Ішкі істер министрлігі ұсынған статистика бойынша ағымдағы жылы елімізде 4,5 мың интернет алаяқтық жасалған. Еліміздің банктері мен байланыс операторлары алаяқтықтың жаңа түрі туралы мәлімдеме жасап отырады. Интернет алаяқтар қазір елдің ақшасын интернет-мессенджерлер арқылы үптеп кетуге тырысады екен. Қаржы жобаларын ұсынып, өзін брокермін деп таныстыратын алаяқтар да қаптап кеткен. Қазіргі кезде инвестициялық жобаларға қатысты алаяқтық жиілеген. Азаматтар жинаған ақшаларын қаржы жобаларына саламыз деп сан соғып жатады. Одан өзге әлі алмаған тауарына немесе қызметке ақша жіберіп, алданып жатады. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, Қазақстанда 2023 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша алаяқтықтың (Қылмыстық кодекстің 190-бабы) төмендеуі байқалуда. Жалпы тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтардан алаяқтықтың үлесі 30%-ды құрайды. Аймақ бойынша ең көп алаяқтық тіркелген облыстар төмендегіше: Алматы қаласы – 6742, Астана қаласы – 5358, Қарағанды облысы – 2590, Шымкент – 1921, Алматы облысы – 1836, Ақтөбе – 1334, Атырау – 1319, Қостанай – 1311, Павлодар – 1244, Шығыс Қазақстан – 1243. Алаяқтық әрекеттердің салдарынан 34 623 адам зардап шекті, оның ішінде: Ерлер – 15603, Әйелдер – 19020. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандар – 102, мектеп, гимназия, лицей, колледж, жоғарғы оқу орындарында оқитындар – 291, зейнеткерлер – 1714, мүгедектер – 8. Интернет алаяқтық фактілері 1,5%-ға төмендеді. Еліміз бойынша барлығы 15616 (15848) осындай қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Ақша қаражатын қарызға алу арқылы алаяқтық 73%-ға төмендеді, барлығы 24 (89) факт орын алған. Төлем карталарын пайдалану арқылы жасалған алаяқтық фактілері бойынша да төмендеу байқалады, барлығы 197 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13,2%-ға аз.