ТҮРКІСТАН: ОНЛАЙН САУДАДАН ОПЫҚ ЖЕГЕНДЕР КӨБЕЙГЕН

Қазақстандықтар онлайн сауда алаңдарына жиі шағымданады. Былтыр оның саны 3 есе артқан. Тұтынушылар әсіресе әлеуметтік желі арқылы саудасын қыздырып отырғандарға наразы. Бұған не себеп?

— Былтыр тұтынушылар тарапынан онлайн саудаға байланысты 8 мыңға жуық шағым түсті. Бұл алдыңғы жылдан 3 есе көп. Арыздың жартысынан көбі әлеуметтік желі арқылы сауда жасап отырғандарға қатысты. Шағымданғандардың 34%-і сауда желілерінің интернет сайттарына көңілі толмайтынын айтқан. Қалған 11%-ң маркетплейстердегі қызмет көрсету не тауар сапасына қатысты. Тұтынушылар құқығын қорғау комитетіндегілер бұған кәсіпкерлік субъектілердің де немқұрайлылығы себеп екенін жоққа шығармады. Өйткені әдетте тауар немесе сатушы жайлы мәлімет берілмейді. Ақпарат болған күннің өзінде шындыққа жанаспай жататын жайттар бар. Ал маркетплейстерге жүгінетіндердің көбі алаяқтарға ұрынып жатады. Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті: «Кәсіпкерлік субъектілері тарапынан тұтынушыларға қатысты жүйелі проблемалар мен заңбұзушылықтар жиі болып тұрады. Сол себепті біз электронды платформалардың өкілдерімен бірнеше жиналыс өткіздік. Мысалы, ресейлік ірі маркетплейстермен 702 шағым қаралып, тұтынушылар құқығы қорғалды. 32 млн теңге қайтарылды». Отандық онлайн сауда алаңдарына қатысты шағым да аз емес. Қордаланған түйткілдер 2 жылға арналған кешенді жоспар аясында шешілмек. Осылайша 2030 жылға қарай елдегі электронды сауда үлесін 20%-ке арттыру көзделеді. Былтыр онлайн сауда үлесі 2 трлн теңге болды. Бұл бөлшек сауданың 13%-ін қамтыды. Елдегі 80 мың компания өнімдерін интернет арқылы сатып отыр. Бірақ олардың дені – ұсақ ұйымдар.

Қазақстанда электрондық сауда нарығы бір сарынды емес. Жан-жақты дамып жатыр. Маркетплейстер бар, екінші деңгейлі банктер арқылы да саудасын дөңгелетіп отырғандар көп. Шетелдік онлайн-платформалар да сұраныста. Тұтынушылар азық-түлік пен өздеріне қажет бұйымдарды осылай сатып алады.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *