан бері аудан, қалаларда тазалық, көгалдандыру жұмыстары басталып кетті. Бұл – бір айлық науқан емес. Мақсатымыз – тазалық сақтау, ағаш, гүл егуді өмірлік дағдыға айналдыру.
Осы салаға жауапты басқармаларға, аудан, қала әкімдеріне, коммуналдық мекемелерге нақты тапсырмалар берілді. Арнайы техникалар, ресурстар бөлінді. Біз «Таза Қазақстан» акциясы аясында Түркістанымызды одан сайын түрлендіре түсеміз! Оған мүмкіндігіміз жетеді, – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
Республикалық акцияның мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тұрғындардың, жастардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін ояту.
– «Табиғат – ел байлығы» демекші, мемлекет дамуы үшін табиғатқа деген құрмет болуы тиіс. Қоршаған ортаны қорғау арқылы Отанға деген патриоттық сезім оянады. Сондықтан, біз өз ортамызды, көшемізді, ауылымызды, қаламызды таза ұстауымыз керек. Арықтарды тазалап, бұлақ көздерін ашу – міндетіміз! Осы бағытта жұдырықтай жұмылып жұмыс істейміз деп сенемін! Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында 2021-2025 жылдар аралығында өңіріміздегі 800-ден астам елді мекенді көгалдандыру үшін 4 миллионнан астам көшет егу көзделген.
Қазір жұмыстар жүруде. Биылдың өзінде 1 миллионнан астам көшет егілуде. Таулар да, ормандар да, өзен-көлдер де, байтақ дала да, ауылдар да, қалалар да – біздікі. Осы байлығымызға жанашырлықпен қарайық! Көшесінің тазалығына қарап, азаматын, халқын танисың. Ендеше, барша Түркістан өңірінің тұрғындарын осы акцияны қолдауға шақырамын! Бірлік пен еңбектің арқасында Түркістанымызды жасыл аймаққа айналдырайық! – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.
10 сәуір мен 11 мамыр аралығында Түркістан облысында аптаға арнайы ат беріліп, түрлі бағытта экологиялық іс-шаралар ұйымдастырылды. Бірақ сонан бері бұл акция тоқтап қалды.
Ескі ихандық Элзод Мавленов «Иқан Тазалық» жеке шаруашылығы болашақта Жаңа Иқан ауылын да қамтуды мақсат етіп отыр. Бұл бастамашылықты «Жаңа Иқан» ауылдық округінің әкімі Тахир Абдаев та қолдайтындығын білдірді. Себебі, «Жаңа Иқан» ауылында 7871 адам тұрады. Ал, «Ескі Иқан» ауылында 18 мыңдай адам тұрады. Мұны толық қамту үшін үлкен қолдау қажет. Тахир Абдаев қажет болса, ауыл тұрғындарымен кездесіп, тазалық сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізуге әзір. Бұл бастамаға аудан әкімдігінің жауапты мамандары мен аудандық мәслихаттың осы ауылдардан сайланған депутаттары да қолдау білдіруде. Ендеше, «Жас келсе, іске» дегендей Ескі Иқан ауылының тұрғыны «Иқан Тазалық» кәсіпорнының бастамашылығын қолдап, іс-тәжірибесін аудандағы барлық елді мекендерде пайдалануға әбден болады. Ал,Түркістан облысының басшылығы да шынайы қолдау білдірсе, тазалықты науқандық жұмысқа айналдырмай, барлық елді мекендерді таза ұстауға пайдалануға болатын бастамашылық.
Ескендір ЕРТАЙ.