
Жақында АҚШ-тың OpenAI компаниясы мәтін жазатын ChatGPT ботын іске қосқан. Бұл бағдарлама қазір әлем жұртын таңдандырып та, алаңдатып та отыр. Таңдай қаққызатыны – қас қағым сәтте өлең, шығарма жазу былай тұрсын, күрделі есептерді шығарып тастайды. Зерттеушілер бағдарламалық жасақтама кез келген тапсырманы орындау мақсатында және емтихан кезінде есептерді шығару үшін пайдаланылуы мүмкін деп алаңдайды. Себебі оқушылар мен студенттер өз интеллектін дамытудың орнына осындай көмекші боттарға жиі жүгінеді. Бес аспап бағдарлама өлең шығарып, әннің сөзін де жазады. Осы орайда Түркістан облысының тұрғындарының назарына «Керек дерек» айдары арқылы жасанды зерденің шығармашылық қабілеті жайлы мақаламызды ұсынып отырмыз.
Ақындық суырып салмалығы өз алдына, ертегі мен кино сценарий құрастырып, компьютерлік кодтарды да түзе алады. Ресми және бейресми хаттар мен құттықтаулардан бөлек, сараптамалық мақалалар мен көлемді баяндамаларды да көзді ашып жұмғанша әзірлеп береді екен. Тіпті, ауырып тұрған адам симптомдарын толық әрі дұрыс жазса, қандай ем шара қолдану керегін де айтады. Адвокаттық кеңес беріп, тиісті органдарға шағым жазуға да көмек береді. Бұр орайда, мамандардың сөзінше, чат заң мен медицинаға қатысты емтихандарды оңай еңсерген. Қазіргі таңда бұл бағдарлама ағылшын тілінен бөлек 94 тілде ақпарат алуға мүмкіндік береді. Оның ішінде қазақ тілі де бар. Алайда қазақшаға келгенде ұзақтау ойланып, шала жауап береді. Ең қызығы, бұл технологиялар білім беру ордаларына дереу соққы болып тигені айдан анық. Қазақстандағы білім ордалары мен қазақ қоғамы бұл технологияны жетік білмеген соң әлі де болса түсінбей жатқаны байқалады. Ал Италия мемлекеті ел аймағында ChatGPT қолдануға уақытша тыйым салды. Нью-Йорк білім басқармасы болса, мектептерде бұл сайт ашылмайтындай етіп бұғаттап тастады. Өйткені аяқ асты жарыққа шыққан технология болғанымен, қолданыс аясы жағынан қаулаған өрттей тез тараған бұл технологияның қызығын студенттер мен оқушылар барынша қолданып қалып жатыр.