КЕРЕК ДЕРЕК: РОБОТОТЕХНИКА – АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТУ КЕПІЛІ

Ауыл шаруашылығында робототехниканы дамытудың тағы бір бағыты – осы саладағы заманауи тенденцияларды анықтайтын жаңа технологиялар. Роботтандыру өндіріс өнімділігін айтарлықтай арттыру қажеттілігіне негізделген. БҰҰ болжамы бойынша, 2050 жылға қарай әлем халқы 9,8 миллиардқа жетеді. Халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін тамақ өнеркәсібін 70 пайызға арттыру қажет. Робототехника ауыл шаруашылығы мамандарының жұмысын едәуір жеңілдетпек. Алдағы уақытта диқандарға егіс алқабын аралап көріп, егін көлемін алдын ала болжау үшін көп күш жұмсаудың қажеті жоқ. Робот дрондар мезгіл-мезгіл егістіктердің үстінен ұшып, егінді күтудің оңтайлы әдістері мен ауа райы болжамдары туралы есептерді қамтитын бағдарламаға деректерді жүктейді. Суару, тыңайтқыштар және басқа да өсіру әдістері туралы өзекті ақпарат шығындарды азайтуға көмектеседі. Бұл робототехника, жасанды интеллект пен IT технологиялар арқылы жүзеге асады. «Northern Sky Research» (NSR) баяндамасына сәйкес, спутниктік және заттар интернетін (IoT) пайдалану келесі онжылдықта ең жоғары өсу мүмкіндігіне ие. 2029 жылы ғарышта ауыл шаруашылығына арналған құрылғылар саны 790 мыңнан асады делінген. Робототехниканың дамуы арқылы жаңа мамандықтар мен кәсіптер пайда болуда. Еліміздегі жаңа мамандықтар мен құзыреттердің атласы бойынша республикада ауыл шаруашылығы өндірісін автоматтандыру және роботтандыру жөніндегі инженер, робототехниканың инженер-технологы, робототехника операторы мамандықтары пайда болуы мүмкін. Робототехника инженерлері, жасанды интеллект мамандары, деректер талдаушылары, робот-бағдарлама жасаушыға сұраныс жоғары. Сонымен қатар робототехникаға техникалық қызмет көрсету және жөндеу үшін сервистік техниктерге деген қажеттілік артып отыр. Бұл мамандарды оқыту және қайта даярлау үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *